24 тамыз күні ауа райы қандай болады
Елдің кей өңірінде күн ысып, кей өңірлерде нөсер жаңбыр жауады
«Қазгидромет» РМК мамандары 2026 жылғы 24 тамыз, дүйсенбіге арналған синоптикалық жағдай мен ауа райы құбылыстарының болжамын жариялады. Елдің кей өңірінде күн ысып, кей өңірлерде нөсер жаңбыр жауады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Күндіз республиканың батысындағы үш өңірде аптап ыстық сақталады. Батыс Қазақстан облысында ауа температурасы +35…+38°C-қа дейін көтерілсе, Атырау облысында +34…+39°C болады. Ал Маңғыстау облысында күндіз ауа температурасы +37…+42°C-қа дейін жетеді.
Тек батыс пен оңтүстік-батыс өңірлерде ғана жауын-шашынсыз ауа райы күтіледі.
Атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты елдің басым бөлігінде күн райы құбылмалы болады.
Қазақстанның солтүстік, орталық және шығыс өңірлерінде, сондай-ақ оңтүстік-шығыстың таулы аудандарында қатты жаңбыр жауып, бұршақ түсуі және дауыл соғуы мүмкін. Оңтүстікте жел күшейіп, шаңды дауыл күтіледі. Ал солтүстік, солтүстік-батыс және орталық өңірлерде түнде және таңертең тұман түседі. Сонымен қатар Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Алматы, Жетісу, Ұлытау, Маңғыстау, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында төтенше өрт қаупі сақталады.