$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Ұлтым корей болғанмен, жүрегім – қазақ»: Кореяға қоныс аударған қазақстандық азаматпен сұхбат

Ол өткен жылдың күзінде Оңтүстік Кореяға қоныс аударған

«Ұлтым корей болғанмен, жүрегім – қазақ»: Кореяға қоныс аударған қазақстандық азаматпен сұхбат
Фотоколлаж: Azattyq Ruhy / Әбілқасым Есентаев

Всеволод Хван – Қазақстанда туып өскен. Отандық БАҚ саласында бүгінге дейін тілші болып, бірнеше басылымда қызмет еткен ол, өткен жылдың күзінде атамекені – Оңтүстік Кореяға қоныс аударды. Azattyq Ruhy тілшісіне сұхбат берген әріптесіміз аяқ асты мамандығын ауыстырып, өзге елге кету себебін, ол жақтағы табыс көзі мен өмір сүру сапасы туралы әңгімелеп берді.

КҮНІНЕ 8 НЕМЕСЕ 12 САҒАТ ЖҰМЫС ІСТЕУГЕ БОЛАДЫ

Ол Кореяға отбасылық жағдайына байланысты кеткенін айта отырып, ол жақтағы жаңа жұмысы жайлы қозғап өтті.

«Мен Оңтүстік Кореяға 2022 жылдың күзінде көшіп келдім. Әзірге уақытша келдім, қалғаны уақыттың еншісінде. Болашағым қалай болатынын дәл айта алмаймын. Ұлтым корей болып, атамекеніме қоныс аударсам да жүрегім – қазақ. Кіндік қаным Қазақстанда тамған болған соң туған елімді сағынып жүрмін. Ал Кореяға отбасылық жағдайыма байланысты көштім. Туыстарым бірнеше жылдан бері Оңтүстік Кореяда тұрады.

Қазір Чунчхон-Пукто провинциясының Чхунджу қаласындағы УG1 компаниясының зауытында жұмыс істеймін. Бұл – Сеулден шамамен 2,5 сағаттық жерде орналасқан қала. Зауыт бұрғылауға арналған аппараттар өндіруде әлемдік көшбасшылардың бірі болып саналады. Әзірге сынақ мерзімінен өтіп жүрмін. Менің міндетіме бұрғыларды қайрайтын машиналарды бақылау кіреді. Дайын бұрғыларды түсіріп, бөлшектердің мөлшерін қадағалап, ауысымның соңында орындалған жұмыс туралы есеп жазу керек. Күндізгі және түнгі ауысымдар бар. Әдетте бір апта күндізгі ауысымда, бір апта түнгі ауысымда жұмыс істеймін. Кесте 8 сағат (таңғы 8-ден кешкі 5-ке дейін) немесе 12 сағаттан (таңғы 8-ден кешкі 8-ге дейін, түнгі ауысым кешкі 8-ден таңғы 5-ке дейін немесе 8-ге дейін) тұрады», - дейді Всеволод Хван.

Сөз арасында Оңтүстік Корея елінің азаматтығын алу мәселесі жайлы да қозғап өтті.

«Оңтүстік Кореяда азаматтық алу оңай емес. Мұнда кемінде 5 жыл тұруың керек. Одан кейін корей тілінен сынақ тапсырасың. Міне осы талаптарды орындасаң ғана азаматтық алуға болады», - дейді ол өз сөзінде.

Всеволод журналистика бағытында жұмыс істеуге асықпайтынын жеткізді. Айтуынша, әзірге тіл үйреніп, жаңа ортаға ыңғайлануда. Ол Кореядағы БАҚ жұмысына тоқталды.

«Мен әзірге мұнда корей тілін үйреніп жатырмын. Кәріс тіліндегі сөздік қорым тұрмыстық деңгейге және жұмыс шеңберіне ғана жетеді. Әрине өзімді кореялық БАҚ-та сынап көру қызықты болар еді, бірақ бұл үшін тілді жоғары деңгейде меңгеру керек, оны үйрену үшін бірнеше жыл қажет болады.

Мұнда ойын-сауыққа арналған БАҚ, теледидар өте қатты дамыған. Ал салмақты дүниелерді, сараптамалық журналистиканы негізінен аға буынды адамдар оқиды. Бұл жақта журналистикаға қатысты қандай да бір цензураны байқамадым, билікті еркін түрде сынауға болады. Аталған мәселелерді әзірге толық зерттеген жоқпын. Тілді толық меңгергеннен кейін уақыт өте журналистикаға қайта оралуым әбден мүмкін», - дейді ол. 

АЙЫНА 1,5 МЛН ТЕҢГЕГЕ ДЕЙІН ТАБЫС ТАБУҒА БОЛАДЫ

Бүгінде елімізден Кореяға жұмысқа кететін жандардың қатары күннен күнге көбейіп келеді. Себебі Кореяда аз уақыт ішінде жоғары табыс табуға мүмкіндік көп. Всеволод Хван Оңтүстік Кореядағы жұмыс күші мен ондағы өмір сүру сапасы жайында айтты.

«Оңтүстік Кореяда өмір сүру деңгейі жоғары және қазақстандық стандарттар бойынша жоғары жалақы бар. Заңсыз жолмен жұмысқа орналассаңыз да жақсы ақша табуға және өмір сүруге болады. Сондықтан көптеген қазақстандықтар осында келеді. Олар мұнда кем дегенде 1 млн-нан 1.5 млн теңгеге дейін ақша таба алады. Бірақ заңсыз жұмыс істеудің де зияны жетерлік. Әдетте заңсыз иммигранттар ауыр, қара жұмыстарға жиі тап болады. Сондықтан заңды түрде жұмыс істеудің пайдасы көбірек. Сырттан келген жандар бірнеше уақыт жұмыс істеп, үй, көлік және басқа да қажеттілігі үшін қаражат жинап кетеді.

Оңтүстік Кореядағы орташа жалақы айына шамамен 3 400 долларды құрайды. Бұл елге әдетте заңсыз жұмыс істеуге келгендер ең қиын деген жұмыстарды істейді. Құрылыста қарапайым жұмыскерден бастап, тасымалдаушы, тазалаушы, буып-түю сияқты жұмыстармен айналысады. Десе де, мұндай жұмыс үшін сәйкесінше жақсы ақша төленеді, бірақ ақшаның да соңына түсіп кетуге болмайды, зияны аз емес. Осындай ауыр жұмыстардың салдарынан адам денсаулығына үлкен зиян келуі мүмкін», - дейді Всеволод.

ЗАҢСЫЗ ЖҰМЫС ІСТЕУДІҢ ЗИЯНЫ

Сөзін жалғай отырып, Оңтүстік Кореяға жұмыс істеп, ақша табу мақсатында сырттан келетіндерге жұмысқа тұру барысында өз ақыл-кеңесін ұсынды.

«Егер заңсыз жұмыс істейтін болсаңыз, сізде медициналық сақтандыру болмайды. Ал Кореяда ақылы медицина өте қымбат тұрады. Егер сіз жұмыс визасымен келген болсаңыз, онда зауытқа жұмысқа тұра аласыз және ресми жалақы аласыз, медициналық сақтандыруыңыз да болады. Тегін қаралып, емделуге болады. Ақшасына қызығып, денсаулықты екінші орынға қоюға болмайды.

Оңтүстік Кореяға жұмысшылар қажет болғандықтан, олар кейбір елдерге, ең алдымен оңтүстік-шығыс Азияға (Шри-Ланка, Филиппин, Индонезия, Непал, Вьетнам) жұмыс визалары мен квоталар береді. Бұл визаны алу үшін осы елдердің азаматтары корей тілін білу деңгейіне емтихан тапсыруы керек. ТМД елдерінен Оңтүстік Корея жұмыс визасын тек Өзбекстан азаматтарына береді. Мен сияқты этникалық корейлер де жұмыс визасын ала алады.

Егер Қазақстан Оңтүстік Кореямен азаматтарымызға жұмыс визаларын беру туралы уағдаласса, бұл Оңтүстік Кореяға табыс табу үшін кеткен қазақстандықтардың өмірін жеңілдетер еді», - дейді отандасымыз.

Оның айтуынша, Кореяның өзіне тән басқа мемелекеттерге ұқсамайтын менталитеті бар. Олар тоқтаусыз, өте көп жұмыс істейді. Ол жақта еңбек мәдениеті қалыптасқан. Мұның қарапайым адамдардың өмір сүру сапасына оң әсерімен қатар кері әсері де тиетіні сөзсіз, дейді Всеволод Хван.

Ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында сырттан келіп жұмыс істейтін отандастарына және басқа да ұлт өкілдеріне арнап қажетті ақпараттар мен кеңестер салып отырады.

Серіктес жаңалықтары