$ 518.31  567.96  6.03
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Қылмыспен тапқан ақша ешқашан бақыт әкелмейді»: жазасын өтеп жатқан алаяқтың әңгімесі

Қазақстанда IT және банк мамандары арасында қылмыс саны артып келеді

«Қылмыспен тапқан ақша ешқашан бақыт әкелмейді»: жазасын өтеп жатқан алаяқтың әңгімесі

Соңғы жылдары алаяқтық қылмыстың түрлері заманауи салада жиі көрініс табады. Жұртты алдап немесе жеке мәліметтерін пайдалану арқылы айласын іске асыратындар қатарында IT мамандары және банк қызметкерлері жиі кездеседі. Azattyq Rýhy тілшісі бүгінде Нұр-Сұлтан қаласы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты елордадағы ЕЦ-166/1 мекемесінің тергеу изоляторында бірі жазасын өтеп, ал екіншісі әзірге соттың шешімін күтіп отырған азаматтармен сұхбаттасып қайтты.

Жалған жарнама арқылы тұтынушының қалтасын қағу бүгінгі қоғамда жиі кездесетін құбылысқа айналып кетті. Елордалық 28 жастағы Айдар (авт. есімі өзгертілген) бала күнінен компьютерлік техникаларға құмар болған. Алғашқыда ұсақ-түйек техникаларды интернет арқылы сату бойынша жарнама жұмыстарын жасаумен айналысқан. Кейінірек аталған алаңда тұтынушылар саны көп екенін көрген ол жалған жарнама жасап, ақша табуды көздеген.

«Техникалардың ішінде әсіресе «Airpods» құлаққабына сұраныс көп болды. Сондай-ақ, телефонның да жарналамары жақсы қаралатын. Сатып алушылар 50 мыңнан бастап 500 мыңға дейінгі сомада ақша аударатын. Мен тауарлардың бағасын әдейі арзан қылып қоятынмын. Тауар «шетелден келеді» деп алдайтынмын. Сол үшін клиентке ақшаны алдын ала толық көлемде аудартқызатынмын.  Ал шындап келгенде ешқандай тауар болған жоқ, тек жалған жарнама болды», - дейді Айдар.

Бұл қылмыстың өзіндік жүйесі бар. Клиент сатушыға күмән келтіріп, сұрақтың астына алса да алаяқ тығырықтан шығудың амалын табады екен.

«Алғашқыда клиенттің неге көңілі толмай тұрғанын анықтадым. Қажетті ақпараттарды жинадым. Өзімді сол клиенттің орнына қойып, мен «тауарды қандай жағдайда сатып алар едім?» деген сұраққа жауап іздедім. Осылайша анализ жасадым. Содан соң қателіктеріммен жұмыс істедім. Сұраныс артқан сайын маған әрбір клиентке жауап беру қиынға соқты. Сол үшін мен ботты іске қостым. Ал бот кәдімгі тірі адам сияқты барлық сұраққа тиісті жауаптарды беріп отырды. Әрине адамдарда күмәннің болуы орынды. Бірақ соған қарамастан ақша аударылып жатты», - дейді ол.

Айдар әлеуметтік желілер мен хабарландыру сайттарындағы жалған жарнамадан түскен табысын одан сайын арттыру мақсатында интернет дүкеннің жеке сайтын құрастырған.

«Алғашқы алданған адам Өскемен қаласынан болды. Сайт ол кезде тесттік режимде іске қосылған болатын. Ал ол клиент менің сайтыма ойда-жоқта кіріп, жалған жарнамаға сеніп қалды. Тіпті алдын-ала төлемді жасауға асығыстық танытып, нәтижесінде маған 45 мың теңге аударып жіберді. Сондай-ақ, 2020 жылдың 3 наурызы есімде жақсы сақталып қалды. Мен сайтта тауарларға жеңілдік жариялаған едім. Әдемі видео безендіру, «2+1» деген сынды дүниелерді жасадым. Сол күні маған 20 млн теңге аударылды. Міне сол соманы шешіп алатын кезде бірқатар қиындық туындап, нәтижесінде құқық қорғау қызметкерлері ізіме түсе бастады. Ақшаны бірнеше шотқа аудару керек болды. Мұндай тәсілді барлық алаяқ қолданады. Бірақ ақшаның қайда аударылғанын құқық қорғау қызметкерлеріне табу қиын емес», - дейді алаяқ.

«Полиция бөлімшесіне өзім бардым»

Айдардың шотына күніне түрлі сомадағы қаражат түсіп отырған. Қылмыскер жеңіл ақшаның жаратылуы тез екенін айтады.

«Күніне 100-150 мың теңге түскен кезде ондай соманы жарату қиын емес. Тамақтануға, қыдыруға жұмсайтынмын», - деді жазасын өтеуші.

Айдар алаяқтық ісін 2019 жылдың желтоқсан айында бастаған. Ал наурызда ашқан жалған интернет дүкенінің сайтын шілде айында жауып, барлық боттарды өшірген.

«Шағымдар саны көбейе түскен кезде іздестіру жұмыстары басталған. Уақыт өткен сайын кез келген алаяқтың ерте ме, кеш пе ұсталатынына көзім жетті. Шетелге қашып кету туралы ой болды. Бірақ ол жақта да мені тауып алатыны анық болды. Ол туралы интернет беттерінен оқыдым. 2020 жылдың 15 қыркүйегінде маған полиция департаментінен қоңырау шалды. Полиция қызметкері өзін таныстырып, артынша «не үшін хабарласып тұрғанымды білесің бе? Біз барайық па, әлде өзің келесің бе?» деді. Мен полиция бөлімшесіне өзім бардым», - дейді Айдар.

Жазасын өтеуші жалған жарнамадан түскен жеңіл ақшаның жалпы құнын тергеу кезінде білгенін айтады.

«Тергеу жұмыстары жүргізілген кезде мен базадағы барлық деректерді жинап, төлемдерді есептедім. Барлығы 98 млн 500 мың теңге шықты. Жапа шеккен азаматтар сот барысында қатаң жаза тағайындауды сұрады. Осы жылдың 28 қаңтарында сот үкімі шығып, мен 4 жыл 8 айға бас бостандығымнан айырылдым», - дейді жазасын өтеуші.

Бүгінде Айдар өз ісіне өкінетіндігін айтады. Өйткені артынан ерген жалғыз қарындасы ағасының ісіне намыстанатын көрінеді.

«Жасаған ісіме өкінемін, анам маған ренжіді. Өйткені туған қарындасым менің қайда екенімді жұртқа білдірмеу үшін, өтірік айтуына тура келеді. Менің бостандықта жүріп жүрген қызым болды. Қылмыстың беті ашылған кезде ол маған: «жауапкершілікті сезінесің бе?» дегені есімде. Мен де ол сөздің астарын жақсы түсінемін. Қазіргі уақытта анам арқылы байланысып тұрамыз. Ол менің анаммен сөйлесіп тұрады», - дейді Айдар.

Алаяқ банк қызметкері қазақстандықтардың атанынан несие рәсімдеген

Қарағандылық Андрей 12 жыл бойы банк қызметкері болған. «Банкі ісі» және «құқықтану» мамандықтары бойынша екі жоғары білімі бар. Алматыдағы КИМЭП және Ресейдегі Сверлов мемлекеттік университетінде оқыған. Елорадада жұмыс істеп жүрген жылдары алаяқтық әрекетімен қазақстандықтардың атынан несие рәсімдеп,  нәтижесінде 2018 жылы полицияның құрығына түскен.

«Ол кезде менде еліміздегі екінші деңгейлі 3 банк арқылы кез келген Қазақстан азаматының есепшотына ашық қолжетімділік болды. Яғни азаматтың жеке куәлігінің көшірмесі арқылы алдымен мен оның атынан шот ашатынмын. Одан кейін банктің ақпараттық жүйесін жақсы білгендіктен, жүйені алдау арқылы азаматтың жеке қатысуынсыз және рұқсатынсыз оның атына онлайн кредит рәсімдейтінмін. Қазір талаптар күшейтілген. Ал ол кезде несие онлайн түрде рәсімделетін болғандықтан қарыз алушының банк немесе микроқарожылық ұйымның бөлімшесіне келуі міндетті емес еді. Міне, сондықтан да соны пайдаланып, мен алаяқтық жасадым. Өйткені ол мен үшін жеңіл әрі қолжетімді іс болды», - дейді Андрей.

Сауда үйлеріндегі банк менеджерлері жеке куәлік көшірмесін 1 000 теңгеден сатқан

Бір қызығы, алаяқ азаматтардың жеке куәліктерінің көшірмесін тұрмыстық техника сататын сауда үйлеріндегі банк менеджерлерінен тұрақты түрде сатып алып жүрген. Сондай-ақ, қылмыстың құрбаны ретінде 25 пен 40 жас аралығындағы несие тарихы жақсы азаматтар таңдалған екен.

«Құжаттың көшірмесін 1 000 теңгеге сатып алатынмын. Қарап тұрсақ, егер де олар маған сол құжаттың көшірмесін сатпағанда мен мұндай қылмысты жасауыма мүмкіндік болмайтын еді. Мен азаматтардың  ай сайынғы жалақыларының қанша теңге екенін көре алмайтынмын, бірақ қандай сомада несие алғандары маған көрініп тұратын. Көбіне 200-400 мың аралығында несие алатынмын. Ал ең көп дегені 1 млн 400 мың теңгені құрады», - дейді сотталушы.  

Андрей банкте жұмыс істеп жүрген кездері ақшадан еш таршылық көрмегенін айтады. 2018 жылдың өзінде оның ай сайынғы жалақысы 400 мың теңгені құраған екен. Оны мұндай қылмыстық қадамға ешкім итермелемеген.

«Алып жүрген жалақымнан әлдеқайда көбірек табыс тапқым келді. Мен бай болмасам да, қарным тоқ, көйлегім көк болды. Отбасымызда тіпті кредитімізде де болған емес. Ақшадан таршылық көрдім деп айта алмаймын. Тек одан да әдемі өмір сүргім келді. Ол қаражаттар қалай келді, солай тез жоқ болып жатты. Көбіне демалыстарға жұмсадым. Түркия еліне, Алматыдағы Шымбұлаққа, Қырғызстанға, Германияға, Тайландқа бардым. Ол ақшаны мен өз еңбек теріммен таппағандықтан оны жарату қиынға соққан жоқ», - дейді алаяқ.

Алайда қылмыскердің айласы 4 жылдан кейін өз мәресіне жетті. Құқық қорғау қызметкерлері оның ізіне түсіп, ақыры ұстаған.

«2018 жылдың 1 маусымында Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаменті мені тапты. Дәл сол оқиғадан бірер күн бұрын өз еркіммен жұмыс орнымды босаттым. Өйткені «полицияның мені іздеп жүргені» туралы хабар келді. Степногорскідегі банкоманттардың бірінен ақшаны шешіп жатқан кезімде сергектің камерасына түсіп қалған екенмін. Осылайша Степногорскідегі полиция бөлімшесінің мамандары фоторобот жасап, мені іздеуге берген. Сонда тұратын танысым маған сол хабарландыруды жіберген еді. Міне сол кезде уақытымның келгенін білдім», - дейді ол.

Қаржы ұйымдарындағы қауіпсіздік қызметінің мамандарына сауаттылық жетіспейді

Әдетте алаяқтар жеңіл ақшаны қалталарына басқаннан кейін шетелге қашып кетуді көздейді. Бірақ біздің кейіпкерімізде ондай ой мүлдем болмаған екен. 

«Жоқ, шетелге қашып кету туралы ойым болған жоқ. Шетелде менің көптеген туыстарым тұрады. Қанша дегенмен өз еліңді сүю керек. Қай жерде тудың, сен сол жерге ғана керексің. Мен өз кінәмді мойындаймын, жасаған әрекетіме өкінемін. Шамам келгенше келтіріліген залалды өтеп жатырмын. Оған өз отбасым көмектесіп жатыр. Олар менен теріс айналған жоқ. Әйеліммен отау құрғаныма 22 жыл болды. 4 балам бар. Бірақ олар ештеңе білген жоқ. Меніңше қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қаласында интернет алаяқтық азайды. Өйткені полицияға мықты мамандар келді», - дейді Андрей.

Бұрынғы банк қызметкері қаржы мекемелерінің қауіпсіздік жұмыстары осал болғандықтан мұндай қылмыстарға әдетте оңай жол берілетіндігін айтады. 

«Негізі банктердің және микроқаржы ұйымдарының қауіпсіздік қызметтері жақсы жұмыс істесе мұндай қылмыстарға жол берілмейді. Қаржы ұйымдарындағы қауіпсіздік қызметінің мамандарына сауаттылық жетіспейді. Қазірдің өзінде пандемия көрсеткендей алаяқтықтың түрлері соңғы кездері көбейіп келеді. Ал азаматтарға айтарым, қандай да бір тауар немесе қаржылай несие алатын кезде жеке куәлігінің көшірмесіне мөрдің қойылғанын және банк қызметкерінің қолы қойылғанына көз жеткізуі тиіс. Сондай-ақ, банк қызметкері екінші көшірме жасап алмас үшін жеке куәлік әрдайым клиенттің көз алдында болуы керек», - дейді сотталушы.

Алдағы уақытта Андрейге 3 жылдан 7 жылға дейінгі бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін. Бүгінде ол өз ісіне өкінетінін айтып, бостандыққа мерзімінен ерте шығуы үшін келтірілген залалды толығымен өтеуге ниетті.

Тергеу изоляторындағы шаруашылық жұмыстың жалақысы 53 мың теңгені құрайды

Әдетте ҚАЖД Тергеу изоляторында жазасын өтеушілер үшін бірқатар шаруашылық жұмыстар қарастырылған. Тәрбие бөлімінің мамандары сотталғандармен түрлі жұмыстар атқарып, тиісті шараларды орындайды.

«Сотталғандар арасында шаруашылық қызметті атқаратын 45 азамат бар, олардың 9-ы алаяқтық іспен айналысқандар. Олармен де тәрбиелік бағытта жұмыстар атқарылады. Оның ішінде ҚР заңнамалық нормаларын, ішкі тәртіп ережелерін және өздерінің құқықтарын түсіндіреміз», - дейді Тәрбие бөлімінің бастығы, әділет майор Жандос Айтмұхашұлы.

Сонымен қатар, сот үкіміне сәйкес алаяқ азаматтар жапа шеккендерге келтірілген залал сомасын өтеуі тиіс.  Бұл ретте мекемеде оның тиімді тетігі қарастырған.

«Олар мекеменің шаруашылық жұмыстарын орындайды. Әйелдердің және ер азаматтардың міндеттері өзара бөлінген. Жұмыс тағы 9.00-ден кешкі 18.00-ге дейін. Сағат 12.30-дан 14.00-ге дейін түскі үзіліс уақыты. Оларға ай сайын 53 мың теңге көлемінде жалақы төленеді. Біз оларға жәбірленушіге келтірген залалды осы жалақымен өтеуге кеңес береміз. Себебі бұл оның мерзімінен бұрын шығуына ықпал етеді», - дейді  Жандос Айтмұхашұлы.

Серіктес жаңалықтары