«Тергеуші әділ болуы шарт, оның шешіміне адам тағдыры тәуелді» – петропавлдық полицей Махаббат Әбжанова
Ол полициядағы анықтаушы мамандарының жұмысы туралы айтып берді

Жыл басынан бері Петропавл қаласы Полиция басқармасының анықтау бөлімінде 3 мыңға жуық қылмыстық іс тергеліп жатыр. Бұл саладағы қызмет ең күрделі жұмыстардың бірі. Ол жоғары теориялық дайындықты, жан-жақтылықты талап етеді. Ал, аталған бөлімге басшылық ету екі есе жауапкершілік жүктейді. Себебі тергеушілердің атқарған жұмысы мен қабылдаған шешіміне адам тағдыры тәуелді. Петропавл қалалық полициясы анықтама бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Махаббат Абжанова Azattyq Rýhy тілшісіне саланың қиын да қызықты жұмысы туралы айтып берді.
Анықтау қызметінің басқа бөлімшелерден басты айырмашылығы – анықтаушылардың жұмысы өте көп. Ауыр емес және орташа ауырлықтағы қылмыстық істерді, теріс қылықтар, ұрлық, сондай-ақ жол-көлік оқиғаларын тергеу – барлық мән-жай мен егжей-тегжейлі анықтаумен айналысатын мамандар – анықтаушылар. Олардың кәсіби деңгейіне, барлық жағдайды мұқият және объективті түрде анықтауына адам тағдыры тікелей байланысты.
2021 жылдың мамырынан бастап қалалық полиция басқармасына қарасты анықтама бөлімін полиция подполковнигі Махаббат Абжанова басқарады. Ол жетекшілік ететін бөлімде 18 анықтаушы бар. Полиция подполковнигі Абжанова басшы ғана емес, кішкентай үш баланың анасы. Махаббат Шоқатқызы ішкі істер органдарындағы қызметін 2000-шы жылдардың басында, аудан орталығы Ғ.Мүсірепов ауданына қарасты Новоишимское ауылында бастады. Ол Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ішкі істер органдарында қызмет еткен өзінен үлкен тәлімгерлерін ерекше сипаттайды.
«Ішкі істер органдарына 2003 жылы қабылдандым, ол кезде 22 жастамын. «Заңтану» мамандығы бойынша азаматтық институтты тәмамдадым. Өз үйіме оралдым, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның тумасымын. Новоишимскоеның полиция бөліміне анықтаушы болып орналастым. Қыз бала болғандықтан, басында бәрі, әрине қиын болды. Қызметке келуге шешімді өзім қабылдадым, мені ешкім мәжбүрлеген жоқ, өз қалауым болды. 9-сыныптан өзімді заң факультетіне дайындадым және арманым тергеуші болу еді. Полицияда жұмыстың жақсы бір қағидасы бар, жас қызметкерлерге тәлімгерлерді бекітеді. Менің де тәлімгерім болды, көп нәрсені үйрендім. Ол бәрін шыдамдылықпен, байыппен түсіндіретін. Оқу орнында алған теориялық білімімді тәжірибеде дұрыс қолдана білуге баулыды», - деп еске алады Махаббат Абжанова.
Махаббат Әбжанова тек аудандық бөліністерде ғана емес, облыстық полицияның аппаратында қызмет атқарған жылдарында алған білімін шыңдап, анықтау және тергеу бөліністерінде түрлі лауазымдарда тәжірибе жинақтаған. 2017 жылдан солтүстікқазақстандық полицияның ең ірі бөлінісі – Петропавл қаласының Полиция басқармасында қызмет атқарып келеді. Биыл мамырдың 27-нен анықтау бөлімі бастығының орынбасары лауазымынан босатылып, осы бөлімнің бастығы лауазымына тағайындалды.
«Ұжым – еңбексүйгіштігімен ерекшеленеді. Білікті анықтаушылар бірталай істі тергеді. Ең бастысы, олар өз ісін сүйетін мамандар. Адам өз жұмысын жақсы көргенде ғана осындай жақсы нәтижеге қол жеткізеді. Әріптестерімізден болашақта да жақсы көрсеткішке жететініне сенімдіміз», - деп қалалық анықтаушылардың жұмысына баға берді қызмет жетекшісі СҚО ПД бастығының орынбасары полиция полковнигі Еңбек Сембин.
Білікті маман әріптестерінің арасында сыйлы. Өйткені ол кәсіби шеберлігімен ғана емес, жеке қасиеттерімен де өзгелердің көңілінен шыға біледі.
«Махаббат Шоқатқызы Абжанованың жеке қасиеттерін атап өткім келеді: ол тәртіпті, ҚР заңнамаларын, Қылмыстық, Қылмыстық-процестік кодекстерді жақсы білетін, білімін практикада қолдана алатын адам. Өз білімі мен тәжірибесін жас қызметкерлермен бөліседі, шын мәнінде анықтау, тергеудің жауапты да айрықша қызметінде қажетті білім мен дағды көмегін тигізеді. Ізденімпаз. Үнемі кәсіби шеберлігін дамыту үстінде жүреді. Әр іске байыппен қарап, соңына дейін жеткізеді», - дейді Петропавл қалалық Полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция майоры Әлнұр Ахмедияров.
Үлкен ұжымда Махаббат Абжанова басшы болғанымен, отбасында үш баланың анасы, Әлихан есімді ұл мен екі қыз – Аида мен Адельді тәрбиелеп отыр. Айта кететін болсақ, кіші қызы Адель небәрі бір жарым жаста. «Қалалық бөлімдегі» күрделі жұмыс пен балалардың тәрбиесін қатар алып жүру, әрине оңай емес, дегенмен Махаббат Шоқатқызының айтуынша, бәрін де істеуге болады, бастысы күш-қуатыңды ұтымды қолдана білу.
«Біздің қызмет аса мұқият, әділ болуды талап етеді. Себебі жұмысымыз адам тағдырымен байланысты. Әрбір тұлғаға қатысты әділ шешім қабылдануы тиіс. Кәсіби тұрғыда өз жұмысыңды, ісіңді сүйе білсең, мүмкін емес нәрсе жоқ. Бәрін де істеуге болады, егер шын ниетің болса... Отбасымды да, жұмысымды да жақсы көремін. Сондықтан екі тізгінді тең ұстаймын», - деді Махаббат Шоқатқызы.