Әлемдік білім олимпиадасынан жүлдемен оралған ақтөбелік оқушы жетістігінің сырымен бөлісті
Ол «оқушы – ата-ана – мұғалім» үшбұрышы үйлесімде болғанда алынбайтын асу жоқ дейді

Ақтөбе облыстық дарынды жасөспірімдерге арналған «Білім-инновация» лицей-интернатының 11- сынып оқушысы Ернар Батыржанов 2021 жылы Халықаралық олимпиадада биология пәнінен қола жүлдені иеленді. Айтулы білім додасы пандемияға байланысты онлайн форматта өткен болатын.
Azattyq Rýhy тілшісі Ернардың өзімен және ата-анасымен сұхбаттасып, оның білім-ғылым саласындағы жетістіктері, халықаралық олимпиададағы қиындықтар мен болашаққа жасаған жоспары жайында сұрап білді.
ОЛИМПИАДАҒА ДАЙЫНДЫҚ ЖӘНЕ ПАНДЕМИЯ
Мен әу баста олимпиадаға қатысамын деп өзім бастама көтерген жоқпын. Біздің мектеп үшін бұл қалыпты жағдай. Біз өзіміз қалаған үш пәнді таңдаймыз, сосын лицейдегі ұстаздарымыз емтихан арқылы оқушылардың IQ деңгейі, логикалық қабілетін тексеріп, қай пәннен қатысуға болатынын анықтайды. Маған биология пәнінен қабілетім жоғары екенін айтқанда біраз көңіл-күйім түсті (күліп). Алғашқыда математикаға алынған қатарластарыма қызығушылықпен қарап, сол пәнге ауысқым келген. Кейін бізден жоғары сыныпта биологиядан Халықаралық олимпиада жүлдегері биологияның бүкіл тіршіліктің көзі екенін, атом, молекула, клеткалардың өзара байланысы жайлы, бұл әлемнің де өз қызығы мен қиындықтары болатынын айтқанда ғана шешім қабылдадым. Ата-анама да бәрін түсіндіріп, дайындықты үзбедім.
Сегізінші cыныпта республикалық олимпиадаға қатысып, күміс жүлде жеңіп алдым. Бұл 8-ші сынып оқушысы үшін өте үлкен жетістік еді. Ал, 9-сыныпта ата-анам мен ұстаздарым маған үлкен үміт артып, алтын күтті. Себебі қатарластарымның алды едім. Бірақ сол кезең коронавирус, пандемияға тура келіп, республикалық олимпиада кейінге шегерілді. Онлайн оқуға кеттік. Мен үйде «сәуір немесе мамыр айында онлайн түрде болсын республикалық олимпиада болады және мен бәрін басып озамын» деп жүрдім. Тіпті 9-сыныптың аяғында дайындығымды күшейтіп, тәулігіне 7-8 cағатымды олимпиадаға дайындыққа бөлдім. Содан бір сәтте республикалық олимпиада болмайды деген хабар келді. Республикалық олимпиада болмаса, әлемдік сайыс та болмайды деген сөз. Сол сәтте үш жыл уақытымды босқа жұмсадым ба деген ой келді. Белгілі бір бағытымнан адасып қалғандай біртүрлі күйде болып, тек үйде жаттым. Дайындық тәртібіне үйреніп кеткенім соншалық, құдды біреу жұмысымды, бар өмірімді тартып алғандай болды. Содан мамыр, маусым, шілде айлары дайындықты тоқтаттым. Осылай жүргенде шілде айының соңы республикалық олимпиада өтетіні және сонда әлемдік олимпиадағы іріктеу болатыны айтылды. Жаңалықты ести сала, бірден өткен сабақтарымды қайталап, еске түсіре бастадым. Сол сайыста республикалық олимпиададан күміс иелендім. Мен үшін бұл көңіл толарлық нәтиже емес еді. Себебі бәрі менен алтын медаль күтті.
ҚОЛА АЛҒАНДАҒЫ ҚУАНЫШ
10-сыныпта тағы пандемия болып, жоғары сыныптар онлайн оқыды. Содан мен бірнеше сыныптасыммен мектеп директорына келіп, «жатақханада жатып, онлайн сабаққа қатысайықшы» деген өтініш айттық. Ол кісі мұның карантин талаптарына сай келмейтінін айтты. Бірақ біз барлық талапты қатаң сақтап, әлемдік олимпиадаға өтуге уәде бердік. Мұндай өтініштен соң директор біздің жатақханада дайындалуымызға мүмкіндік берді. Осылайша қаңтардан наурызға дейін жатақханада олимпиадаға дайындалдық. Еңбегім 10-сыныпта нәтижесін беріп, республикалық олимпиададан алтын иелендім. Кейін Қазақстан іріктеуінен өтіп, биологиядан әлемдік олимпиадаға қатысып, қола жүлде жеңіп алдым.
Әлемдік олимпиадаға 75 елден шамамен 300-дей үздік оқушы қатысады. Мұнда жыл сайын кемі 4 алтыннан алатын Қытай, Оңтүстік Корея сынды елдер бар. Бұл мен үшін оңайға соқпады. Себебі сабақтан кейін демалғың келеді, күні бойы бір орында отырып, кейіннен бөлмеге келіп тағы сабақ оқисың. 7-8 cыныпта онша қызық емес – өсімдік, жануарлар мен жәндіктер туралы оқисың. Соған қарамастан тәулігіне кемі 2-3 cағат олимпиадаға дайындыққа жұмсадым. Бұл жолда маған үздіксіз қолдау көрсетіп, менімен бірге дайындықты үзбеген ұстазым Жандос Сансызбаев ағайға алғысым шексіз!
Биыл халықаралық Олимпиада онлайн өткеннен кейін жеңімпаздарды да онлайн жариялады. Марапатқа дейін кімнің қанша пайыз алған нәтижесін берген еді. Қазақстаннан төрт оқушы қатыстық. Мен 74% алдым. Қасымдағы 70% алған қатысушының бірі Құрмет қағазын алғанда мен де осы тізімде болармын деп ойлағанмын. Ол тізімнен өтіп, Қола жүлдегерлердің атын атап жатыр, атап жатыр бітпейді. Ең соңына келіп қалғанда менен 2% төмен ұпай жинаған Бақдаулеттің аты аталғанда, іштей күміс алған болармын деген үміт пайда болды. Бірақ ең соңғы слайдта менің суретім шықты. Бастапқыда «неге күміс емес?» деген біртүріл сезім болды, кейіннен мен Әлемдік олимпиададан қола медаль алғанымды сезіне бастадым. Алғаш болып ата-анама, кейіннен ұстаздарыма хабарластым.
БАЛАҢ ЖАҚСЫ БОЛСА...
Ернар Олимпиаға қатысып жатқанда бәріміз нәтижесін күттік. Ұлым маған қоңырау шалғанда не болады екен деп тағатсызданып тұрдым. Тұтқаның ар жағынан: «Әке, мен үшінші орын алдым, қола медаль» дегенді естігенде қуанышымда шек болмады. Сүйінші хабарды ести сала бірден ата-анама, жақындарыма хабарластым. Әлеуметтік желілердегі парақшаларымда бәрін жаза бастадым. Мен бұл жеңістің көлемін түсініп тұрдым, жаным қуанды. Менің ұлым жәй ғана олимпиададан емес, әлемдік олимпиададан жеңіспен оралды. Ол кездегі сезімімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын.
Ернардың анасы: Баламның қола алғанын естігенде, қуаныштан, эмоциядан көз жасымды тоқтата алмадым. Жетінші сыныпта бұл жолдан кеткісі келген балам өз дегеніне жетті. Мұндай бақытты сәттерді әр анаға тек бастан өткеріп көру керек. Бұл дегеніңіз сондай бақыт! Дәл бүгін болғандай есімде бәрі. Ұлым «Анашым, сіз әкем екеуіңіз менен де қатты қуанып жатырсыздар ғой» дейді. Мен балама «Ата-ана үшін баласының жеңісінен асқан бақыт жоқ, бізге бұдан артық не керек» дедім. Біз ұлымыздың сонау әлемдік олимпиададан үшінші орынды жеңіп алғанын өте қуаныштымыз!
ҮШБҰРЫШ ФОРМУЛАСЫ
Біз ұлымызды мектеп-интернатқа беріп, оның материалдық қажеттіліктерін ғана қанағаттандырып қойған емеспіз. 10 жасқа дейін бала деп еркелетсек, одан кейін Ернармен дос ретінде араласып, тең дәрежеде сөйлестік. Алты жастан бастап ағылшын тілі курсына бердік. Бала жақсы оқуы, жоғары нәтижеге жетуі үшін ата-ана тарапынан материалдық ресурс, рухани қолдау болуы тиіс. Сондай-ақ, балаға жақсы орта қажет. Алғаш лицей-интернатқа бергенде қалай болар екен деп уайымдадық. Бірақ уақыт өте келе баламыздың өзіндік өмірге бейімделгенін, жақсы ортаға түскенін көрдік. Бала, ата-ана, мектеп ұстаздары үшбұрыш сияқты болу керек. Осы үшбұрыш өзара тығыз байланыста болғанда, баланың тұлғалық проблемалары да аз болады. Мамандық таңдаудың өзінде де балаға қысым жасап, оның таңдау еркіндігіне араласпаған абзал. Ернармен біз мамандық таңдауға қатысты жеке отырып сөйлестік. Ұлым: «Әке, мен ұстаз болып, лицейдегі ағайларым сияқты шәкірт тәрбиелегім келеді» деген кезде мен шын жүрегіммен қуандым. Бір ұстаз 20 шәкіртке даңғыл жол салып берсе, олардың әрқайсысы жиырма оқушыдан тәрбиелемей ме?! Ол жиырма тағы бір жиырма шәкірттің зейінін ашса, қандай керемет?! Біз мектеп директорына барып өз таңдауымызды айтқанда, ол кісінің қуанышын көрсеңіз ғой! Себебі көп олимпиада жеңімпаздары IT саласы, халықаралық қатынастар, экономика сынды престиждік мамандықтарға барады екен. Біз баламыз қандай таңдау жасаса да, оны қолдауға дайынбыз. Ең бастысы атаның ұлы емес, адамның ұлы болғанын қалаймыз.
Айта кететіні, Қазақстан оқушылары тәуелсіздік алғаннан 30 жылдан бері әлемдік білім бәйгелерінен 404 медаль иеленген.