Астанада ер адам әйелін өлтіріп, артынша өзіне қол салған: қайғылы оқиғаның мән-жайы айтылды (ВИДЕО)
Оқиға елордадағы тұрғын үй кешендерінің бірінің тоғызыншы қабатында болған
Астанадағы тұрғын үй кешендерінің бірінде отбасылық жанжалдан кейін ерлі-зайыпты көз жұмды. Көршілерінің айтуынша, қайғылы оқиға алдында әйел адам бірнеше рет подъезге жүгіріп шығып, көмек сұраған. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі «Жетінші арнаға» сілтеме жасап хабарлайды.
Осыған дейін елордадағы тұрғын үй кешендерінің бірінің тоғызыншы қабатында қайғылы жағдай болғаны хабарланған. Оқиға салдарынан 55 жастағы ер адам мен оның 53 жастағы әйелі қаза тапқан. Полицияның мәліметінше, ерлі-зайыптының арасында жанжал туындаған. Салдарынан ер адам әйеліне пышақ сұғып өлтіріп, кейін өзіне қол салған. Екеуі де жедел жәрдем келгенге дейін көз жұмған. Оқиға олардың кәмелетке толмаған баласының көз алдында болған.
«Сағат 22:30 шамасында айқай-шуды естідік. Үш минуттай айғай естіліп, кейін басылды. Менің білуімше, ол екі рет подъезге жүгіріп шықты. Мүмкін, қашып кеткісі келген шығар, білмеймін. Кейін жедел жәрдем мен полиция келді. Артынша осы жағдай болғанын естідік», – дейді көршісі.
Тұрғындардың айтуынша, қайғылы оқиға болған түні әйел айғайлап, көмек сұраған. Артынша ер адамның «Мен не істеп қойдым?» деген айғайы естілген. Осыдан кейін үйде тыныштық орнаған.
«Бұл үйде бұған дейін де жанжалдар болатын. Былтыр жиі еститінбіз. МИБ өкілімен бірге олардың үйіне барып, ескерту жасадық. «Ересек адамдарсыздар ғой, қойыңыздар» дедік. Кейін оның ішімдік ішетінін білдік. Сол кезде үй иесі полиция шақырып, оны екі күнге қамаған. Шамасы, ол қайтып келгеннен кейін тағы да жанжал шығарған», – дейді көршісі Бақжамал Кешірбаева.
Полицияның мәліметінше, қазір тергеу жүріп жатыр. Тергеу барысында отбасылық жанжалдың себептері мен мән-жайы анықталады.
«Ерлі-зайыптының арасында жанжал болғаны анықталды. Оның барысында ер адам әйеліне пышақ жарақатын салған, кейін өзіне қол салған. Алған жарақаттарының салдарынан екеуі де оқиға орнында қаза тапты», – деді Астана қаласы Полиция департаменті ақпараттық саясат бөлімінің бастығы Эльмира Шауленова.
Айта кетейік, ерлі-зайыптының артында бес баласы қалды. Олардың төртеуі кәмелетке толған. Ал кенже ұлы – 14 жаста және қайғылы оқиға болған түні ол да пәтерде болған. Қазір баламен психологтар жұмыс істеп жатыр. Жасөспірім қазіргі уақытта өзінен үлкен аға-әпкелерінің жанында.