Қызылорда облысында бойжеткен туған әкесін сотқа берді: істің анық-қанығы анықталды
Ол әкесінен алимент алу үшін сотқа жүгінген
Байқоңыр қаласының тұрғыны әкесінен 21 жасқа толғанға дейін алимент төлеуді талап етіп, сотқа жүгінген. Іс барысында тараптар өзара келісімге кел, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі Қызылорда облыстық сотына сілтеме жасап.
«Талап қоюшы өз арызында қазіргі уақытта күндізгі бөлімде білім алып жатқанын және осыған байланысты материалдық көмекке мұқтаж екенін көрсеткен. Әкесімен арада алимент төлеу туралы келісім болмағандықтан, 21 жасқа толғанға дейін ай сайын 25 АЕК мөлшерінде алимент (2026 жылы – 108 125 теңге) өндіріп беруді сұраған», – делінген сот хабарламасында.
Сот отырысы барысында тараптарға дауды татуластыру рәсімдері арқылы шешу мүмкіндігі түсіндірілген. Осыдан кейін олар дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеуге келіскен.
«Келісімнің талаптарына сәйкес, қызы 21 жасқа толғанға дейін әкесі келісімде белгіленген мөлшерде ай сайын алимент төлеп тұруға міндеттенді. Сот ұйғарымымен дауды реттеу туралы келісім бекітіліп, іс бойынша іс жүргізу тоқтатылды», – деп хабарлады сот.