Көбіне жалғызілікті қарттар көмекке мұқтаж – волонтер
Айтуынша қария кісілер үшін үй шаруасымен айналысу қиынға түседі
Соңғы жылдары Қазақстанда волонтерлік қызмет айтарлықтай дамып келеді. Еріктілер қозғалысы түрлі бағыттарға бөліне бастады. Олар көмекке мұқтаж адамдарға ғана емес, жануарларға да жанашырлық танытады. Өзінің шаруасын ысырып қойып, өзгерлекке көмек беруге асығатын жастардың бірі – қызылжарлық Орхан Сейдуллахан. Ол екі жылдан бері Петропавл қалалық жастар ресурстық орталығындағы инструкторлық қызметпен қатар еріктілікпен айналысып жүр. Azattyq Rýhy тілшісімен болған арнайы сұхбатта волонтер өздерінен жәрдем сұраушылардың басым бөлігі жалғызілікті қарттар екенін жеткізді. Айтуынша қария кісілер үшін үй шаруасымен айналысу қиынға түседі.
– Орхан, алдымен жастар ресурстық орталығының жұмысы туралы айтып берсеңіз?
– Біз жастарға жан-жақты қолдау көрсетеміз. Әсіресе кәсіби бағыт-бағдар беріп, мемлекеттік бағдарламалар жайында жан-жақты түсінік береміз. Әрбір жас елімізде өздеріне жасалып жатқан жағдай туралы біліп, мемлекет қолдауын барынша пайдалануы тиіс. Кәсіпкерлік саласында өз жұмысын бастағысы келген жастарға да көмек көрсетеміз. Бизнес жобаларды іске асырып, табысты жұмыс істеп кетуіне барынша қолдау көрсетіледі. Еріктілік қызметті дамытуға көп көңіл бөлеміз. Ресурстық орталықта жастар тегін психологиялық, заңгерік кеңес ала алады. Штатта арнайы мамандар бар. Бізде тіпті жас буынның отбасылық өмірге дайындалып, жан-жақты ақпарат алуына жағдай жасалған. Студенттер арасында түрлі іс-шаралар ұйымдастырамыз. Яғни еліміздің ертеңгі тізгінін ұстар бүгінгі жастардың жан-жақты тұлға болып қалыптасуына күш саламыз.
– Орталықтың басты бағыттарының бірі еріктілер қозғалысын дамыту екенін атап өттіңіз. Волонтерлар қандай жұмыс атқарады?
– Біздің негізгі мақсатымыз – көмекке мұқтаж қарт адамдар, мүмкіндігі шектеулі жандарға қол ұшын беру. Мұндай адамдарға әсіресе қар тазалау, су тасу сынды күнделікті өмірде атқарылатын, бірақ белгілі бір күш жұмсауды қажет ететін жұмыстарды атқару қиынға түседі. Меніңше көмектің үлкен-кішісі жоқ. Біреуге болмашы болынып көрінетін мәселе екінші адам үшін өте маңызды болуы мүмкін. Үнемі көмек көрсетілетін қарт адамдардың тізімі бар. Қыста олардың ауласын қардан тазартсақ, жазда арам шөбін жұламыз. Отынын жарып, үйіп береміз. Біз сөзбан айтқанда қолдан келгенше көмектесеміз. Мерекелік іс-шараларды ұйымдастыруға көмектесеміз. Арасында азық-түлік дүкені, дәріхана сынды нысандарға өз күшімен жете алмайтындар бар. Олар бізге телефон арқылы өтініш тастайды. Біз ол кісілердің ешқайсысын назардан тыс қалдырмай, орындаймыз. Ниетіміз – аз да болса көңілдерін аулап, қуаныш сыйлау. Қарт адамдар соған да қуанып қалады. Рахмет айтып, кейда дастарханын жайып, шай беріп шығарып салатындар да бар. Өкініштісі, бүгінгі қоғамда жалғызбасты қариялар көп. Көпшілігі өзге ұлт өкілдері. Қазбалап сұрамаймын. Көбі балалары барын, бірақ басқа қалада тұратынын айтып, оларды ақтамақ болады. Сондай адамдарға жаным ащиды. Балаларының бұл әрекеті мен үшін мүлде түсініксіз. Ата-анасын жалғыз тастап кететіндерді түсіне алмай келемін. Халқымыздың қарияны қаңғыртпайтын, жетімін жылатпайтын ұлт екеніне қуанамын. Тек уақыт ете келе бұл қағиданың кей адамдар үшін мәнін жоғалта бастағаны өкінішті.
– Волонтер болуға ниет ететін жастар көп пе?
– Волонтерлікпен айналысатын жастар саны жыл сайын артып келеді. Бұл әрине қуантарлық жайт. Бірақ сонымен бірге көмекке мұқтаж адамдар саны да көбейіп келетіндей. Қоғамдық қызмет бөлек, жануарларға көмектесетін қызмет бөлек. Елімізде волонтерлік қызмет түрлі бағытта дамып келеді. Жоғалған адамдарды іздейтін еріктілер де бар. Өзім «Харекет» қайырымдылық қорының Солтүстік Қазақстандағы өкілімін. Көпшілік ұйым қызметі жайында жақсы біледі. Біз халықтан ақша жиап, мұқтаж адамдарға үй алып береміз. Осы қызметке кіріскелі 1 жыл болды. 3 отбасының өз баспанасына ие болуына атсалыстым. Сол үшін қуанышым шексіз. Алда талай жоспар тұр. Талай жанға көмектесеріміз анық.
– Қайырымдылықпен айналысу барысында есіңізде қалған ең әсерлі оқиға және оның кейіпкері?
– Қорға түрлі отбасылар хабарласып, баспаналы болуға көмектесуді сұрайды. Біз олардың өтінішін қабылдап, құжаттарын тексереміз. Басында үй бола тұра, өтірік көмек сұрайтындар да бар. Өкінішке қарай бүгінгі қоғамда алаяқтар жетерлік. Шын мұқтаждарға тиесілі мүлікті олар иемденіп кетпеуі үшін барлығы жан-жақты тексеріледі. ХҚО-ға барып адамның атында жылжымайтын мүліктің бар-жоғын жекелей түрде тексереміз. Нотариалдық кеңселер арқылы түрлі анықтама құжаттар аламыз. Біздің талаптарға сай келетін адам ғана қор тарапынан берілетін баспанаға ие бола алады. Солтүстік өңірде басқа облыстармен салыстырлғанда бала туу көрсеткіші төмен. Кейде 7-8 балалы отбасыларды өзіміздің де іздеуімізге тура келеді. Былтыр наурыз айында жалғызбасты анаға Петропавлдың Жұмысшы кентінен баспана берілді. 4 баласы бар. Уәлиханов ауданының орталығы Кішкенекөл ауылына шалғайдағы елді мекендердің бірінен екі баласы бар әйелді көшірдік. Өзі және кішкентайы мүгедек. Дәрігерге жиі қаралатындықтан аудан орталығына көшіруді ұйғардық. Бәрімен әлі күнге хабарласып тұрамыз. Қазір жағдайлары жақсы.
– Еріктілік қызметке аптасына қанша уақыт жұмсайсыз? Бұл жолды таңдауыңызға не себеп болды?
– Мақсатым – елге, жерге қызмет ету. Қайырылымдық жасау үшін бай болу міндетті емес. Шамаң келгенше өзгелерге көмек қолыңды созсаң жетіп жатыр. Өзіміз әр адамның қоңырауына жауап беріп, көмекке барамыз. Шама келгенше ешкімнің бетін қайтармауға тырысамыз. Әсіресе адамның жас кезінде оған уақыты да, бойындағы күш-қуаты да жетеді. Тек бізге берілген ресурсты дұрыс пайдалану керек. Қатарластарым осыны ескерсе екен деймін. Еріктілердің қатары көп болғаны бізге де жақсы. Күн сайын қаншама адаммен кездесіп, танысамыз. Әрқайсысынан өмірлік сабақ аламыз. Біреудің қателігін көріп, оны өзің қайталамауға, жат қылықтардан бойыңды аулақ ұстауға күш саласың. Қаншама адамның ақ батасын аласың.
– Сұхбаттасқаныңызға рақмет!