«Башпайдың» иесі бес күнге қамалды: Өскемен тұрғындары тегін аяқ киім үшін бір-бірін таптап кеткен (ВИДЕО)

Дүкен әкімшілігі әкімдіктен рұқсат алмай, ауқымды акция өткізген

«Башпайдың» иесі бес күнге қамалды: Өскемен тұрғындары тегін аяқ киім үшін бір-бірін таптап кеткен (ВИДЕО)
Фото: скриншот

Биыл 11 сәуір күні Өскемен қаласында «Башпай» атауы бар дүкен жаңа локациясының ашылуына орай акция ұйымдастырып, оның арты жанталасқа ұласқан, деп жазады Azattyq Rýhy.

Дүкеннің әлеуметтік желідегі парақшасы жаңа дүкен ашылған кезде алғашқы келген 100 адамға тегін аяқ киім, ал күні бойы дүкеннен аяқ киім сатып алған кісілерге тегін палау, олардың балаларына тегін тәтті мақта береміз деп уәде еткен. Өскемен тұрғындары дүкеннің ашылу салтанатында осы тегін сыйлықтар үшін бір-бірін таптап жіберген. Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде кеңінен таралып, іс сотқа жеткен.

«Өскемен қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабы 1-бөлігі бойынша азамат Т.-ға қатысты істі қарады. Сотта анықталғандай, 2026 жылы 11 сәуір күні азамат Т. жергілікті әкімдіктен рұқсат алмай, Өскемен қаласы Қазақстан көшесі, 159/1 мекенжайында орналасқан «Башпай» дүкенін ашу үшін жаппай халықты жинаған. Жәрмеңке кезінде жеңілдікпен тауар сатылып, тегін тамақ таратылған. Осы әрекеттердің салдарынан халық жаппай жиналып, шу орнап, арты тәртіпсіздікке әкелген», - деп жазады соттың баспасөз қызметі.

Осыларды ескере келе сот дүкен иесін 5 күнге қамауға алды.