«Әкесі оны бір сағат іздеген еді»: ШҚО-да сақшылар көшеден жалаңаяқ сәби тауып алған (ВИДЕО)
Сәбиді әкесі бір сағат іздеген
Тарбағатай ауданы Ақжар ауылында 2 жасар бала суық далада жалаңаяқ жүрген жерінен табылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оны учаскелік полиция инспекторлары есігі ашық қалған көше әжетханасының жанынан байқап қалған. Баланың үстінде жеңіл жейде, бұтында жөргек болған, өзі жалаңаяқ жүрген.
Тәртіп сақшылары баланы бірден көлікке отырғызып, жылытып, ата-анасын іздеуге кіріскен. Олар мессенджерлер арқылы хабарлама таратып, маңайдағы үйлерді түгел аралап шыққан.
Бір сағат ішінде ұлын іздеп жүрген баланың әкесі де табылды. Бүлдіршін үйдегілер байқамай қалған сәтте есіктен шығып кеткен екен. Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті ата-аналардан балаларға абай болып, оларды қараусыз қалдырмауға шақырды.
Бұған дейін, Ақсуат ауданында 3 жастағы бала үйден шығып кетіп, айдаладан табылған. Оны атты полицей қызметкері құтқарған еді.