Астана 60 рет қатты жылдамдықпен көлік жүргізген адам изоляторға қамалды

Ол көшеде сағатына 133 шақырым жылдамдықпен жүйткіген

Астана 60 рет қатты жылдамдықпен көлік жүргізген адам изоляторға қамалды
Фото: iStockphoto/eugenesergeev

Астанада жаяу жүргіншілер жолағын қатты жылдамдықпен кесіп өткен көлік жүргізушісі 15 күнге қамалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Әкімшілік сотта «Porsche» көлігін тізгіндеген азаматтың ісі қаралды. Оған «ұсақ бұзақылық» жасады деген айып тағылды.

Ол 2 сәуірде күндіз Әл-Фараби көшесімен сағатына 133 шақырым жылдамдықпен жүйткіген. Жүргізуші мұнымен тоқтамай, жаяу жүргіншілер өткелін бағдаршамның сары түсіне қарамастан кесіп өткен.

Сот оның әрекетін қоғамдық тәртіпті сыйламай, өзгелердің өміріне қауіп төндіру (агрессивті жүргізу) деп бағалады. Сот залында жүргізуші кінәсін мойындап, қатты асыққанын айтты. Ол жылдамдықты шамадан тыс асырғанын білген, бірақ «жол бос болғандықтан ешкімге зияным тимейді деп ойладым» деп ақталды.

Істі қарау барысында жүргізушінің жыл басынан бері жылдамдықты асырғаны үшін 59 реттен астам әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны анықталды.

Жүргізуші 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

Қаулы әлі заңды күшіне енген жоқ.