$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Аттың құлағында ойнайды»: жиырмадан енді асқан қазақ қызы Қытай циркінде өнер көрсетіп жүр

Жылқы үстінде күрделі трюк жасайтын қыздың өнері әлеуметтік желіде танымал болған

«Аттың құлағында ойнайды»: жиырмадан енді асқан қазақ қызы Қытай циркінде өнер көрсетіп жүр

Ғылым, мәдениет пен өнер және спорт салаларында аты әлемге танылып жүрген қазақ жастарының қатары көп. Бұрын әлемдік ареналарда қаракөздеріміздің есімі сирек аталатын. Қазір тіпті, посткеңестік аумақта «қазақстандық феномен» деген тіркес пайда болып, жиі қолданыла бастады.

Осындай талантты қазақ жастарының бірі – Әсемай Чайбекова. Ол екі жылдан бері Қытай циркінде жұмыс істеп келеді. Аттың құлағында ойнайтын бойжеткен бұрын тек жергілікті жұрт арасында танымал болса, қазір оны TikTok әлеуметтік желісінің арқасында әлемнің ондаған елінде таниды.

Әсемайдың жасы 21-де. Алматы облысының тумасы. Ол Қытайдағы өзі жұмыс істейтін цирк туралы толық ақпарат бере алмайтынын айтты. Дегенмен, цирк өнеріне қалай келгенін, ұжымы қалай қарсы алғанын баяндап берді.

«Алматы облысы Талғар ауданына қарасты Белбұлақ ауылында дүниеге келдім. 9-сыныптан кейін ҚазХҚжӘТУ жанындағы Халықаралық сервис және менеджмент колледжінің қаржыгер мамандығына оқуға түстім. Жалпы, жылқы жануарына деген қызығушылық кішкентай кезімнен пайда болды. Атам жылқыға барса мені өзімен бірге ертіп жүретін. Бала кездегі махаббатым қазір нағыз кәсібіме айналды. 17-18 жастан бастап, ат спортына толықтай ден қойдым. Алғашында ата-анам қыздарға керегі жоқ дүние екенін айтып қарсы болды. Анам оның орнына аспаз немесе қаржыгер бол деді. Анамның айтқанын орындап, қаржыгер мамандығын оқығаныммен, өзімнің сүйікті ісіме қайта келдім. Қазір ата-анам бұл таңдауыма қарсы шықпайды.

Қытайдағы цирктердің бірінде жұмыс істеймін. Бұл жұмысқа келуіме де аттарға деген ерекше махаббатым септігін тигізді. Маған өте қызық болды. Өзіме келіп тұрған ерекше мүмкіндікті құр жібермейін деп, Қытайға аттандым», - дейді шабандоз қыз.

Ол ат үстінде түрлі трюктар орындайды. Әріптестері мен жеке жаттықтырушысының арқасында аттың құлағында ойнауға әбден машықтанған.

«Жанымдағы әріптестерім өте қарапайым, ақкөңіл адамдар. Тіл табысу барысында ешқандай қиындық болған жоқ. Жаңа жұмысым жақсы қарсы алды. Қытай тілін әлі де болса меңгеру үстіндемін. Толық үйренген жоқпын. Себебі, өзіңіз білесіз қытай тілі өте күрделі. Әріптестерім қолынан келгенше көмек беріп, білмегенімнің барлығын үйретті. Қазір циркте аттармен бірге түрлі трюктар жасаймын. Ат үстінде тек қыздарға арналған трюктарды орындаймын. Біз жасайтын трюктар тартымды, нәзік көрінгенімен үлкен күшті қажет етеді. Сондықтан жылқымен тығыз байланыспен қоса, тепе-теңдік, тұрақты жаттығуларды жасап тұру қажет», - дейді ол.

Жылқыны қойылымға қалай дайындайды?

Көбі жылқыны бағындыру үшін күш емес мінез керектігін айтады. Әсемай жылқыға әміріңді орындату кезінде күштің де, мінездің де аса қажет емес екенін айтты. Бастысы жануардың тілін таба білу керек.

«Жылқымен жұмыс барысында ұстанатын қағидалар өте көп. Қаншалықты қызық болса, соншалықты күрделі әрі қауіпті процесс. Аттың көңілін таппасаң, ашуланып тұрса, жылқы теуіп жіберуі немесе құлап, қауіпті жарақат алуыңыз әбден мүмкін. Күнделікті жұмысым жылқының күтімімен басталады. Жұмысқа келген сәтте аттарды жуындыру, құмға аунату, тамақтандыру, қойылымға дайындауды бастаймын. Жылқыларды бір мезгіл құмға аунатамыз. Терінің саулығы үшін құмға аунап тұру керек. Бұл өзіндік күтім. Құмға аунау арқылы аттар терден, үстіндегі кір және ұсақ жәндіктерден құтылады. Керек емес қылы түсіп, арқасының қышуы қанады. Циркте қарапайым жылқылармен қатар пони және асыл тұқымды ақылды аттар бар. Бәріне күтім бірдей жасалады.

Жылқыны басқа жануарларға қарағандай күш көрсету, ұрып-соғу арқылы үйрету мүлде дұрыс емес. Жылқы жануары толық сенімділікті, жылылықты сезінгенде ғана айтқаныңды орындайды. Оған аса қатты мінез керек емес деп ойлаймын. Олар өте ақылды, бәрін түсініп тұрады», - дейді цирк артисі.

Жылқы жануары туралы қызықты ақпаратпен бөлісетін отандасымыздың Tik-Tok желісінде 85 мыңдай оқырманы бар. Аудиториясының басым бөлігін жасөспірімдер құрайды.

«Tik-Tok желісін қолға алғаныма көп уақыт болмады. Басында әр түрлі ойлар келіп, жылқыға қатысты жазба жариялауды, контент жүргізуді қолға алдым. Аттар менің негізгі жұмысым болғандықтан, сол формат өзіме қатты қызық болды. Алғашқы кездері парақшамды орыс тілінде жүргіздім. Кейін көп нәрсені орыс тілінде дұрыс жеткізе алмағандықтан және орыс тілді аудитория аса қатты қызықпағандықтан қазақша түсіре бастадым. Қазақтілді оқырман мені бірден қолдады. Қазір 85 мың оқырманым бар. Күн өткен сайын маған жазылатындардың қатары көбейіп келеді. Жылдың аяғына дейін 100 мың оқырман болатынына сенімдімін.

Қазір Tik-Tok желісін негізінен жасөспірімдер қарайды. Аталған қосымшада жақсы дүниелермен қатар пайдасыз контент те өте көп. Саралау адамның өзіне байланысты. Маған атқа қалай отыруға болады деген хаттар көп келеді. Соның бәрін көрсетіп, қарапайым тілмен түсіндіремін. Оларға атпен шабудың пайдасы мен қағидаларын айтып, қызықты, тың ақпаратпен бөлісіп отырамын. Мұндағы басты мақсатым – желіні қарап отыратын кішкентай балалар, жасөспірімдер жылқыға жақын болса екен, ат спортын дамытса екен деймін», - деп ойымен бөлісті Әсемай.

Ол атқа мінудің пайдасына жеке тоқталып, қатарластарын жиі атқа мінуге шақырды.

«Атқа отыру, атпен шабу біздің генімізде бар, өмірі атқа жоламаған бір қазақты жылқыға отырғызып көріңіз, делебесі қозып, шауып кетеді. Көшпенділердің ұрпағымыз, атқа міну бізге түк емес. Атқа міну жүйке жүйесімен қатар, барлық ағзаға септігін тигізеді. Бұлшық ет қатайып, шымыр боласыз. Оның үстіне, көңіл-күйді көтеріп, артық уайымнан арылтады. Сол себепті баршаға атқа мінуге кеңес беремін.

Елден жырақта жүргендіктен ата-анамды, бауырларым, достарымды сағынамын. Әлеуметтік желі арқылы күніге хабарласып, сағынышымды басып отырамын. Қытайда қанша уақыт болатыным әзірге белгісіз. Алдағы уақытта парақшамды одан әрі дамыта беремін. Атқа міну қазақтың бұрыннан келе жатқан салт-дәстүрі іспеттес. Соны жоғалтып алмау үшін ат спортын трендке айналдыру керек», - дейді Әсемай Чайбекова.

Отандасымыз өзі жұмыс істейтін циркте басқа да қазақтардың бар екенін айтты. Бастысы көңілден шығатын тұрақты табыс, артистерге қажетті жағдай жасалған.

Айта кетейік, бұған дейін бір үйір жылқыны жалғыз өзі бағып, көпшілікке ауылдың өмірін көрсету арқылы Tik-Tok желісінде танымал болған Асыл Ахметова туралы жазған болатынбыз. Оның бұрымына, ұлттық нақыштағы киіміне, аттың құлағында ойнайтын өнеріне қызығатын ресейліктердің де қатары көп. Қазақ қызының түсірген бейне жазбалары желіде миллиондаған қаралым жинайды.

Серіктес жаңалықтары