«Мемлекет біз ойлағаннан да қырағы жұмыс істейді»: елордада жарылыс жасамақ болған жігіттің хикаясы
Ол түрмеден жазасын өтеп шығып, қазір астанада жұмыс істеп жүр
Діни эстремизм мен терроризм адамзат үшін үлкен қауіп. Кезінде елордада жарылыс ұйымдастырмақ болған Айтуар (есімі өзгертілген – авт.) Azattyq Rýhy тілшісіне мұндай әрекетке баруға кім итермелегенін және жарылыс жасауға қаржыны қайдан тапқаны туралы айтып берді.
- Айтуар, намазды қай кезден оқисыз? Дінге деген қызығушылық неден басталды? Сол туралы айтып берсеңіз.
- Намаз бастағаныма жиырма жылдың жүзі болды. Шыны керек, тәрбиеміз де, тіліміз де орысша шатыс еді. Діннен де, дәстүрден де хабарым болды деп айта алмаймын. Университетке түскеннен соң өзімнен екі жас үлкен жігітпен жолдас болып, араласып кеттік. Ол намазхан еді. Мені де намазға тартып, ислам әлемімен таныстыра бастады. Досымның арқасында 5 уақыт намаз оқып, дінге келдім. Бәріңіз білесіздер 2000 жылдары елде діни мамандар аз еді. Діни сұрақтарым болса достарымнан сұрайтынмын. Ол қандай уағыз тыңдаса, мен де соны тыңдадым.
«ӨЗІМ ОРЫСТІЛДІ БОЛҒАНДЫҚТАН МЕШІТКЕ БАРЫП ДӘРІС АЛА АЛМАДЫМ...»
- Қай елдің уағызшыларын тыңдайтын едіңіз?
- Көбіне араб елдерінен шыққан уағызшыларды тыңдайтынбыз. Өзім орыстілді болған соң, қазақша уағыздарды аса қарамайтынмын. Білесіздер, мешіттерде көбінесе уағыздар қазақ тілінде жүреді. Бұл мешітке барып, білім ала алмауыма себеп болды. Сонымен қатар, Құран араб тілінде түскен, Ислам менің түсінігімде арабтармен тығыз байланысты және тура жолда жүрген нағыз мұсылмандар арабтар сияқты көрінетін, сол үшін де арабтілді адамдарды тыңдауға әуес болдым. Басты қателігім де сол екен.
- Ол дәрістерде не айтылатын еді?
- Жастық максимализм бар, дінге деген құлшыныс жоғары болып тұрған кез. Олардың айтқандарының бәрін «заң» ретінде қабылдайтынмын. Басты назарды «кәпірлермен» соғысу керек, олардың көзін жою керек дегенге келтіретін. Ол уақытта «кәпір» дегеннің кім екенін де терең түсінбейміз. Бірақ, Алланың разылығы үшін «шәһид» болсақ, сол бізге бақыт, келесі өмірде жұмақтың төрінен орын береді деген жалаң сеніммен жүрдік. Уағыздардың көпшілігі эмоцияға қатты әсер ететін.
«НАМАЗ ОҚЫМАЙТЫН АДАМДАР ҚОҒАМДЫ ҚҰРТАДЫ ДЕП ТҮСІНДІРДІ...»
- Сонда «кәпірлермен соғысу» дегенді қалай түсіндірді?
- Исламның парыздарын орындамайтын, намаз оқымайтын адамдар қоғамды құртады, олардың тірі жүргендері мұсылманға үлкен күнә дейтін. Сол себепті, олардың отыратын жерлерін жарып, көзін жоюды бізге мақсат ету керегін жиі айтатын. Біз де бір топ жігіт болып, елордада орналасқан мемлекеттік ғимаратта жарылыс жасауға бел байлап, «кәпірлерді» өлтіреміз деген шешімге келдік.
- Жарылысқа қажетті жабдықтарды қайдан алдыңыздар?
- Біз ондай жабдықтарды қолдын жасадық. Ал, кейбір қолдан жасай алмайтын қаруларды сатып алдық.
- Оған қаржыны қайдан алдыңыздар?
- Жарылыс жасауға қаражатты тобымыздың лидері табатын. Қайдан алғанын сұрасақ мардымды жауап бермейтін. Бірақ, көмектесетін «демеушілер» болды.
«МЕМЛЕКЕТ БІЗ ОЙЛАҒАННАН ДА ҚЫРАҒЫ ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ...»
- Жарылыс жасай алмауларыңызға не кедергі болды?
- Құқық қорғау органдарының қолына түстік. Жасыратыны жоқ, кейін білуімізше құзырлы органдардың назарына ілігіп, қауіпті адамдардың қатарында болған екенбіз. Мемлекет біз ойлағаннан да қырағы жұмыс істейтін болып шықты.
- Бұл оқиға немен аяқталды?
- ҚР қылмыстық кодексінің, терроризмге дайындық бабы бойынша 8 жылға темір торға жабылдым. 8 жыл аз уақыт емес. Өте көп ойландым, діни сауатсыз болғаныма қынжылдым. Жіберген қателіктерімнен сабақ алуға тырыстым. Басымнан өткен жағдайды Алланың маған жіберген сынағы деп қабылдадым.
- Қазір немен айналысасыз?
- Түрмеден шыққан соң елордалық Діндерді зерттеу орталығында реабилитациядан өттім. Діни дәрістерге қатысып, психологпен жұмыс істедік. Темір тордан кейін қоғамға бейімделу керек болды. 8 жыл ішінде қоғамнан алшақтап қалғанымды өзім де сездім. Қазақта мынандай жақсы сөз бар: «Адасқанның айыбы жоқ, қайта үйірін тапқан соң» деген. Қазір бәрі жақсы. Оңалту шараларын толық бітіргеннен кейін, азаматтарды жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа тұрып, өмірім реттеліп келе жатыр.