Қорғаныс министрі 500 сағат тәжірибесі бар әскери ұшқыш әйелді қабылдады
Қазір әскери қызметші Су-30СМ жаңа буынды жойғыш ұшағын басқарады
Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев майдан авиациясының ұшқышы - аға лейтенант Ардана Ботайды қабылдады.
Ведомство басшысы Қазақстанда әскери-ұшқыш мамандығына әйелдер даярлау мүмкіндіктері мен келешегі туралы баяндаманы тыңдады.
«Нәзік жандылар әрқашан ерлердің ісі саналатын әскери мамандықты, оның ішінде әскери авиацияны да қарқынды меңгеруде», – деді өзіне сенімді әскери қызметші.
Аға лейтенант Ардана Ботай Қарағанды авиация базасында аға жойғыш-ұшқышы қызметін атқарады. Әуеде шамамен 500 сағатқа жуық ұшу тәжірибесі бар.
Бала күнінен әскери ұшқыш болуды армандаған. Алматы қаласындағы азаматтық авиация академиясының «әуе кемелері мен қозғалтқыштарды ұшуға пайдалану» мамандығы бойынша оқуды бітіргеннен бері ол Қарулы күштердің сапында.
Алғаш рет 2018 жылы сәуір айында Л-39 жауынгерлік ұшағымен әуені шарлаған. TL-2000, Tecnam P-2002 аса жеңіл ұшақтарын, Diamond DA42 екі моторлы ұшағын меңгерген. Қазір әскери қызметші Су-30СМ жаңа буынды жойғыш ұшағын басқарады. Ол әскери ұшқыш жолдасы сияқты командирлік мансапты армандайды.
Қорғаныс министрі әскери қызметші әйелдердің түрлі мамандықтар бойынша даярлығы мен олардың Қарулы күштердің дамуына қосқан үлесінің маңызын атап өтті.