Палестина-Израиль қатынасы, тіл, дін, дәстүр жайында 22 жасында он шақты тілді меңгерген жас полиглотпен сұхбат

Тіл игерудегі қиындықтар мен оңтайлы тәсілдер туралы жас маманның тәжірибесі

фото: Арсен Шадидің жеке архивінен

Қазақстанда туылған сәбилердің 98 пайызы билингуал, яғни, ана тілімен қатар орыс тілін де еркін меңгеру қабілетіне ие. Қазақтың білімді жастары бұған қосымша ағылшын, түрік, араб, тіпті, жапон тілдерінде де сөйлеп жүр.

Azattyq Rýhy тілшісі небәрі 22 жасында он шақты тілді меңгерген, Марокко корольдігі, АҚШ және бірнеше араб елінде тәжірибеден өтіп, білім алған Арсен Шәди есімді азаматпен тілдесті.

Арсен Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-де «шығыстанушы, арабтанушы» мамандығын меңгерген. Одан бөлек, Марокко королдігінде Абдель Малик Ас-Саади университетінде «Араб тілі және Марокко мәдениеті» атты 3 айлық курсты үздік тәмамдаған. Сауд Арабиясында, Біріккен Араб Әмірліктерінде, Египетте қосымша практикадан өткен. АҚШ-та жаздық студенттік тәжірибе алмасу бағдарламасының және Дубай әмірлігінде өткен «Arab Youth International Model United Nations» қатысушысы.

ЖАПОН, ИВРИТ, УКРАИН, ТӘЖІК СИЯҚТЫ БІР-БІРІНЕ ҰҚСАМАЙТЫН ТІЛДЕРДІҢ БАСЫН ҚҰРАҒАН НЕ?

«Туған тілі мен туған жерінде кең тараған екінші тілді меңгергендер полиглот болып саналмайды. Яғни, одан бөлек бірнеше тілді меңгерген адам ғана полиглот болып мойындалады. Мен қазақ және орыс тілінен бөлек, араб, ағылшын, парсы және түрік тілдерінде еркін сөйлеймін. Одан кейін, араб тіліне туыстас иврит тілін қосымша үйреніп жүрмін. Қазіргі иврит – 1947 жылы Израиль құрылған соң, пайда болған тіл. Ол көне таурат және араб тілінен алынған сөздерден тұрады. Бала кезден қалған әсер шығар, бәлкім, жапон тілі де мені қатты қызықтырады. Ондағы мақсатым жапонтанушы болу емес, мен үшін тіл игеру процесінің өзі ләззат сыйлайды. Одан бөлек, парсы тіліне туыстас тәжік тілін де меңгеріп жүрмін. Кириллица алфавитімен жазылатын тәжік тіліндегі кітаптарды, ғаламтордағы мақалаларды оқып тұрамын. Тәжік ағайындармен кездесіп қалсам, еркін сөйлей беремін. Украин тілі де ұнайды. Әдебиеттің тілі іспетті, әдемі естіледі. Украин тілінде жаңалықтар тыңдағанды жақсы көремін. Тілдерге қатысты білімім осындай», - дейді Арсен.  

Кейіпкеріміздің тіл үйренуге деген қызығушылығы бала кезден басталыпты. Сол себепті, ол баланы кішкентай кезінен тіл меңгеру курстарына беру керек кеңесін айтты.

«Бірінші сыныптың табалдырығын аттағанда, орыс сыныбына бардым. Одан кейін ағам мен әпкем оқыған қазақша мектепке ауыстырды. Яғни, бастауыштағы мұндай өзгерістің өзі тілдерді меңгеруге қызығушылығымды оятты. Кейін ата-анам ағылшын курсына жіберді. Ағылшын тілін меңгеріп, зерттеп жүргеніме он жылдан асты. Араб тілін 5 жыл бұрын үйрене бастадым. Оған қоса университетте парсы тілін таңдадым. Дәл осы жылы түрік тілін де үйрене бастадым. Мұстафа Кемаль Ататүрік түрік тілін араб сөздерінен тазарту реформасын жасағанымен, әлі күнге дейін оның 80 пайызы араб және парсы сөздерінен алынған деуге болады. Сол себепті, түрік тілі маған қиынға соқпады», - дейді кейіпкеріміз.

«ӘР ТІЛ - МЕНІҢ ДОСЫМ»

Арсен үшін араб тілін меңгеру бәрінен де қиын тиген. Дегенмен, араб, парсы тілдері – мәдениет пен әдебиетке жол ашатынын айтады.

«Полиглоттар «тіл деген дос секілді» дейді. Яғни, бір уақытта досыңмен жақсы араласасың, біраздан соң, араздасып та қаласың. Сөйтіп біраз бөлек жүресің, кейіннен қайттан табысасың. Тілдер де тура осылай. Араб тілін меңгеру үшін күніне 8 сағат уақыт бөлдім, оған бауыр басып кеттім.

Грамматикалық жағынан араб тілінен асқан қиын тіл жоқ, оны маман ретінде анық айта аламын. Мұсылман болғаннан кейін, дінге ашатын кілт ретінде және мәдениеттің тілі ретінде араб тілін үйренуге кеңес беремін», - дейді кейіпкеріміз.  

ИЗРАИЛЬ ҒАЛЫМДАРЫ ҚАЗАҚСТАНДЫ «ТҰРАҚТЫЛЫҚ МЕКЕНІ» ДЕЙДІ

Бірнеше мемлекетте оқып, тәжірибе алмасқан отандасымыздан «әлемде Қазақстанның алатын орны қандай?» деген сауалды қойдық.

«Әлемдік деңгейде Қазақстан үлкен субконтиненттің бір мүшесі болғандықтан, біз әлемдік көштен қала алмаймыз. Ең бір ерекшелік – 2020-21 жж оқиғалар көлеңкесінде Қазақстанның ең тыныш, тұрақты ел екені байқалды. Бұл туралы Израиль ғалымдарының сұхбаттарынан оқыдым. «Басқа елдермен конфликтісі жоқ Қазақстан – тұрақты мемлекет» деп, олар мойындауда. Ибн Халдун деген зерттеушінің «Мұқаддема» атты еңбегінде әрбір мемлекеттің жасы туралы жазылған. Ол жас 150 жылмен есептелетінін айтады. Яғни, адамның жасы сияқты мемлекеттің де жасы бар. Мысалы, Қазақстан 30 жаста, орда бұзар шағында. АҚШ - прогрессивті үлкен держава, себебі, артында 200 жылдан астам тарихы бар. Белгілі бір адамдар байқамайтын заңдылықтар бар, біз оны Құдай деп сенеміз. Кезінде Византия, Рим империясын, Осман, Аббасид, Кордова халифатын, Ресей империясын, Кеңес үкіметін, фашистік Германияны ешкім құлайды деп ойлаған жоқ. Яғни, өзгерістер бірден болуы мүмкін. Қазақстанның болашағы жарқын деп сенемін. 1991 жылдан бастау алған саясаттың жемісін енді көріп жатырмыз. Кез келген конфликт елдің дамуын 50, тіпті, 100 жылға кешеуілдетеді. Тағы да осындай 30 жыл тұрақтылық болса, еліміз дамыған мықты елге айналады», - деп түсіндірді ойын кейіпкеріміз.

ПАЛЕСТИНА-ИЗРАИЛЬ СОҒЫСЫ НЕ СЕБЕПТІ ШЕШІМСІЗ?

Әлем халқын алаңдатқан Палестина-Израиль соғысы туралы кейіпкеріміздің пікірін білдік. Арсен екі мемлекет арасында тұтанған оттың бастауы тереңде жатқанын айтады.

«Ұлыбританияның Сыртқы істер министрі болған Артур Бальфур Палестинаның жеріне еврейлерді қоныстандыру декларациясына қол қойған. Міне, сол 1917 жылдан 1947 жылға дейін еврейлер бүкіл әлемнен Палестинаға жиналды. Жалаң аяқ, жұтаң күйдегі еврейлерді арабтар қарсы алды, жай берді. Өзге ниетпен келген олар сианистік еврейлердің бастауымен 1947 жылы Израильді құрды. Тарихи алғышарттары осындай.

Біз арабтанушы болғандықтан, Палестина мамандарымен тілдестік. 1991 жылы тәуелсіздік алған соң Ясир Арафат («ХАМАС – Палестинаны азат ету қозғалысының» жетекшісі) біздің елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевпен кездескен. Біз мұсылман халқы ретінде Палестинамен жанымыз бір екенін айтқым келеді. Әлемде гуманистік көзқарасты ұстанатын өзге дін өкілдерінің өзі, тіпті, еврейлердің ішіндегі хасидтер бар, яғни, сианизмге қарсы еврейлердің өзі Израиль мемлекетінің жасап жатқан ісі террор деп ашық айтып жатыр. Қақтығыстың бастауы тарихи А нүкте болса, В нүкте қайда екенін ешкім айта алмайды.

Қазір Палестинаның үлесінде тек Иордан өзенінің батыс жағалауы мен Газа секторы қалған. Қалғанын Израиль оккупация жасаған. Палестинаның тәуелсіздігін Қазақстан мойындаған. Бірқатар мемлекеттер ғана мойындамай отырғандықтан, Палестина БҰҰ-ға мүше бола алмай отыр. Яссир Арафат қайтқаннан кейін бұлар келісімге келуге дайын болған. Осы территориямен амал жоқ келісеміз, тәуелсіздікті мойындаңдар деді. Бірақ, белгілі бір мемлекеттердің қызығушылығында ол мәселе болмағаннан кейін, шешілмеді. Негізі, саясат алаңының өзі үлкен театр болған соң, ешнәрсе айта алмаймыз.

Палестина сондай-ақ 22 араб мемлекетімен қатар Араб ұлттар лигасының мүшесі. Египет басшысы Аннуар Садат араб елдерінің ішінде алғашқы болып Израильмен келісімге қол қойды. Бүкіл араб мемлекеттері осы әрекеті үшін Египетті лигадан шығарып тастады, ал Аннуар Садат Нобель сыйлығын алды. Менің айтпағым, Аннуар Садат сияқты басшылар келісімге келер, бірақ араб пен еврей халқының санасында қалған араздықты өшіру оңай болмайды.

Мысалы, біз иврит тілінде материалдарды оқимыз. Алтын күмбезді мешіт тұрған жер бар ғой, сол жерге Дәуіт пайғамбардың храмын орнатамыз, мешітті қиратамыз деп, балаларына ақыл айтып өсіреді. Арабтардың жүрегінде де оларға деген жеккөрініш бар», - деді Арсен.

ҚАЗАҚТЫҢ ТҰРАҚТЫЛЫҒЫ ДІНМЕН ДЕ БАЙЛАНЫСТЫ

Қазақ халқы тұрақтылық формуласын бұзып алмауы үшін не істемек керек?

«Діндар, дінді ұстанбайтын, орыс тілді, қазақ тілді, дәстүрлі, замануи, либерал, консерватор болып бөлініп жатырмыз. Ататүріктің «түрік болған қандай бақыт» деген ұраны артында қалды. Қай ауданнан шықса да, қандай саяси көзқарасы болса да, түрік ұлты дәл осы ұран әсерімен жинала қалады. Яғни, оларды біріктіретін – ұлттық парадигма. Ал, бізге ұлттық парадигма айналасында жиналу қиындау. Себебі, тіліміз әртүрлі болып кетті. Қазақстан азаматы ретінде субъективті пікірім, дін біріктіретін күш бола алады. Себебі, дін экономикалық жағынан да, рухани жағынан да елдің ел болып кетуіне өте қажетті құндылықтарды айтады.

Батыстың демократиясы бізге жүз пайыз сай келмегені сияқты, Алаш ардақтылары айтқан Жапониядан да біз тек элементтерін ғана ала аламыз. Ата заңымыз Францияның конституциясына қарап жазылды. Бірақ жүз пайыз көшіріп алмадық. Себебі, біз Қазақстан – Орта Азия еліміз. Өзіміздің бай тарихымыз бар, басқа елден жүз пайыз көшірме жасайтын түгіміз жоқ ел емеспіз», - дейді ол.

Арсен Шәди қазір Қазақстан Ұлттық спорт ассоциациясы, этноспорт қауымдастығында жұмыс істеп жүр. Садақ ату спортын дамытуға үлес қосып жатыр.

Сұхбаттасқан: Сымбат Ғалымжан

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.