$ 509.51  570.6  6.3
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
25.05.2021, 14:52
Кейіпкер

«Мұғалім мәртебесі тек айлығына қарап өспейді»: 45 жыл мұғалім болған ардагер ұстазбен әңгіме

Ардагер ұстаз 2014 жылға дейін сабақ берген

«Мұғалім мәртебесі тек айлығына қарап өспейді»: 45 жыл мұғалім болған ардагер ұстазбен әңгіме
фотолар: Бейсекүл Тағыбайқызының жеке архивінен

Бүгін Қазақстан мектептерінде бітіруші түлектер үшін соңғы қоңырау соғылды. Осы ретте, Azattyq Rýhy тілшісі шәкірттерінен толассыз құттықтау қабылдап жатқан - 45 жыл мектепте ұстаздық еткен Бейсекүл Тағыбайқызымен сұхбаттасты.

Еңбек жолын 1968 жылы бастаған ұстаз қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен 2014 жылға дейін сабақ берген. Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Көктал орта мектебінде құрметті ұстаздың суреті ілініп тұр. Себебі, ардагер ұстазды құрмет тұтатын, әлі күнге дейін алғыс айтатындар көп.  

«Мұғалім - керемет мамандық. Қоғамның басқа саладағы мамандарының бәрі ұстаздың алдынан өтеді, солай емес пе? Оның ішінде әдебиеттің орны, тіпті, бөлек дер едім. Себебі, адам үшін ең маңыздысы – рухани тәрбие. Мәселен, математика, физика, химия сияқты нақты пәндер формуланы үйретеді, ал біз болсақ, адамгершілік, ар-ұят, ұлтжандылық, елге, жерге деген сүйіспеншілікті үйретеміз. Мұхтар Әуезов «Әдебиет – ардың ісі» деп бекер айтпаған. Әдебиетші болу әркімнің қолынан келе бермейді. Біз сентименталды, романтикаға жақынбыз деуге болады. Ұлтжандылық та әдебиетке жақын жандарға тән қасиет. Сол себепті, үйімде әрқашан қазақтың көк туы тұрады», - дейді зейнеттегі ұстаз.  

Бейсекүл Тағыбайқызының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығын таңдауына екі фактор әсер еткен.

«Әкем марқұм әдебиетке өте жақын кісі еді. «Қамбар батыр», «Алпамыс», «Қобыланды» сияқты батырлар жырын жатқа оқитын. Үйде де, қонаққа барса да, жатқа айтып беретін. Мен әкеме деген құрмет пен балаларға деген сүйіспеншіліктен мұғалімдік жолды таңдадым деп ойлаймын», - дейді ұстаз.

Жамбыл педагогикалық училищесі мен Шымкент педагогикалық институтын бітірген маман облыс әкімінің Алғыс хатын алған. «Халық ағарту ісінің үздігі» төс белгісімен марапатталған.

«Қазір мұғалімнің мәртебесін арттыру үшін жағдай жасап жатыр. Елдің экономикалық жағдайы түзелген соң, айлық мөлшерін арттырып жатыр. Алайда, менің бір айтарым, мұғалім жоғары мәртебеге, сыйлы дәрежеге тек өз білімі мен еңбегінің арқасында жетеді. Өз мамандығын сүйетін жас мұғалімдерге айтарым, оқу, ізденуден тайынбау керек. Білімді, жан-жақты, мықты маманды кез келген ата-ана мен оқушы мойындап, сыйлайды», - дейді көпті көрген ұстаз.

Ардагер ұстаз 10 жыл бойы Көктал орта мектебінің оқушыларын ҰБТ-ға дайындаған. Ауыл оқушылары лицей, гимназия түлектерінен кем болмай, ҰБТ-да жоғары нәтиже көрсеткен.  

«Оқушыларым «4» пен «5» деген баға алып жататын. Себебі, менің талабым жоғары. Сапалы білімнің болғанын қалаймын. Республикалық, облыстық, аудандық олимпиалардан орын алатын оқушыларым да көп болды. Бір мысал айта кетейін, мектепке «Астана туралы ертегі құрастыру қажет» деген тапсырма келді. Менің бір оқушым – Д.Жарылқапов бұл тапсырманы орындап, оның суреті мен шығармасын Астанаға жібердік. 260 оқушының арасынан менің оқушым алғашқы үздіктер қатарына шығып, оның шығармасы кітапқа еніпті. Содан мектеп директоры Әсия Сәрсенбекқызы маған «сіз мектепті республикаға таныттыңыз» деп мақтады», - дейді ол. 

Ұстаздың еңбегі ҰБТ мен олимпиадада көрсеткен нәтижемен ғана емес, шәкірттері тарапынан да жоғары бағаланады. Бейсекүл Тағыбайқызының жолын таңдап, қазақ тілі мен әдебиетінен жақсы ұстаз атанғандар көп. Олардың бірі – 2007 жылдан бері қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беріп жүрген Гүлшат Рәпілбекова. 

«Біздің ауылда Бейсен апайға дейін қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын таңдау үрдісі аз болған. Оқушылар көбіне заңгер, экономист сияқты саланы таңдайтын. Бірде мен үш айлық оқуға кеткенде, менің сыныбыма Бейсен әпкей сабақ берген. ҰБТ-ның алдында олар қазақ тілі мен әдебиетін таңдаймыз деп шешіпті. Таң қалдым. Өз пәнін, мамандығын сүйетін адам балалардың да осы салаға қызығушылығын оятады деген осы болар.

Университетте оқыған кезде де, әлі күнге дейін де ұстазыма келіп, ақылын тыңдаймын. Жан-жақты, білімді ұстазым - қашанда менің бағдаршамым.

Кейде балағаттап сөйлейтін ұстаздар да бар. Бізге 5-11 сынып аралығында сабақ бергенде де, кейін бір ұжымда жұмыс істегенде де бірде-бір рет Бейсен әпкейдің ауыр, орынсыз сөз айтқанын естіген емеспін. Ол кісінің бір ауыз сөзі бар - «мұныңыз ұят екен» деген. Осы сөз кез келген баланың бетінің қызылын оятты. Өте қатал әрі өте әділ. Өте үлгілі болсаң ғана лайықты «5» деген бағасын алады. Маған осы қасиеті ұнайды. Өзі өте нәзік, даусы да қатты шықпайды. Бірақ мінезі қиын деген баланың өзі осы нәзік дауысты естіген кезде басылып қалады. Мысы басатын», - деді Гүлшат Рәпілбекова.

Шәкіртінің айтуынша, Бейсекүл Тағыбайқызы мектепке келген тапсырмалар бойынша барлық байқауды өзі ұйымдастырған. Әдеби шығармашалардан үзінді алып, сценарийін жазып, өзі режиссер де болған. Жалпы, Көктал орта мектебі 1979 жылы ашылған тұста 4-ақ мұғалім болса, соның бірі осы кейіпкеріміз екен.

«Сол жылдан бері бүкіл ауылымыз осы Бейсен апайдан білім алды деуге болады. Қазір мектепте 1,5 мың бала оқиды, 100-ден астам мұғалім еңбек етеді», - дейді Гүлшат шәкірт.

Бейсекүл Тағыбайқызы тұрмыс құрмаған, бірақ аналық махаббатын балаларға бергенін айтты.

«Мен қатал ұстаз болдым. Бірақ, «қандай мұғалім болдың» деген қиын сұраққа оқушыларымның алдында ұялмай, «шәкірттерім білуге тиіс барлық нәрсені үйреттім» деп айта алатын ұстаз болдым деп ойлаймын. Тарихта болған барлық тұлғалардың елге, жерге деген сүйіспеншілігін үйретуге тырыстым. Адамгершілік қасиеттерін әдебиет кейіпкерлері арқылы бойына сіңіруге тырыстым.

45 жыл еңбегім бекер кетпеген-ау. Көшеге шығып, үйімнің алдын сыпырайын деп жатсам, кішкентай бір балақай жүгіріп келіп, «Бейсекүл апай, мен сыпырайын» дейді. «Әй, сен менің Бейсекүл екенімді қайдан білесің?» дедім. «Апай, сізді елдің бәрі біледі. Суретіңізді мектепте іліп қойған, көшеде де ілініп тұр. Анам да сіз туралы айтып берген», дейді. Содан мен ойланып қалдым. Зейнетке шығып кеткеніме біраз жыл болса-да, мені танып жатыр. Кішкентай баланың біліп жатқанына мәз болып, қуанып қалдым. Өзім тұрмыс құрмағаннан кейін барлық аналық махаббатымды балаларға бердім-ау деймін. Ұстаздық деген қандай жақсы мамандық, ойлаңызшы, алғысы бар мамандық», - деп сөзін түйіндеді ардақты жан.

Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары