Бүгін, 12:32
AR trend

«Боди массаж жасайды»: экс-әйеліне маза бермеген Нұрсұлтан Жақсыген ақыры сотталып тынды

Ол бұған қоса әйеліне 5 млн теңге өтемақы төлейтін болды

«Боди массаж жасайды»: экс-әйеліне маза бермеген Нұрсұлтан Жақсыген ақыры сотталып тынды
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Атышулы актер Нұрсұлтан Жақсыген экс-әйелі Фариза Алмасқызын орынсыз балағаттап, мазасын алғаны үшін 2,3 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Фариза Алмасқызы бұрынғы күйеуінің өзін ұзақ уақыт бойы аңдығанын және әлеуметтік желіде неше түрлі жалған хабарламалар таратқанын айтып шағымданған. Оның айтуынша, әлеуметтік желіде актердің аты мен суреті қойылған аккаунттардан Фариза Алмасқызының боди-массажбен айналысатыны және интимдік сипаттағы қызмет көрсететіні туралы жазбалар тараған. Фариза мұндай пікірлердің скриншоттарын жариялап, полицияға арызданған.

Алайда, Нұрсұлтан Жақсыген жарияланымдарға, оның ішінде боди-массажға қатысты жазбаға өзінің қатысы жоқ екенін айтып ақталмақ болды. Ол өзінің атынан жалған аккаунттар ашылғанын, сондай-ақ әлеуметтік желідегі парақшалары мен телефон нөмірін өзге біреулер бұзып кірген болуы мүмкін екенін айтқан.

Дегенмен, сот Нұрсұлтан Жақсыгенді кінәлі деп танып, 2 жыл 3 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Ал осыған дейін прокурор актерді 3 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған.

Үкім жарияланғанға дейін Нұрсұлтан Жақсыген үйқамақта болған. Соттың соңғы отырыстары жабық режимде өтті.

Айта кетейік, Нұрсұлтан Жақсыген – актер әрі шоумен, «Жайдарман» жобасының бұрынғы қатысушысы. Ол түрлі сериалдар мен фильмдерде рөл сомдаған. Әлеуметтік желідегі парақшаларында 1,6 миллионға жуық адам тіркелген.

Ерлі-зайыпты бір жылдан астам уақыт бұрын ажырасқан. Олардың екі баласы бар.

Айта кетейік, осыған дейін әзілкеш өз атынан жазылған хабарламаларды жоққа шығарғаны хабарланған.