«Бақша ханымы»: елордалық зейнеткер өз ауласында көкөніс егіп, жемістің түр-түрін өсіреді
Гүлнар Құрманова қазір тропикалық жеміс түрлерін өсіруді жоспарлап отыр
Елорданың дәл ортасында отырып, жаз бойы қауын-қарбыз, көкөніс өсіруге болады дегенді айтса, сірә, сене қоймассыз. Алты айға жуық қысы, жазда аптап ыстығы бар астанада бау-бақшамен айналысу мүмкін емес секілді. Алайда, жергілікті тұрғын Гүлнар Құрманованың үйіне бас сұқсаңыз бұл ойыңыздан айнып шығарыңызға сенімдіміз. Зейнеткер шағын ғана ауласында бақша өнімдерін де, көкөніс пен жемісті де, тіпті гүлдің бірнеше түрін өсіріп келеді.
Гүлнар апайдың бау-бақшамен айналысып жүргеніне 10 жыл болған. Қолынан күрегін тастамайтын зейнеткер ешқандай химиясыз өнім өсіреді және жинайды. Егде жасына және жұмыстың ауырлығына қарамастан ол бау-бақшасын өзі күтіп-баптайды, жерін де өзі аударады.
Azattyq Ruhy тілшісі Гүлнар Құрманованың бақшасына барып, күнделікті жұмысына куә болды. Егін егудің қыр-сыры, елорданың құбылмалы ауа райында бақшаны күтіп-баптау және ерекше өнімдер жайында сұхбаттасты.
«БӘРІН АШЫҚ БАҚШАДА ӨСІРЕМІН...»
Оның бақшасында алма, таңқурай, шие, құлпынайдан бастап баклажан, қызынақтың бірнеше түрі, чили, асқабақ, фасоль, ноқат сияқты өнімдер өседі.
«Өзім Қостанай облысының тумасымын. Тұрмыс құрғаннан кейін 20 жылдай Жалтыр деп аталатын ауылда тұрдық. Мал ұстадық. Үй құстарын өсірдім. 100 ге жуық тауық, 70-80-дей қаз болды. Жалтырдағы бақшам өте кішкентай болғандықтан тек гүл мен көкөністің кейбір түрін ғана өсірдім. Нұр-Сұлтанға 2005 жылы қоныс аудардық. Екі жылдай жалдамалы пәтерде тұрып, кейін жер алып, үй салдық.
Қалаға келген алғашқы жылдары қараусыз қалған бақшаларды үнемі аралап жүретінмін. Пион, Лилия сияқты ерекше гүлдің жапырағын тауып алып, жинап жүрдім. Қазір бақшамда жайқалып өсіп, жыл сайын жеміс беретін қара өрік ағашын да сондай қараусыз қалған бақшалардан әкеліп еккен болатынмын. Осылайша, 2011 жылдан бастап бақша егуді тұрақты қолға алдым», - дейді Гүлнар ханым.
Гүлнардың айтуынша, бақшаға деген үлкен қызығушылығы кішкентай кезінде өзі тұрған ауылдан басталған. Көршілерінің бәрі бау-бақшамена айналысып, оның өсімдіктерге деген махаббатын оятқан.
«Кішкентай кезімде үнемі ағаш, гүл отырғызуды, оларды күтіп-баптауды қатты ұнататынмын. Әкем мектепте жұмыс істеді. Мектепте ағаштың түр-түрі болатын. Солардың біреуін қазып алайын деп үнемі әкеме өтініш жасайтынмын. Бірақ, ол кісі ағаштардың үкіметке тиесілі екенін айтып рұқсатын бермейтін. Содан бір күні әкемнің жылқыға кеткенін пайдаланып күрегімді алып, мектептегі ағаштардың бірнешеуін қазып әкеліп отырғызғаным есімде. Қазір біз тұрған ауылдан аса ештеңе қалмаса да, сол менің отырғызған ағаштарымның біразы жайқала өсіп тұр. Ауылға жолым түскен сайын тамсана қарап кетемін. Негізі бақшаға әкем жақын болды. Қияр мен картопты жақсы отырғызатын. Біздің ауылда немістер мен поляктар көп тұрды. Білесіз, олар бау-бақшаға өте қатты мән береді. Ес білгелі айналамның барлығы бақша егуге жақын болғаннан кейін менің де қызығушылығым ерте оянды», - дейді ол.
ЭКЗОТИКАЛЫҚ ЖЕМІСТЕР ӨСІРУДІ ҚОЛҒА АЛМАҚ
Зейнеткер бұған дейінгі өнімдерін тек ашық бақшадан алған. Аумағы 6х3 метрді құрайтын жылыжайды осыдан бірнеше күн бұрын ғана сатып алыпты. Алдағы уақытта тағы бір жылыжайға тапсырыс беріп, экзотикалық жемістерді өсіруді жоспарлайды.
«Осыдан бір апта бұрын ғана 175 мың теңгеге жылыжай сатып алдым. Бұған дейін барлық өнімді тек ашық бақшада өсіріп жүрдім. Болгар бұрышы, петрушка, шпинат, рукола, барлығын өсіремін. Өткен жылы үйдегі шағын ескі жылыжайға алғаш рет ташкенттік қауын өсірдім. Бір дәннен 5-6 келі болатын бірнеше қауын шықты. Ал, жаңадан алған жылыжайға әзірге жуа отырғызып қойдым. Алдағы уақытта экзотикалық қауын-қарбыздың түрлерін өсіруді жоспарлап отырмын. Кейін тағы бір жылыжайға тапсырыс беремін. Ол жерде сирек кездесетін өнімдерді егетін боламын. Ол әзірге жұмбақ.
Сонымен қатар бөлме өсімдіктерін өсіргенді ұнатамын. Жолдасым ауылда тұрған уақытта бөлме өсімдіктерінің үлкен энциклопедиясын сыйлаған болатын. Кітаптан неше түрлі гүл көріп, отырғызуға кірістім. Осылайша, менде бөлме өсімдіктерінің 96 түп түрі болды. Барлығын терезенің жақтауында өсіремін», - дейді ол.
Гүлнар өз бақшасынан жыл сайын тұрақты түрде өнім алып тұрады. Алған өнімін сатуға шығармайды. Отбасы, туған-туыс, достарымен бөлісіп, қалғанынан банка жауып, қысқа дайындық жасайды.
«Өсірген өнімді ешқашан сатқан емеспін. Туған туыс, отбасым, достарым бар, барлығымен бөлісемін. Соңғы үш жылда бақшаға жолдасым көмектесіп жүр. Балаларымның бау-бақшаға аса қызығушылығы жоқ. Бұл жұмыс менің жаныма қатты жақын. Бақшаның жұмысына кіріскен сәтте барлығын ұымытып, аспанға ұшқандай бақытқа бөленемін. Уақыттың қалай өткенін байқамаймын. Сондықтан, әрбір жеміс пен көкөністі үлкен ықыласпен күтемін. Алғашында гүл, шөп пен өсімдіктерді соншалықты еміреніп жақсы көріп, олармен сөйлескенімді көріп балаларым күлетін. Қазір әбден үйреніп алды. Бақшаға қаншалықты мейіріммен қарасаң, соншалықты мол өнім аласың», - дейді бағбан.
Ол Нұр-Сұлтанның құбылмалы ауа райында бақша өсіру оңай емесін, оған ерекше күтім жасау керегін айтты. Егінді егу үшін сәтті бір күнді таңдау өте маңызды екен.
«Астананың ауа райы құбылмалы екенін барлығы жақсы біледі. Мұнда көп өнім алу, оларды өсіру оңай емес. Дегенмен, егін егу барысында жан-жақты ойланып, нақты дұрыс келеді деген күнді таңдап отырғызу керек. Жыл сайын қалада маусым айының басында күн қатты суып кететін кездер болады. Құбылмалы ауа райына өте сезімтал жемістің бірі – шие. Аяз болса шиенің 70-80 пайызы түсіп қалады. Ал, қызанақтарды май айының сәтті күінде отырғызып, суықтан қымтап сақтауға болады. Елорданың континенталды климаты жеміс алуды кешіктіреді. Егер біздегі ауа райы Алматыдағыдай болса тропикалық жемістерді: банан, манго, ананас, не қалайсың бәрін өсіруге болатын еді.
Әдетте 23 наурызда тұқым себебуді бастаймын. Күтімі дұрыс болса 26 күн дегенде өнім шығады. Ал, жеміс-жидек күн жылығанда өздері пісе береді. Суарып тұрамын. Құлпынай шілдеде, таңқурай шілденің аяқ жағына қарай піседі. Ал, қарақат тамызда өнім береді», - дейді ол.
ЗЕРГЕРЛІК ӘШЕКЕЙ САТУМЕН АЙНАЛЫСАДЫ
Бақшадан бөлек Гүлнардың тастарға деген ерекше қызығушылығы бар. Осы бағытта өзінің зергерлік әшекей-бұйымдар сататын дүкенін де ашқан. Сонымен қатар Instagram желісінде үй шаруасының қыр-сырын меңгергісі келетін қыз-келіншектерге арнайы мотивациялық блог жүргізеді.
«Instagram парақшамен айналысып жүргеніме үш жылдай болды. Бұрын парақшама тек гүлдерді ғана салатынмын. Қазір оқырмандарыма жақсы өнім алу жолдарын үйретіп, мотивация беремін. Оқырмандарым көп, әсіресе жер үйде тұратындар ерте тұрып, бақшамен айналысатындарын айтып, көп хат жазады. Бұл мені қатты қуантады.
Бақшадан бөлек әшекейлермен айналысамын. Өзімнің жеке кәсібім бар. Табиғи тастардан жасалған бұйымдар сатамын. Қазір карантин болғанан кейін тоқтатып тұрмын.
Көбі осының бәріне қалай үлгеретінімді сұрайды. Әр күнді таң атқаннан кеш батқанға дейін жоспарлап қою керек. Қай уақытта қандай жұмыспен айналысатыныңды тізіп, соны орындауға барынша әрекет жасасаңыз бәріне үлгеруге болады. Ең бастысы – ерінбеу керек», - дейді ол.
Гүлнар өсімдіктерді дұрыс баптап өсіру экологияға пайдалы екенін, әр адам өзіне тиесілі жерді таза ұстауға ұмтылу керегін айтып сөзін қорытындылады.
«Қазір білесіз, экология күннен-күнге нашарлап барады. Оның үсіне, дүкендерге кірсеңіз бәрінің сыртын әсемдеп орап қояды. Бірақ, оның ішінде қандай тамақ, өнім жатқанын білмейсің. Табиғи өнімді тұтынған қашанда маңызды. Қоршаған ортаға дұрыс қарамағаннан, дұрыс өнімдерді тұтынбағаннан түрлі ауруларға шалдыққан балалардың саны көбейіп жатыр. Сондықтан, осы мәселеге аса мән берілу керек деп ойлаймын.
Жерге үлкен махаббатпен қарау керек. Себебі, барлық қажеттіні біз жерден аламыз. Жер үйде тұрып, арам шөп жұлмай, жерді дұрыс пайдаланбайтын жандарға қарным ашады. Менің ойымша, жері бар әрбір адам оны таза ұстаса, табиғи өнім ексе, жерге зиян келтірмей өзіне қажетті өнімді алса, табиғат та жөнделіп, денсаулық та күшейетін еді. Ауа таза болар еді. Осыны әрбір адам санасына берік сақтаса екен деймін», - деді Гүлнар Құрманова
Сағыныш Ибрагим, Нұр-Сұлтан