ШұғылЕлімізде тағы 7778 адамнан коронавирус анықталды

«Министр медицина саласының ардагерлерімен кеңескісі келмейді» - санитар дәрігердің өкпе-назы

Маман пандемияға қарсы жүргізіліп жатқан күреске көңілі толмайтынын айтты

Зинаш Күштекова – Қарағанды мемлекеттік медициналық инситутының санитарлық-эпидемиология факультетін бітірген, тоқсаныншы жылдары жастайынан елдегі санитарлық қызметте басшылық лауазымда болған, ғалым, медицина саласының үздік ұйымдастырушысы. Ол 2003-2005 жылдары эксперимент жасап, соя сүтінің құнарлығы ана сүтімен бірдей екенін дәлелдеген. «Үміт» балаларға арналған тағамын жасап шығарып, сол салада ғылыми еңбек жазады. Ғалымға 2006 жылы Президент жарлығымен «Шапағат» медалі берілген. Алматы облысында санитарлық эпидемиологиялық қадағалау саласында 32 жыл жетекші болған гигиенист-дәрігер бірнеше ауданның құрметті азаматы.

Санитария саласының ардагері елде қалыптасқан жағдай мен пандемияға байланысты Azattyq Rýhy тілшісіне сұхбат берді. Денсаулық сақтау саласының үздігі медицина саласындағы, соның ішінде коронавируспен күресте жіберілген қателіктер туралы айтты. Ол министр Алексей Цойдың білікті дәрігерлермен кеңесуге құлық танытпай отырғанын және қазіргі атқарылып отырған шаралардың тым шашыраңқы екенін сынға алады.

«Мен өзім санитарлық қызметтің ардагері және ғалым ретінде қазіргі денсаулық сақтау саласына көңілім толмай отыр. Өйткені ауруларды коронавирустан емдеудің протоколы айналдырған екі-үш айда 7 рет өзгерді. Бұл нені білдіреді? Бұл мамандардың біліксіз екенін білдіреді. Былтыр соның салдарынан қаншама адамды жоғалттық. Дүрбелең туғаны сонша, адамдар ИВЛ аппаратын коронавирустан емдейтін құрал деп түсінді. Бірақ ол уақытша дем беретін, оттегіні өкпеге жеткізетін аппарат қана. Біз бүкіл күшті, қаражатты сол ИВЛ аппараттарын сатып алуға жұмсадық. Дегенмен, бәрібір мыңдаған адам өліп кетті. Яғни, ем жүргізуде бастапқы кезден-ақ бірнеше қателікке жол берілді.

Эпидемиолог ретінде айтар болсам, медицина саласының барлық қызметі осындай қатаң карантинге дайын болған жоқ. Мысалы, қаулы шыққанда әкімшілік жанында төтенше жағдайлар бойынша жұқпалы аурулар комиссиясы болады. Сол жерде ғана шешім қабылданып, сол құжат аясында жұмыс жүйеленеді. Ал қазір санитар дәрігерлер қаулыны бей-берекет шығара береді. Қаулыға халықтың сенбей отырғаны да сол, мысалы бүгін шыққан қаулы аптаның аяғына қарай өзгеріп кетеді. Біреуі екіншісіне қайшы. Бұл осы аурумен күресті тежеп отыр», - дейді санитар дәрігер.

Зинаш Күштекованың айтуынша, коронавируспен күресте ауыр жұмыстың бәрі санитар мамандарға жүктелген.

«Мысалы, Алматыда қанша аптадан бері қаулы негізінде сауда орталықтарын сенбі-жексенбі жабады. Сосын бес күн ашып қояды. Сонда қарапайым адамның көзімен қарағанда, екі күн вирус бар да, бес күн жоғалып кете ме? Бұл – денсаулық саласының ұйымдастырушылары карантиндік жұқпалы дерт пен ауа арқылы жұғатын вирусты шатастырып алғанынан. Карантиндік жұқпалы дертке оба ауруы, холера, басқа да өте қауіпті вирустар жатады. Ал бізде ауа-тамшы жолымен жұғатын инфекцияны шатастырып алды да, бүкіл дәрігерді обаға қарсы киімдермен тұмшалап қойды. Енді сол дәрігерлер де осыдан түрлі ауру тауып алды. Қайтыс болғандары қаншама?! Бірақ көзі ашық мамандар бұл мәселені көтерген соң, дәрігерлер қазір жеңіл костюм киетін болды. Мұндай кемшіліктердің бар екенін Президент те айтты», - дейді маман.

Санитария саласының мамандарын алаңдататын тағы бір мәселе – КВИ-мен ауырып қайтыс болған адамды жерлеу рәсімдері.

«Алматы облысында Іле ауданы Междуречинск деген елдімекенде коронавирустан қайтыс болғандарды жерлейтін орын белгіленді. Сол жерге ғана жерлейік деп келісілді. Ол да қате шешім болды. Себебі карантиндік жұқпалы ауру мен ауа арқылы берілетін ауруды шатастырудан туған мәселе мұнда да алдымыздан шықты. Холера, обадан өлсе солай істесін, ал коронавирустан қайтқан адамды олай жерлеудің қажеті жоқ екенін мамандар айтқан соң, марқұмдардың денесін туыстарына тапсырып, жалпы бейіттерге жерлеуге рұқсат берді. Бұл да ойланбай жасалған қателік. Қаншама адам айдалада аруланбай, жаназасы да дұрыс оқылмай, хлормен шыланып жерленді. Басынан солай бастаған соң, аяғына дейін сол тәртіпке бағыну керек еді. Егер сондай қорқынышты жұқпалы ауру болса, туыстарына жерлеуге неге береді?» - дейді Зинаш Күштекова.

Оның пікірінше, медицина саласындағы шенділердің дайындығы мен біліктілігі аз болғандықтан, осындай жағдайға тап болдық.

«Қазір жергілікті атқарушы билік өкілдері, яғни әкімдер мен үкімет мүшелері елдің бірінші басшысына ақпаратты дұрыс жеткізе алмай отыр деп ойлаймын. Халық арасында, төменгі жақта болып жатқан мәселе бойынша есеп беру кезінде шашыраңқы, жүйесіз жағдайлар сылап-сипап, дәрігердің тілімен жетеді. Олардың айтқанын түсінетін Президент әкімшілігінде кілең дәрігерлер отырған жоқ қой», - дейді медицина саласының ардагері.

Оның айтуынша, медициналық масканы тағудың да өз тәртібі бар. Ал, қазіргідей бірреттік масканы сағаттап, тіпті тәуліктеп тағудан адамдар басқа ауру түрлеріне шалдығуы мүмкін екен.

«Екеуара сөйлесіп отырғанда адамнан көмірқышқыл газы бөлініп жатады. Ал бетперде киіп отырған адам оны сыртқа шығармайды. Қайтадан жұтады. Ол өкпеге барады да қонады, сосын қабыну басталады. Адамның демалу жүйесі әлсірей береді. Сондықтан жергілікті жерде Президенттің өкілі – әкім бар, Денсаулық сақтау министрі бар, солар халықпен жұмыс істеп, зерттеп, ненің зиян, ненің пайдалы екенін эфир арқылы болса да түсіндіріп отырса жетеді.

Қарапайым мысал. Көшеден маскамен бір нысанға келгенде маскамды шешіп, арнайы урнаға тастап, ары қарай сол мекеменің кіреберісінде тұрған масканы киіп, ішке енуім керек. Бұл – қарапайым санитарлық талап. Оны кім сақтап жатыр? Ешкім сақтап жатқан жоқ. Өйткені, көп адам бұл туралы біле бермейді», - дейді Зинаш Күштекова.

Денсаулық сақтау саласының ардагері билік білгір мамандардың пікіріне құлақ аспай отыр деп те ренішін жеткізді. Дәл қазіргі қиын кезеңде үлкендермен ақылдасудың артықтығы жоқ еді дейді ол.

«Дәл осындай елең-алаң шақта, ел басына күн туғанда абыздардан, тәжірибелі мамандардан кеңес алуға асықпайтын шенеуніктерге таңымыз бар. Ешкім ешкімнің тонын шешіп алмайды. Бұл – бәрімізге ортақ мәселе. Мен министр Алексей Цойдан медицина саласы ардагерлерімен кездесу ұйымдастырып, пандемиямен күрес үшін пікірлермен санасуды сұраймын. Ол кісілер ақыл-кеңес беруге дайын. Ардагер көп, мысалы санитария саласында Кеңес Оспанов, денсаулық саласының үздіктері Анатолий Белоног, Анатолий Дерновой, Василий Девьятко, Талапқали Ізмұхаметов сияқты нағыз мамандар бар. Олар чума, сібір жарасы, тырысқақ сияқты қауіпті ошақтарда жұмыс істеген. Содан адамдардың шығына жол бермей алып шыққан мамандар. Солардан неге ақыл сұрамасқа?» - дейді зейнеткер.

Зинаш Күштекова денсаулық сақтау саласындағы ардагерлердің кеңесін құру қажет дейді. Жұмыла көтерген жүк жеңіл демекші, осы саланың шенділері мен жас мамандар ардагер дәрігерлермен күш біріктірсе, инфекцияның таралуына, адам шығынына жол бермеуге болады деп есептейді ол.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы облысы