Алматы облысында химик есірткі өндірген: іздеуге берілген соң әйелімен бірге Грузияға қашып кеткен
Олардың Грузияға барып та есірткі өндіргені белгілі болды
Қазақстан мен Грузияның Ішкі істер министрліктерінің келіссөздерінен кейін Тбилисиде халықаралық іздеуде жүрген синтетикалық есірткі өндірумен айналысқан ерлі-зайыпты ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қазақстан мен Грузияның ішкі істер органдары халықаралық іздестіру және трансұлттық қылмысқа қарсы күрес бағытындағы практикалық ынтымақтастықты күшейтіп жатыр.
Айта кетерлігі, ақпанда Астанада Қазақстан мен Грузия ІІМ басшыларының кездесуі өтіп, тараптар ұйымдасқан қылмысқа, есірткінің заңсыз айналымына және халықаралық іздеудегі қылмыскерлерге қарсы күресті күшейтуге келіскен.
Жуырда Қазақстан ІІМ басшысы Ержан Сәденов жұмыс сапарымен Тбилисиге барып, Грузия ІІМ министрі Сулхан Тамазашвилимен келіссөз жүргізді. Сонымен қатар Грузияның премьер-министрі Ираклий Кобахидзенің қабылдауында болды.
«Ынтымақтастықтың жандануы аясында бірлескен жұмыстың нақты нәтижелері де бар. Атап айтқанда, 2026 жылдың наурыз айынан бері Грузия аумағында Қазақстан құқық қорғау органдары іздеген 15 адам ұсталды. Олардың қатарында синтетикалық есірткі өндіруді ұйымдастырды деген күдікке ілінген ерлі-зайыпты да бар. Қазақстан ІІМ сұрауы бойынша Тбилисиде мефедрон өндіруді ұйымдастырды деп күдікке ілінген Қазақстан азаматы ұсталды. Тергеу мәліметінше, ол 2023 жылдың қазан айынан 2024 жылдың ақпан айына дейін сыбайластарымен бірге Алматы облысында арнайы жабдықталған есірткі зертханасында синтетикалық есірткі өндірісін ұйымдастырып, химиктің рөлін атқарған», – делінген ІІМ хабарламасында.
Тбилисиде халықаралық іздеуде жүрген оның жұбайы да қолға түсті. Тергеу барысында оның Алматы және Қарағанды облыстарындағы синтетикалық есірткі өндірісіне қатысты қылмыстық әрекеттердің қаржылық сүйемелдеуіне жауап бергені анықталды.
Қазіргі уақытта ұсталғандарды Қазақстанға экстрадициялау мәселесі қарастырылып жатыр.