Атырауда рейд: өзге өңірлерден барған патруль көліктері қаптап, көшеде полиция толып жүр (ВИДЕО)
Тәртіп сақшыларының кенеттен көбеюі жергілікті жүргізушілердің алаңдаушылығын туғызды
Атырау қаласына өзге өңірлерден ондаған патрульдік көлік келіп, соның салдарынан ірі кептелістер пайда болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тәртіп сақшыларының кенеттен көбеюі жергілікті жүргізушілердің алаңдаушылығын туғызды. Қаладағы ахуалға байланысты агенттік тілшісі облыстық Полиция департаментіне сауал жолдады. Ведомствоның мәліметінше, Атырауда «Құқықбұзушылыққа тосқауыл» жедел-профилактикалық іс-шарасы басталып, жол қауіпсіздігіне бақылау күшейді.
«Атырау қаласында кешенді және қосымша жұмылдырылған полиция күштерінің бірыңғай гарнизондық саптық байқауы өтті. Өңірде ауқымды «Құқықбұзушылыққа тосқауыл» жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды. Іс-шара 21-23 мамыр аралығында өтеді. Іс-шараға Астана қаласынан, Қарағанды және Қостанай облыстарынан келген қосымша күштер тартылды», – дейді ведомство.
Атырау облысы полиция департаментінде бұл іс-шара қандай да бір жеке жүргізушілер санатына немесе көлік иелеріне қарсы бағытталмағаны ерекше атап өтілді. Профилактикалық шаралар жол қозғалысына қатысушылардың барлығына бірдей қатысты жүргізіледі – жергілікті тіркеудегі көлік иелеріне де, транзиттік және шетелдік нөмірлі көлік жүргізушілеріне де бірдей бақылау жасалады.
«Негізгі мақсат – жүргізушінің қандай көлікпен жүргеніне қарамастан, жол қозғалысы ережелерін бұзу деректерін анықтап, жолын кесу. Жеке құрамның күшейтілген режимде қызмет атқаруы құқықбұзушылықтардың алдын алу тиімділігін арттыруға және өңір аумағында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Полиция қызметкерлері жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер тарапынан болатын жол қозғалысы ережелерінің бұзылуына жедел әрекет етеді. «Құқықбұзушылыққа тосқауыл» іс-шарасы жолдардағы құқықбұзушылық деңгейін төмендетуге, азаматтардың құқықтық санасын арттыруға және қаладағы қауіпсіздікті қалыптастыруға бағытталған», – дейді Атырау облысының Полиция департаменті.
Іс-шара барысында мас күйінде көлік басқару, жылдамдықты шамадан тыс асыру, басып озу және қиылыстан өту қағидаларын бұзу секілді жол қозғалысы ережелерінің бұзылуына, сондай-ақ қоғамдық тәртіпті бұзудың кез келген дерегіне жедел әрекет етуге ерекше назар аударылады.