Үш адам қаза тапқан: Алматыда Әл-Фараби даңғылында болған жол апаты туралы іс сотқа өтті

Алматы полициясы 12 мамыр күні тергеу ісін аяқтаған

Үш адам қаза тапқан: Алматыда Әл-Фараби даңғылында болған жол апаты туралы іс сотқа өтті
Фото: t.me/ Kozachkov offside

Алматыда Әл-Фараби даңғылында болған резонансты жол апатына қатысты іс бойынша алдын ала сот отырысы 28 мамыр күні өтетін болды. Бұл туралы қаза тапқан 29 жастағы Mercedes жүргізушісінің туыстарының адвокаты Олег Чернов мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Сотқа дейінгі тергеу аяқталды, енді іс сот қарауында. Ішкі істер министрі мен президенттің тапсырмасы барынша қысқа мерзімде орындалды. Алдын ала сот отырысы 28 мамыр күні сағат 15:00-де Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында өтеді», – деді Олег Чернов.

Ол өз сөзінде Алматы қалалық полиция департаментінің қызметкерлеріне қылмыстық істі объективті әрі жедел тергегені үшін алғыс білдірді.

Осыған дейін адвокат айыпталушы тараптың 29 жастағы марқұмның туыстарымен татуласуға әрекет жасағанын хабарлаған болатын. Алайда марқұмның отбасы бұл ұсыныстан бас тартқан.

Айта кетейік, осыған дейін ZEEKR жүргізушісі қамауға алынғаны хабарланған.