Шахтинскте гараж өртеніп, ішінде мотоциклін жөндеп отырған студент тірідей жанып кетті
Тағы екі жас жігіт оңбай күйіп қалған
Шахтинск қаласындағы гараждардың бірі өртеніп, жас жігіт тірідей жанып кетті. Төтенше жағдайдан қатты күйіп қалған екі досы облыс орталығындағы ауруханаға ауыстырғалы жатыр. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Қайғылы жағдай гаражда болған. Болжам бойынша, колледж студентері мұнда мотоцикл жөндеген. Оған жанармай құйып жатқанда ұшқын шығып, сұйықтық лап ете қалған. Гараждың іші мен сондағы үшеу отқа оранған. Екеуі шығып үлгергенімен, оңбай күйіпті. Ал үшіншісі сол жерде тіл тартпай кеткен.
18 жастағы студенттің жақындары қан жұтып отыр. Екі бала Шахтинск қаласының ауруханасында ауыр жағдайда жатыр. Оларды ертең Қарағанды ауруханасына жеткізеді.
«Өрт сөндіру кезінде гараждың ішінде 2008 жылғы жасөспірімнің күйген мәйіті табылды. 2008, 2009 жылы туған жасөспірімдер ауруханаға жеткізілді. Бұл оқиға бойынша ТЖД қылмыстық іс қозғады», – дейді Қарағанды облысы ТЖД өрт сөндіру басқармасының бастығы Елдос Зияда.