«Күнделікті пассивті табыс»: Жамбыл облысында «ENVIDA AI» қаржы пирамидасының былығы әшкере болды
Қаржы пирамидасы жұртты нақты активтерге инвестиция салып отырасыз деп сендірген
Жамбыл облысында «ENVIDA AI» қаржы пирамидасын құру және оған жетекшілік ету фактісі бойынша тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Қаржылық мониторинг агенттігінің тергеуіне сай, жоба ұйымдастырушылары WhatsApp мессенджері арқылы «Еnvida ai ежедневный пассивный доход» және «Еnvida ai супер новый проект ежедневный пассивный доход» атауымен топтар құрып, азаматтарды тұрақты жоғары табысқа уәде беру арқылы тартқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жобаның маркетингтік моделі көпдеңгейлі жүйеге құрылған. Негізгі табыс жаңа салымшыларды тарту есебінен қалыптасып отырған.
«Жоба өзін нақты активтерге инвестиция салатын халықаралық экожүйе ретінде таныстырған. Нәтижесінде қаржы пирамидасына 370-тен астам салымшы тартылған. Қатысушылар географиясы еліміздің алты өңірін қамтиды: Ақтөбе, Атырау, Қызылорда, Павлодар, Түркістан облыстары және Алматы қаласы», – делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта тергеп-тексеру жұмысы жалғасып жатыр. Қазақстан Республикасы ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды.
Айта кетейік, Агенттікте қаржы пирамидаларының белгілерін тексеруге мүмкіндік беретін «Baiqa, piramida!» Telegram-боты іске қосулы.
«Егер сіз немесе жақындарыңыз қаржы пирамидасының әрекетіне тап болса, тұрғылықты жеріңіз бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне жүгінуді сұраймыз. Азаматтарды сақ болуға және күмәнді қаржылық ұйымдарға жинақтарын салмауға шақырамыз», – деп ескертті ҚМА.