Түркістан облысында қаңғыбас ит бес жасар қыздың бет-аузын адам шошырлықтай етіп талап тастады (ВИДЕО)
Баланың ата-анасы иттің иесін таппағандықтан, оны бұралқы итке балап отыр
Түркістан облысы Ескі Иқан ауылында қаңғыбас ит есік алдында ойнап жүрген балаларға шабуыл жасап, бес жасар қыздың бет-аузын талап тастаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Отырар» сайтының жазуынша, балаға болашақта пластикалық операция жасау керек болады.
«Түркістан облысы Ескі Иқан ауылында тұратын Дилафруз Халикова бес жасар қызының итке таланғанын айтып отыр. Ол қызын туыстарының үйіне ойнауға жіберген. Бала туыстарының балаларымен ойнап отырғанда, ит шабуыл жасап, Дилафруздың қызын талай бастаған. Анасы жеткенше оқиға орнына жедел жәрдем келіп, баланы алып кеткен», - деп жазады басылым.
Ал, Дилафруз Халикованың айтуынша, ол болған жағдайды ести сала оқиға орнына келгенде бала реанимацияға түскенін білген.
«Ана ретінде баламның мұндай түрін көру әрине өте қиын. Баламның бетінен алатын жері жоқ. Көзінің айналасындағы терісі жоқ, сүйегі көрініп тұр», - деп жылайды Дилафруз Халикова.
Ал, дәрігерлердің айтуынша, баланың жағдайы ауыр, бірақ тұрақты.
«Бала травматикалық шок алған. Қатты шошып қалған. Басы да жараланған. Бетінің оң жақ бөлігі жараланған, операция жасаса да із қалады», - дейді дәрігерлер.