«Әкем мен ағамның мәйітін таба алмадым»: 14 жасында Сириядағы соғысқа кеткен жігіттің өкініші
Диас Амангелді 6 жылға сотталған

Түркістан облысының тумасы Диас Амангелді небәрі 14 жасында Сириядағы содырларға қосылған. Жат ағымның жетегіне ілескен Диастың отбасы 2015 жылы жасырын Түркияға кетіп, кейін Сириядағы соғыс ошағынан бір-ақ шыққан. Диас Маратұлы лаңкестердің қатарында бірден әскери дайындыққа кірісіп, қару жарақты қолданудың қыр-сырын үйрене бастаған. Кескілескен айқастың ортасында отбасымен бірге төрт жылдан астам уақытын өткізген қазақ жігіті жат жерге әкесі мен ағасын қалдырып келген.
Ол Қазығұрт ауданындағы О.Жандосов атындағы орта мектепте білім алып жүргенде Сирияға кетуге бел байлаған. Содырларға қосылуды отбасындағы 6 бала мен әке-шешесі білсе де, олар сыртқа тіс жармаған. Жат ағымның жетегіне алдымен Диастың ағасы шырмалған. Нұр-Сұлтан қаласына жұмыс іздеп кеткен Нұрдәулет ауылға радикалды ұстаныммен, басқа көзқараста, бөгде елдегі бүлікшілердің бағытын қабылдап келген. Ұлының уағызына әкесі әу баста қарсы шыққан. Алайда, мектепте ұстаздық қызмет атқарған Диастың әкесі Марат кейін көзқарасын өзгертіп, Сирияға бірге кетуге кетуге шешім қабылдапты.
Бәріміз жаңа есім алдық...
«Әкем алғашында ағамның көзқарасына қарсы шығып жүрді. Ағам ол жақтағы адамдармен сөйлестіріп, діни дәлелдерін келтіру арқылы әкемді де көндірді. Әкем мен ағам басында «Zello» деген бағдарлама арқылы арнайы интернет каналдарды тыңдады. Интернет арқылы шекарада адамдарды асыратын астыртын топпен байланыс орнатты. Солардың арасында Абу Зеид деген әзірбайжан ұлтының азаматымен сөйлесті. Басында әкем мен үлкен ағам екеуі ғана баратын болған. Сол кезде Абу Зеид видеолар жіберіп, жақсы өмірдің бар екенін, соғыстың басқа жақта болып жатқаны туралы мәліметтер жіберіп, халифат туралы видеолар көрсетті. Біздің кететінімізді ешкім білмеді. Барлығын құпия сақтадық, тіс жармадық. Егер туыстарға, сыртқа айтсақ бізді Ұлттық қауіпсіздік комитетінің адамдары ұстап алар еді», - деді Диас Амангелді.
Ол 2015 жылдың 31 тамызында отбасымен бірге «Шымкент-Анталия» арқылы Түркияға ұшқан. Мектепті бітірмей жатып содырлардың қатарына қосылған Диас өздерін Сирияға өткен бойда «ДАИШ» халықаралық террористік ұйымының өкілдері (Қазақстанда іс-әрекетіне тыйым салынған ұйым) екіге бөліп әкеткенін айтады. Содырлар отбасының барлық мүшелеріне бірден діни лақап ат таңдауды ұсынған. Диастың лақап аты «Мухаммад казахи» болыпты.
«Түркия-Сирия шекарасынан түнде өттік. Шекарада бізді жасырын күтіп жатқан үш адам ымдап шақырып алды. Солардың бастауымен бізді екіге бөліп әкетті. Әйелдерді басқа жатақханаға орналастырды да, бізді қару-жарақ атуды үйренетін жаққа алып кетті. Аллаһ жолында соғыс, дін жолында өлу деген мәселелерді оқыдық. Одан бөлек, қаруды жинап-шашуды, қолдану әдістерін үйретті. Оны ИГИЛ-дің (Қазақстанда тыйым салынған «ДАИШ» халықаралық террористік ұйымы) құрамындағы адамдар басқарды. Басында автоматтың дыбысын бірінші естігенде қорқыныштан аяқ-қолым істемей қалды. Дайындықтан үш ай өттік. Жабық машиналарға салып, атыс алаңдарына апарып үйретеді», - деді өткен ауыр жылдарын өкінішпен еске алған сотталушы.
Әкесі жалғыз қызын содырға күйеуге беріп жіберген
Әкесі Марат Амангелдіұлы 2017 жылдың жазында небәрі 46 жасында жат жұртта соғысып жүріп оққа ұшқан. Оны Сирия үкіметінің ресми әскері атып тастаған. Диас соғыс даласынан әкесінің мәйітін қанша іздесе де таппаған. Ал тыныш өмір сүріп жатқан отбасының шырқын бұзып, хиджрат жасау арқылы жиһадқа шығуды үгіттеген ағасы Нұрдәулет «Абу Бакр» лақап атымен Сирияның әскеріне қарсы шешендермен бірге соғысқан екен. 23 жастағы жас жігіт 2016 жылдың 21 маусымында Тапқа қаласы үшін болған айқаста Сирия әскери күштерінің оғынан опат болған. Отбасының жалғыз қызы Аиданы әкесі өздерін шекарадан асырып алған әзірбайжандық содырға күйеуге беріп жіберіпті. Шымкент қаласындағы медреседе діни білім алған Аида Маратқызы Сирияда Абу Зеид Аль Азери есімді содырдың әйелі атанған.
«Амангелді Диас Маратұлы ҚР ҚК 257-бабының 2-тармағымен (Террористік ұйым құру, басшылық жасау және мүшелік ету) қозғалған қылмыстық істің негізінде Интерпол арқылы іздеу жарияланған. 2019 жылдың ақпан айында «Сирия демократиялық әскері» тұтқындаған. Мамыр айында «Жусан-2» арнайы операциясы барысында елге әкелінді. Түркістан облыстық сотының шешімімен 6 жылға сотталды», - делінген ҰҚК ақпаратында.
20 жасқа енді толған жігіт қазір ҚР ІІМ қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің Шымкенттегі қауіпсіздігі орташа 167/3 мекемесінде жазасын өтеп жатыр. 1997 жылы туған Абзал есімді ағасы да Нұр-Сұлтан қаласында тергеуге алынып, сотталды. «Умм исхақ» лақап атын жамылған Аида Маратқызы «Жусан-2» операциясы арқылы отбасының тірі қалған мүшелерімен бірге елге жеткізілген соң, 5 жылға қамалды.
«Біз барған жерде қазақтар көп болған екен. Көбі мен барғанда соғыста қаза болып кеткен еді. Қазақтардың саны азайып қалыпты. Дайындық кезінде бөлек кетсек, кейін отбасымызбен бірге тұрдық. «ДАИШ» ұйымының құрамында әртүрлі топтар болады. Қайтыс болған ағам мен әкем соғысқа шешен ұлтынан құралған жамағаттың қатарында қатысып жүрді. Бірнеше қалаға барды, Пальмира деген қаладағы атысқа қатысты. Үлкен ағам «бұл жаққа өлу үшін келгем» деп соғыс алаңына шығып кетті. Өлмегенше соғыса берем деді. Басында шешен жамағатымен бірге тұрдық. Мінез, салтымыз келмеген соң қазақ жамағатына ауыстық. Ол жерде ең кішісі «Катиба» деген топ бар. Оны да әмір басқарады. Рота, полк секілді әскери топтар. Сұрақ қойғанда мен соғыспаймын деп жауап бердім. Ешқандай шара қолданбады. Жасы үлкен, ересектеу адам соғыспаймын деп жауап берсе оны жазалауы мүмкін», - дейді бастан өткерген қиындықтарын айтқан ол.
Тамақ таппай, даладан шөп жедік...
Диас әкесінің қаза тапқанын өлгендердің тізімін көргенде білген. Ал, ағасының денесін мемлекеттік телеарналар түсірген видеодан кездейсоқ көріп қалып таныпты. Алайда, мәйітті ала алмаған, әкесін де, ағасын да арулап жерлей алмағаны үшін қатты өкінеді. Жасы кіші Диасты ДАИШ содырлары маңайды қарап жүретін адамардың қатарына алған. Өлімнің бір күні өздеріне де келетінін білген Диас отбасымен соғыс ошағынан қашуды ойластыра бастаған.
«Басқа тимей білмейді екенсің. Әкем мен ағам өлген соң қос інімді аман алып қалуды отбасымызбен талқылай бастадық. Басында ашық сөйлесуге мүмкіндік болмады. ДАИШ ұйымынан бірден бас тартсам, олар мені түрмеге қамап, тәубаға келтіріп, мойындамасам өлтіріп тастауы мүмкін еді. 2018 жылдың қаңтарында Музан деген ауылға барып, туыстарыма қайтуға көмектесіңдер деп хат жібердім. Біздің қайтқымыз келетінін елдегі туыстар ҰҚК-ға барып айтты.
Наурыз айында ДАИШ ұйымының адамдары өз араларында рейд жүргізе бастады. Өздерінің құрамында жоқ адамдарды анықтайды. Олардың арнайы паспорты бар, сол паспорты жоқтарды түрмеге алып кетеді. Ұйықтап жатқанда үйге он шақты қарулы адам келді. Екінші рет тексергенде мен әпкемнің көйлегін киіп, сыртқа шығып кеттім. Бірақ ағам Абзалды 4 ай түрмеге қамады. Кейін оған «інің тығылмай келсе, сені де жібереміз» деген соң, қорықсам да бардым.
Соғыс басталып кеткенде біз отбасымызбен әрқайсымыз 100 доллардан төлеп, Сирия әскерлеріне қарай қашып өттік. Тамақ таппай, шөпт теріп жедік. Таза болмаса да су болды. Өкінем. Өміріміз қор болды. Мен де, әпкем де, ағам да түрмеде отыр. Үлкен ағам қайтыс болып кетті, ұрпақтары да қалған жоқ. Бәрі өкінішті. Ағам бұлай радикалды топқа қосылмағанда әке-шешем тірі, бәріміз бірге өмір сүрер едік қой деп күнде ойланам. Бәрі басыма таяқ болып тиді», - деп сөзін аяқтады темір торда жазасын өтеп жатқан Диас Амангелді.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы