Билет ауыстырғысы келген жолаушыдан 188 мың теңге талап еткен: FlyArystan түсініктеме берді
Компания өкілі неше сағаттан кейін билет ауыстыруға болатынын айтты

FlyArystan әуе компаниясы Дамира Бөребаеваның шағымына қатысты редакцияға жауап берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұған дейін жолаушы билетті қайта броньдау үшін FlyArystan-ның ірі көлемде төлем талап еткенін мәлімдеген еді.
Оның айтуынша, әуе компаниясы рейс уақытын 4 сағатқа ауыстырып жіберген. Сондықтан Дамира Бөребаева сатып алған билеттерін басқа күнге ауыстырғысы келген, алайда компания одан 188 000 теңге айыппұл сомасын төлеуді талап еткен.
«2025 жылдың 13 қазанына жоспарланған Атырау – Алматы бағыты бойынша FS7201 рейсінің ұшу уақыты 14:40-тан 19:15-ке өндірістік себептерге байланысты өзгертілгенін хабарлайды. FlyArystan рейстердің кестесін сақтау үшін бар күшін салады, алайда кейбір жағдайларда мәжбүрлі өзгерістер орын алуы мүмкін. Егер ұшу уақытының өзгерісі 5 сағаттан аспайтын болса, билеттерді қайтару немесе қайта брондау сатып алынған тарифтің шарттарына сәйкес жүзеге асырылады», - делінген FlyArystan баспасөз қызметінің жауабында.
Сондай –ақ рейстің күйі өзгерген жағдайда қолданылатын ережелер туралы өзекті ақпаратты жолаушылар әуе компаниясының ресми сайтындағы «Ұшу күйі өзгерген кезде FlyArystan саясаты» бөлімінен таба алатынын атап өтті.
Дамира Бөребаева әуе билеттерін зерттеп жүрген маман ретінде, FlyArystan мен шетелдік лоукостерлердің қызметін салыстырып, «мұндай сорақылыққа тек Қазақстанда рұхсат беріледі», - деп күйінішін жеткізген.
Ол Fly Arystan-ның жүк рәсімдеу тәртібіне де наразылығын білдірді. Жолаушы компания жаңа багаж рәсімдеуге рұқсат бермей қойғандықтан, артық салмаққа 50 мың төлеуге мәжбүр болғанын айтты.
Еске салайық, жақында FlyArystan әуе компаниясының duty free саудасынан сатып алынған өнімдерді тегін тасымалдауға қатысты шектеулерінің заңға қайшы екені анықталып, түзетілген еді.