$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
12.10.2020, 17:06
Кейіпкер

«Мүмкіндігі шектеулі жан жоқ». АҚШ пен Англияда білім алған зағип жанмен сұхбат

Кенжеғұл – полиглот қана емес, голбол мен тауға өрмелеуден Қазақстан чемпионы

«Мүмкіндігі шектеулі жан жоқ». АҚШ пен Англияда білім алған зағип жанмен сұхбат
Фото: facebook

Бүгінгі кейіпкеріміз - Кенжеғұл Сейітжан Қостанай облысының Амангелді ауданында дүниеге келген. Отбасындағы 20 баланың кенжесі. 6 жасында аттан құлап, көру мүмкіндігінен айырылған. Бірақ Кенжеғұл қиындыққа мойымаған, басына түскен ауыр сынақтан сағы сынбаған. Бәрін үйренуге тырысқан, тек ұмтылыстың жағында болған. Жасы 30-дан асқан азамат бүгінде голбол мен тауға өрмелеуден Қазақстан чемпионы. Тарих мамандығы бойынша Қазақ ұлттық өнер университетінде білім алған. АҚШ-та 2,5 жыл, Англияда 1,5 жыл оқыған. Орыс, ағылшын, жапон, неміс, түрік, қазақ тілдерін еркін, француз, испан, корей, араб тілдерін ауызекі деңгейде меңгерген. Жары Айман екеуі бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр.

Бүгін біз көзі нашар көрсе де білім алудан жалықпаған, түрлі салада кәсіпкерлікпен айналысып, үнемі ізденісте жүретін жанмен сұхбат құрдық.

«Кішкентайымнан көзім нашар көреді. Алты-жеті жасымда жарақат алдым. Алматы қаласындағы Островский атындағы зағип балаларға арналған мектеп-интернатта оқып, оны 2003 жылы қызыл аттестатпен аяқтадым. Білесіз бе, ол кезде қанша жақсы оқып, талпынсаң да, мектепті «Алтын белгіге» аяқтау мүмкін емес еді. Өте қиын болатын. Бірақ жақсы оқығаның үшін ерекше белгілер қызыл аттестат беретін. Міне, қажымай, алға ұмтылғанның жеңісі осы, қиындыққа қарамастан, мектепті қызыл аттестатқа бітірдім. Сосын Қазақ ұлттық университетіне оқуға түстім. Ол да оңай болмады. Демеуші тауып, несиеге оқыдым. Кейін грантқа ауысып, тарих факультетін тәмамдадым. Оны да қызыл дипломға бітірдім. Студент кезде бірнеше спектакльде басты рөлде ойнадым. Қозының әкесі Қарабайды, «Ауылдан келген ару» рөлінде Ақанды, Абай спектаклінде ұлы ақынның рөлін сомдадым», - деп бастады әңгімесін Кенжеғұл.

АҚШ, АНГЛИЯ САПАРЫ

Кенжеғұл тарих мамандығын бітіріп, әрі қарай білімін АҚШ, Англия елдерінде жалғастырған.

«Мектеп жасында актер болуды армандадым. Голливудты көргісі келген жас баланың арманы тіл меңгеріп, шетелге бару еді. Осының арқасында АҚШ-қа сапар шектім. 2012-2014 жылдары 2,5 жыл бойы The City University of New York, CUNY Queens College-де ағылшын тілін меңгердім. 2014-2016 жылдары Англияда жарты жыл тіл меңгеріп, одан кейін бір жыл University of Reading-те магистратурада оқыдым. Диплом алғанда анам келіп, қатты қуанғанымыз есімде. 2016 жылы Қазақстанға ұшып келдім. Сосын Жапонияда оқыдым. Алматыда, Алатау ықшамауданындағы орта мектептің бірінде тарих, құқық пәндерінен бес жыл сабақ бердім. Әлеуметтік бағдарлама аясында бір жылдай (2008-2009 жылы) Жапонияға барып, оқып келдім», - деді Кенжеғұл.

Кенжеғұл АҚШ-та да, Англия елінде де барлық азаматтармен бірге жалпы білім алған. Оны ешкім мүмкіндігі шектеулі деп шектемеген.

Кенжеғұл шетелде тек бір сала бойынша білім алмай, мүмкіндігі шектеулі азаматтар меңгерген спорт түрлерін зерттеген. Ол жақтағы жаңашылдықты Қазақстанға алып келіп, енгізуге тырысып жүр. Бүгінде Кенжеғұл – голбол мен тауға өрмелеуден Қазақстан чемпионы.

«2016 жылдан бастап кәсіби түрде голболмен, велосипедпен, тауға өрлеумен айналыстым. Голбол бойынша командамен екі дүркін Қазақстан чемпионымыз. 2020 жылдың басында Қазақстан кубогының иесі болдық. Велосипед жарыстары бойынша Парижге, Ыстықкөлге бардық. 2019 жылы «Туған жерге тағзым» деген атпен Түркістан, Шымкент, Таразда мың шақырымға жуық жерді велосипедпен араладық. Әулиелерге тағзым еттік. Біз «Мүмкіндігі шектеулі жандар, спортпен шұғылданыңыздар!» деп айтып қана қоймай, өзіміз де айналысып, қолымыздан келетінін іспен дәлелдедік. 2016 жылы Алматыдан Астанаға дейін 10 күндік вело-марафон өткіздік. Биыл қазан айында веложарыс өтуі қажет еді, алайда коронавирус жағдайына байланысты келесі жылға қалдырылды. Мақсат көп», - деді кейіпкеріміз.

Кенжеғұл – Қазақстан голбол федерациясының вице-президенті. Голбол бойынша 8 облыста федерацияның филиалдары ашылып, командалар құрылған.

Бүгінде Кенжеғұл жеке кәсіпкерлікке бет бұрған. Соңғы төрт жылда хостел бизнесімен айналысып жүр.

«Кәсіптің бірнеше түрімен айналыстым. Алғашында базарда балмұздақ саттым. Табысты кәсіп болса да, денсаулығым бұл кәсіпті лайық көрмеді. Өз ауылымда балаларға арналған батут алаңын аштым. Одан кейін ашқан жаттығу залы кәсіпте шыңдалуыма септігін тигізді. Ақыры отбасыммен ақылдасып, ыңғайлы әрі табысты бизнес ретінде деп хостел саласында тоқтадық. Мотивация беріп, идея сыйлаған - өзімнің жарым», - дейді Кенжеғұл.

Кейіпкеріміздің айтуынша, Қазақстанда туризм саласын өркен жаюуы үшін хостел бизнесін де дамыту қажет. Бұл бағытта атқарылуы тиіс жұмыс ұшан-теңіз екен.

«МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ ЖАН ЖОҚ»

Кенжеғұл жастайынан адамдардың құқығын қорғауға, ешкімнің мүмкіндігі шектелмеуі үшін күресіп үйренген. Әлі де сол жолдан тайған емес.

«Мен бұрыннан біреудің өтірік айтқанын, алдағанын біліп қоятын сезімтал болдым. Университетте студенттерге тиесілі төленбеген шәкіртақылардың 75 пайызын төлетуге ықпал еттім. Үкіметке айтарым, мүмкіндік беріңіздер. Мүгедек жандардан қол қусырып отыратын адам жасамаңыздар. Оларға мүмкіндік беріп, жағдай жасай алсаңыздар, мүгедек жандар да кез келген жетістіктерге жете алады», - дейді ол.

Кейіпкеріміз әңгімесін «армансыз адам қанатсыз құспен тең» деген тәмсілмен қорытындылады. Қазір Кенжеғұлдың бір көзінің тек 6 пайызы ғана көреді. Алайда, ол тағдырдың сынағын адам өміріне балта шабу емес деп есептейді. Кенжеғұлдың көпшілікке жеткізгісі келгені де осы – әр адам шексіз мүмкіндікке ие, тек соған сенсе болғаны.

Сымбат Молдатай, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары