$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
02.10.2020, 13:36
Кейіпкер

Сайын даланың сардары

Қазақстандықтар Халықаралық қарттар күнін атап өтті

Сайын даланың сардары

1 қазан – Халықаралық қарттар күні қарсаңында арамызда ардагерлерімізді түгендеп, әңгімеге тартатын жақсы дәстүріміз бар. Атаулы дата қарсанында Ұлттық ұланның ардагерлер кеңесінің көмегіне жүгінетіміз бар. Аталмыш ұйымда көп жылдан бері жұмыс істеп жүрген запастағы полковник Александр Парпура бірнеше қарияның тізімін ұсынды. Оның айтуынша, бүгінде Ұлттық ұлан әскерінде 5 мыңға жуық ардагер бар. Олардың арасында 1 адам Ұлы Отан соғысының ардагері, 17 адам тыл еңбеккері, 1 адам концлагерь тұтқыны екен.  

Қарт адамдар қатарындағы әскери қызметшілер де қоғамда белсенді өмір салтын ұстанып жүр. Әскери бөлімдердегі жиындарға қатысып, жас ұрпақты тәрбиелеуге атсалысуда. Бүгінгі кейіпкеріміз – тәуелсіздіктің алғашқы жылдары кешегі Ішкі әскерлер, бүгінгі Ұлттық ұлан әскерінің қалыптасуына және аяғынан тік тұрып кетуіне үлес қосқан, бүгінде құрметті еңбек демалысына шығып, жас буынға ағалық ақылын айтып жүрген әскердің аузы дуалы ақсақалы.

Алғашқы қазақ Бас штаб бастығы

Тәуелсіздігімізді жариялағаннан кейін, араға 26 күн салып, кешегі Ішкі әскер бүгінгі Ұлттық ұлан құрылды. Сол сәттен бастап құқықтық тәртіп әскері ел мен Елбасының бастамаларын қолдайтын, халықты, азаматты, мемлекетті заңсыз әрекеттерден қорғайтын қуатты құрылымға айналды. Уақыт өткен сайын құқықтық тәртіптің тұрпаты биіктеп, орны даралана бастады. Генерал-майор Дәулет Салханов сол кезде Ұлттық ұлан әскерінің басы-қасында болып, өз есімін әскер тарихына жазған жан.

1966 жылы ол Ресейдің Саратов қаласындағы Ф.Э.Дзержинский атындағы КСРО ІІМ Әскери училищесіне түседі. Араға бес жыл салып, алғашқы «лейтенант» әскери шенін алған курсант Д.Салханов қолдағы жолдамасымен Алматы облысындағы Қаракемер кентіндегі 6654 әскери бөліміне взвод командирі міндетіне кіріседі.

Әскери өмір белгілі. Отан қайда бар десе, қолбасшылық қай жерде қажетсің десе, «құп болады» деп чемоданыңды жинайсың да «алға» деп жүре бересің. Аталмыш әскери бөлімде табанды еңбек етіп, рота командирі, әскери құрама штабының офицері, полк штбабының бастығы лауазымдарынан өтеді. 1976 жылы өзін оң қырынан көрсеткен кейіпкерімізді кәсіби біліктілігін арттыру үшін Мәскеу қаласындағы М.В.Фрунзе атындағы әскери Академиясына оқуға жібереді. Академияда білімін жетілдірген офицер әскери бөлімге орала салысымен өз білімін жүзеге асырады. Штаб бастығы ретінде жеке құрамның жауынгерлік даярлығын арттыруға үлесін қосады. Араға біраз уақыт салып сол кездегі Ақмола қаласындағы 6636 әскери бөліміне командир етіп тағайындалады.

Командир – жеңістің әкесі

Ұлтымыздың біртуар перзенті Бауыржан Момышұлының «Командир – жеңістің әкесі» деп айтқан сөзі бар. Басқа офицерлік қызмет бір төбе де, командир болу бір төбе десек қателеспейміз. Өзіңе сеніп тапсырылған жеке құрамның әр жауынгеріне жауаптысың. Өзің барлық жағынан үлгі болуға тиіссің.

Сексеніші жылдардың соңында заң бұзушылықтар молайып, адамдар темір тордың ар жағына көптеп қамалды. Сотталған және қамауға алынған адамдарды айдап апару және еңбекпен түзеу мекемелерін күзету Дәулет Қамарұлы басқаратын әскери бөлімге сеніп тапсырылған болатын. Қылмыс әлемі қателікті кешірмейді. Қорқыту, үркіту не болмаса сатып алу әрекетіне барады. Командир өзі де батыр және жеке құрамды батылдыққа үндеуге тиіс. Өйткені, артыңда жауынгерге сенген ел тұрады. Кейіпкеріміз әкелік қамқорлықпен, қатал талапшылдығымен дараланды. Өзіне жүктелген міндеттерді адал орындай білді. Сол арқылы басшылық тарапынан зор сенімге ие болып, Ішкі әскерлер әскери округі штаб бастығының орынбасары қызметіне тағайындалды. Командирлік тәжірибе оны биік жетістіктерге жетуге шындады.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ішкі тұрақтылық бірінші кезекте тұрды. Отаны бөлек офицерлер кезек күттірмей өз елдеріне қайтып жатты. Жауынгерді бастап шығар офицерлер тапшылығы орын алды. Барлық жүк кейіпкеріміз секілді үлттық кадр, қара көз офицерлердің иығына артылды.

Жаңа құрылған ұлттық әскерге еліміздің тәуелсіздігін қамтамасыз ету, қоғамдық қауіпсіздік, азаматтардың бостандығы мен құқығын қорғау, мемлекеттің әлеуметтік-саяси тұрақтылығын қамтамасыз ету, арнайы жүктерді және мемлекеттік маңызы бар нысандарды қорғау міндеттері жүктелді. Қазақстан халқының бейбіт өмірі, қалыпты тіршілігінің бұзылмауына үлкен рөл атқаратын ҚР ІІМ Ішкі әскерлердің штабы әскердің миы іспетті болды. Мұнда уақытпен санасу болмайды. Күні-түні еліміздің түкпір-түкпірінен келіп жатқан шұғыл жедел хабарлар шұғыл шешімді талап ететін. Республикамыздың әр қаласында орналасқан әскери бөлімдерге тез әрі қысқа да нұсқа тапсырмалар берілуі керек. Дәулет Қамарұлы осы қызметтің қара қазанында қайнады. Бір қарағанда, кәсіби білікті сардарға өз қызметін орындауға оңай көрінер. Шынтуайтына келгенде, тоқсаныншы жылдардың басында жағдай күрделі еді. Офицерлер тапшылығынан бөлек, сардар мен сарбаздардың күнделікті әскери қызмет барысы, жатын орны, киім-кешегі, қару-жарағы мен тамағы, оған қоса «штаттан тыс жағдайларды» реттеу штабқа келіп тірелетін. Оның үстіне нарықтық экономика тудырып отырған ауыртпашылық әскерді айналып өтпеген кез. Әскери азамат тек соғыс шебері емес, кәнігі дипломат, әккі ұйымдастырушы, іскер болуы тиіс.

Басқа біреу болса, қолын бір сілтеп әскерден «қашып» кетер ме еді. Біздің кейіпкеріміз алдағы ұрпақ алдындағы жауапкершілікті түсініп, тағдырдың ауыртпалығын қара нардай қымсынбай көтере білді. Әскерде: «Ақша берсең тапсырманы ақымақ та орындайды» деген бұйрық астарлы әзіл бар. Айтты-айтпады, мықты болсаң осындайда іскерлігіңді, тапқырлығыңды, одан қалды азаматтағыңды көрсете біл. Өлара уақытта кейіпкеріміз заман сынынан сүрінбей өтті.  Қиыншылықтарды жеңіп қана қоймай, қол астындағыларға да жеңімпаздық рухты дарыта алды. Сол себепті оған алдымен дивизияға командирлікті, кейін құқықтық тәртіп әскескерінің Бас штаб бастығы лауазымын сеніп тапсырды. Сенім демекші, сара жолдан өткен сардарға ел мен Елбасы да сенім артты.

Тоқсаныншы жылдардың басында Дәулет Қамарұлы ҚР ІІМ Ішкі әскерлер Қолбасшысының бірінші орынбасары – Бас штаб бастығы лауазымына тағайындалды. Оған бүкіл әскердің штабын сеніп тапсырды. Барлық қызмет штаб арқылы тарап, өрбіп жатты. «Генерал» атағы жайында әскерилер арасында әзіл-шыны аралас: «Генерал атақ емес, ол – бақыт!» деген көпке тараған ұғым бар. Оған келіспеске болмас. Генерал атағын екінің біріне бере бермейді. Ол үшін «күндіз күлкі, түнде ұйқы» көрмей, талай етіктің табанын тоздырасың. Кең байтақ Отаныңның бір күні оңтүстігінде болсаң, ертеңінде солтүстігінде боласың. Бұйрықтың аты бұйрық. Қыстың аязды бораны, жаздың ми қайнатар аптап ыстығы, жаңбырлы күні, көктайғақ, батпақ, сулы жер, сусыз шөл тосқауыл болмауы тиіс. Ол есепке алынбайды. Қысқасы Отан үшін кез келген бойыңыз дайын, ойыңыз жинақы жүруі тиісті.

Кейіпкеріміз де осындай талай түйітіл жағдай, күтпеген оқиғаларда әскери тапсырмаларды да уақытында орындауда қоластындағыларға басшылық жасап, жауынгерлерін де, өзін де абырой биігіне көтере білді. Елбасы Н.Назарбаев сенім биігінен көрінген сардарға «генерал-майор» жоғары әскери атағын табыс етті. Әйтсе де, бұл сенімнің соңы емес, 1998 жылы генерал-майор Д.Салханов ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Бұл орден қоғамдық тәртіпті бұлжытпай сақтағаны, халық мүддесін бұлжытпай қорғағаны, әскери және қызметтік міндеттерді орындауда көрсеткен ерлігі мен қайсарлығы үшін беріледі. Бір сөзбен айтақанда, ел мен Елбасы тарапынан берілген оң баға, риясыз сенім. 2007 жылы құрметті еңбек демалысына шықты. Сонда да, әскерден қол үзген жоқ. Жастарды тәрбиелейтін патриоттық шараларда белсене қатысады. БАҚ өз ойын еркін жеткізіп, жастарды ел қорғаушы болуға шақырады.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында тәуелсіздік дәуірінде өзінің еңбегімен, білімімен, өнерімен озып шыққан қаншама замандасымыз бар екенін айтты. Олардың жүріп өткен жолдары кез келген статистикадан артық көрсеткіш. Жастар өмірге шынайы көзбен қарап, өз тағдырларына өздері иелік ете алатын азаматтар болуы үшін оларға үлгі ұсынуымыз керек.

Әскер туралы сөз қозғасақ, біз өз өмірлерін Отанымызға қалтқысыз қызмет атқарған – тәуелсіз Қазақстанның құқықтық тәртіп әскерінің ардагерлерінің даңқты буындары туралы ұмытпауымыз керек.

Әскери болу үшін әскери қызметтің қыр-сырын меңгеру, ел қорғау мамандығын жан-жақты білу, сондай-ақ, қызметтің ауыртпалықтары мен қиыншылықтарын еңсеру керек.

Республикамыздың тәуелсіздік жылдарында Ішкі әскер және Ұлттық ұланның қырыққа жуық офицері Президент қолынан жоғары әскери шен – генералдық погондарды алды. Олар құқықтық тәртіп әскерінің қолбасшылары: генерал-майорлар В.В.Гордеев, А.И.Филистович, генерал-лейтенант Б.Б. Жанасаев, генерал-полковник К.Ш.Сүлейменов, генерал-майор Б.Ғ.Ысқақов, сондай-ақ, әскер ардагерлері генерал-майорла Д.Х.Салханов, Қ.Ж.Тоқышев, И.П.Комаров, Б.А.Цхай, Г.И.Чокушев, Ү.К.Санабаев, А.Р.Дүкенев, Р.Х.Фаткуллин, В.Р.Козак, полковниктер Ж.Ж.Мамин, И.Ы.Әбізов, В.С.Кан, Б.М. Қуатов, С.И. Аймағанбетов, С.В.Граф, И.И.Графкин, Ә.У. Ережепов және тағы басқалар.

Олардың еңбегі құн жетпес, олар құқықтық тәртіп әскерінің құрылуына, қалыптасуына және дамуына үлкен үлестерін қосты. Жоғары лауазымдарда қызмет атқарып, ел басшылығының сенімін ақтаған және ақтап келеді. Аға буын жинаған жауынгерлік тәжірибені және даңқты дәстүрлерді көбейтті және ұрпақтар сабақтасығын сақтады.

Дарын СЕЙІТОВ,
Ұлттық ұлан әскери тілшісі

Серіктес жаңалықтары

Мақалада

#қарттар күні