$ 526.79  606.34  6.51
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қазақстанда әншілер енді фонограммамен концерт өткізе алмайтын болды

Сенат мәдениет, білім және отбасы салаларына қатысты заң жобасын мақұлдап, бірқатар түзетулер енгізді

Қазақстанда әншілер енді фонограммамен концерт өткізе алмайтын болды
Фото: istockphoto.com

Сенаттың пленарлық отырысында мәдениет, білім, отбасы және мемлекеттік бақылау салаларындағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған заң жобасы қаралды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Құжат Парламент депутаттарының бастамасымен әзірленген. Сенат заң жобасын тұжырымдамалық тұрғыда қолдап, кейбір баптарына жаңа редакциялар енгізді.

Сенат аппаратының басшысы Максим Споткайдың мәліметінше, жаңартылған нормаларда 200 және одан көп көрермен қатысатын концерттерде дауыстық (вокалдық) фонограммаларды қолдануға тыйым салу көзделген. Фонограмманы тек телетүсірілім кезінде немесе концерт өткізуге арналмаған орындарда қолдануға рұқсат етіледі. Сондай-ақ көрерменді фонограмма пайдаланылатыны туралы хабарлау міндеті бекітіліп, автордың есімін көрсету тәртібі нақтыланды.

Енгізілген өзгерістерден кейін құжат қайта қарау үшін Мәжіліске жіберілді.

Заң жобасында не көзделген:

  • балабақша құрылысына резервтелген жерлерді жекеменшікке беруге тыйым салу;
  • жоғары оқу орындары мен колледждердегі мемлекеттік білім гранттарын олардың рейтингтік бағалау нәтижелері бойынша бөлу;
  • шетелдік магистратура, аспирантура, докторантура және резидентура бағдарламалары түлектеріне міндетті еңбек өтеуді кейінге қалдыру мүмкіндігі;
  • мүгедек баласы бар немесе І топтағы мүгедекке күтім жасайтын мемлекеттік грант иегерлерін міндетті еңбек өтеуден босату;
  • халықаралық ғылыми байқаулардың жеңімпаздары мен олардың ұстаздарына біржолғы сыйақы төлеу;
  • жеке білім беру ұйымдарына белгілі тұлғалардың есімін беру кезінде ономастикалық комиссиямен келісу тәртібін енгізу;
  • мемлекеттік кітапханаларға мәдени-ағартушылық және білім беру іс-шараларын өткізу құқығын беру;
  • әкімдіктерге кітапхана қорларын сақтау және дамыту бойынша жаңа өкілеттіктер жүктеу.
Серіктес жаңалықтары