$ 526.79  606.34  6.51
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Үкімет басшысы БҚО-да кен орындарының жұмысын тексерді

Олжас Бектенов президент тапсырмаларының орындалу барысын тексерді

Үкімет басшысы БҚО-да кен орындарының жұмысын тексерді
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Премьер-министр Олжас Бектенов Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында мемлекет басшысының мұнай-газ саласын дамыту жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысымен танысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бөрлі ауданында премьер-министр Қарашығанақ және Чинарев мұнай-газ конденсаты кен орындарына барды. Жұмыс істеп тұрған өндірістерді жаңғыртуға және олардың жүктемесіне, мұнай-газ саласындағы жергілікті қамту үлесін арттыруға, кадрлар даярлауға және басқа да мәселелерге назар аударылды.

Олжас Бектенов мұнай конденсатын тұрақтандыру, тазарту және қайта өңдеумен айналысатын Қарашығанақ қайта өңдеу кешенінің технологиялық процестерімен танысты. Нысан Қарашығанақ мұнай-газ конденсаты кен орнының негізгі өндірістері құрамына кіреді. Ол – 279 млн тонна мұнай мен 785 млрд текше метр газдың алуға болатын қалдық қоры бар әлемдегі ең ірі кен орындарының бірі.

«Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б. В.»  компаниясының бас директоры Марко Марсили ағымдағы өндірістік көрсеткіштер мен келешегі бар жобаларды жүзеге асыру жоспарлары, сондай-ақ әлеуметтік жауапкершілік шеңберінде қабылданып жатқан шаралар туралы хабардар етті. Қарашығанақта өткен жылы өндіру көлемі 12,2 млн тоннаны құраған, 2025 жылға арналған жоспар – 12,4 млн тонна. Қарашығанақты кеңейту жобасының (ПРК-1А) газ айдау тиімділігін арттыруға және өндірістік процестердің тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған бірінші кезеңі іске қосылды. Нәтижесінде ішкі нарыққа 7,5 млрд текше метр газ жеткізілді, бұл – Қазақстандағы жалпы көлемнің шамамен 26%-ы.

Премьер-министр мұнай-газ саласы өнеркәсіптік өсудің маңызды драйвері болып қала беретінін атап өтті. Қазақстанда жыл сайын 85 млн тоннадан астам мұнай және шамамен 55 млрд текше метр газ өндіріледі. Мұндай көлемді тұрақты ұстап тұру заманауи технологияларды енгізу мен ірі кен орындарын дамытудың арқасында  мүмкін болып отыр.

Бүгінде Үкімет өндірісті арттырудан бастап, қайта өңдеуді тереңдету және мұнай-газ химиясын кеңейтуге дейінгі батыл шешімдерімен жер қойнауын ұтымды пайдалану стратегиясын дәйекті түрде жүзеге асырып келеді. Бұдан басқа, отандық өндірушілерді қолдаудың маңыздылығы және отандық тауарларды сатып алу үлесін одан әрі арттыру қажеттігі де атап өтілді», – делінген хабарламада.

Бәйтерек ауданында Премьер-министр «Жайықмұнай» ЖШС-ның тауарлық газды қайта өңдеу қуатымен танысты. Чинарев кен орны аумағында бірқатар заманауи қондырғы жұмыс істеп тұр, мұнда теміржол мұнай құю терминалы, газ құбыры, вахталық қалашықтар және тағы да басқа инфрақұрылымдар жақсы дамыған. Газ өңдеу зауытының өндірістік қуаты жылына 4,2 млрд текше метр газды құрайды. Кәсіпорынның жүктемесін арттыру мәселесі пысықталуда.

Серіктес жаңалықтары