Саяси коммуникация, жаңа медиа және АҚШ-та білім алу жайлы Джордж Вашингтон университетінің түлегімен сұхбат
Журналист Жайнагүл Төлеміс Америкада 4 жыл білім алып, биыл елге оралды
Azattyq Rýhy тілшісі Американың Джордж Вашингтон университетінің Медиа және саяси стратегиялық коммуникациялар факультетінде төрт жыл оқып келген тележурналист Жайнагүл Төлеміспен АҚШ-тағы оқу, жаңа медиадағы өзгерістер мен саяси коммуникация туралы сұхбатын оқырман назарына ұсынады.
— Америкада өмір сүрген адамның санасында үлкен трансформация болатыны туралы жиі айтылады. Сіздің ой санаңызға, өмір сүру стиліңізге АҚШ төңкеріс жасай алды ма?
— Америкаға дейін ҚР Президенті жанындағы журналистердің пулында қызмет бабымен 5 жылдай жүріп, әлемнің 60-қа жуық мемлекетінде болдым. Сондықтан өзге елдердің өмір сүру салты мен тұрмыс-тіршілігі маған таңсық болған жоқ. Бірақ барып қайту бір бөлек, сол елде тұрып білім алу бір бөлек дүние. Адам шетелде ондаған жыл жүретін болса трансформация толыққанды жүреді. Ал бірнеше жылға баратын болса, өзгеріс тіпті болмауы да мүмкін.
— Төрт жыл аз уақыт емес қой...
— Мүмкін... Мен сізге бір мысал келтірейін. Америкаға барған алғашқы жылы көшеден үстінде әдемі көйлегі бар америкалық қызды жолықтырдым. Бойжеткеннің жанынан өте бере «Көйлегіңіз әдемі екен» деп комплимент айттым. Содан әлгі қыздың көңілі көтеріліп, «Мен бұл көйлекті Goodwill деген дүкеннен сатып алдым» деді. Мен ол дүкеннің second hand екенін білгендіктен, неліктен ескі киімімен мақтанып тұр деген ой келді. Арада біршама уақыт өткеннен кейін барып, өз ойымнан өзім ұялдым. Өйткені, америкалық бойжеткен дүкенге не брендке акцент жасап тұрған жоқ, ол табиғатқа деген шексіз қамқорлығын мақтан еткен еді. Дамыған елдердің азаматтары табиғатқа деген қамқорлығын кез келген дүниеден көрсеткілері келіп тұрады. Ал біздегі қалыптасып қалған менталды ұстаным «қаражаты жоқтықтан киініп жатыр» екен деген ойға жетелейді. Жалпы, трансформация осындай ұсақ нәрселерден басталып, үлкен концептілерге ұласады.
— Сізбен сұхбатқа келіскенде «Мен журналистиканы емес, коммуникация саласын оқып келдім» деп ескерткен едіңіз. Өзіңіз оқып келген мамандық туралы айтып беріңізші?
— Менің таңдаған мамандығым – медиа және саяси стратегиялық коммуникациялар. Коммуникация аналитикадан тұрады. Ал,халықтың ой- пікірін зерттеу, зерделеу арқылы қоғамда туындауы мүмкін қауіп-қатерлердің және кризистің алдын алуға болады.
Менің Вашингтонды таңдауым да тектен-тек емес. Джордж Вашингтон университеті Ақ үйден таяқ тастам жерде орналасқан. Аптасына кем дегенде бірнеше рет кәнігі саясаткерлермен жүздесесің. Хилари Клинтон секілді саяси тұлғалар дәріс оқып, жаңа кітаптарын таныстырып тұрады. Бернард Сандерс, Джозеф Байденнің дәрістерін тыңдауға мүмкіндік болды. Вашингтонда саясаткерлермен кездесу, пікірлесу қолжетімді. Шаһарда өтетін түрлі іс-шара кезінде олардың кейбірі күзетшісіз емін-еркін жүре береді. Сондай шаралардың бірінде, мен Вашингтон қаласының Колумбия округінің мэрі Мюриел Баузермен пікірлескенім бар. Бұл да атақ-даңқына қарамастан саяси тұлғалардың, профессорлардың кездескен кез келген адамға деген кішіпейілділігінің дәлелі болса керек. Алып державаның астанасында саяси коммуникация мықты жолға қойылған. Ал жаныңда бірге оқитын студенттер сол елдің басқару жүйесіндегі жастар. Сол жерде білім алып, сол ортаны тану мен үшін маңызды болды.
— Біз секілді әкімдіктің өзіне ресми түрде сауалнама жіберіп, оның жауабын айлап күтпейді дейсіз ғой...
— Ол жақта хат жазу коммуникациясы өте жақсы жолға қойылған, жазған хатың жауапсыз қалмайды, ол да этикеттің бір түрі деп білем.
АҚШ-тағы ЖАҢА МЕДИА ЖӘНЕ КОММУНИКАЦИЯ
— Біз медиа және коммуникация саласында Америкадан нені үйренуіміз керек?
— Америкадан үйренер дүниеміз өте көп. Саланың техникалық жарақтандырылуы және мамандардың интеллектуалдық деңгейі жоғары. Олар жаңа медианы дәстүрлі медиадан бөліп жармайды. Дәстүрлі медиа жаңа медианың талаптарына әлдеқашан бейімделіп алған, өз өнімдерін де әр медиа форматына лайықтап дайындайды. Сондай-ақ, ол жақтағы медиа ұйымдары қарапайым халықтың ойынан шыға біледі. Кейбір басылымдар көрерменнің көңілін табу үшін өздері зерттеу жүргізіп, сауалнама жасап халықпен кері байланысты жолға қойып алған. Халық бірінші кезекте кімге сенеді, әлбетте мамандарға сенеді. Коммуникаторлар соны жақсы біледі және қандай да бір кризис туындаса, сол саланың жілігін шағып, майын ішкен мамандарға жүгінеді.
Батыстың коммуникаторлары тілдік факторды да ерекше орынға қояды. Сондықтан саясат тілінің философиясы дербес пән ретінде оқытылады. Біз Қазақстанда саясаткерлердің қазақша сөйлеуін талап етіп жатырмыз, бірақ түптеп келгенде қазақша тек сөйлей білу аздық етеді. Ұлтты ұйыта білу үшін, саясаткерлер әрбір оралымның адам санасына қалай әсер ететінін білуі керек. Қазақтың әр сөзінің артында ұлттың жылдар бойы қалыптасқан коды жатыр. Оны білмеген адам халықты иландыра алмайды, жөнді коммуникация құра алмайды.
— Осы ойыңызға қатысты Фейсбук желісіндегі соңғы жазбаңызды оқыған едім. Онда ақпарат беру барысында сөзге абай болу қажеттігін айтып, коммуникаторлар мен медиа өкілдерінің негативті сөздерді аз пайдаланғаны жөн екенін жазыпсыз. Неліктен негативтерден алшақ болуымыз керек?
— Саяси коммуникация саласында негативті және позитивті фреймдер деген түсінік бар. Негативті фрейм – халықтың санасында жағымсыз эмоция тудыратын, көптің шамына тиетін сөздердің жиынтығы. Оны біздің қоғамдағы философтар, идеологтар және әлеуметтанушылар жақсы біледі. Ал, позитивті фреймдер халықтың санасында позитивті сезімдерді оята алады. Кей сөз тіркестері келешекке деген үмітті оятады. Сондықтан сөзді таңдаған кезде манипуляциядан және уақытша ұпай әкелетін күмәнді теңеулерден аулақ болған жөн.
Біз бірінші кезекте айтқан сөзіміздің қандай ойға жетелейтініне, көз алдымызға қандай бейнелерді әкелетініне, қандай сезімдерімізді оятатынына мұқият болуымыз керек. Халықты «денсаулық сақтау саласындағы дағдарыс», «елдегі жаппай дағдарыс», «вирустың екінші толқыны келе жатыр» деп қорқыта бергеннен ештеңе ұтпаймыз. Ал жоғарыдағы аталған сөз тіркестеріне халықтың біртіндеп еті үйреніп кетуі мүмкін. Содан қоғамда немқұрайлылық туындайды. Дұрысы, «кез келген қиындықты өткінші» деп сипаттасақ ұтылмаймыз.
АҚШ-тағы АКАДЕМИЯЛЫҚ БІЛІМ
— АҚШ-тағы академиялық білім беру ерекшеліктері қандай? Жалпы, БАҚ, коммуникация саласын шетелде оқығысы келетін жастарға қандай оқу орындарын таңдауға кеңес берер едіңіз?
— Америкадағы журналистикадан мықты білім беретін оқу орны –Колумбия университеті. Одан кейін Лос-Анджелес қаласындағы Оңтүстік Калифорния университетін атауға болады. Ал коммуникация саласындағы ең мықты мектептердің бірі – Бостон университеті. Бұл университеттерде іргелі мектеп, мықты профессорлық құрам бар. Өз салама қатысты айтар болсам, коммуникация саласын оқытатын университеттерде академиялық бағдарлама тың, заманауи. Жоғарғы оқу орындары коммуникацияның тарихын жалпылап атап өтеді де, жаңа медиаға көбірек акцент жасайды. Мысалы, саяси коммуникация мамандығында сала тарихы жеке пән ретінде оқытылмайды. Бүгінде болып жатқан жаңа тенденциялармен байланыста зерделенеді. Ал тенденциялар және трендтер күніге өзгеріп жатады. Екіншіден, келешекте коммуникация, пиар, журналистика, геосаясат секілді дербес ғылымдардың барлығы бір-бірімен қабысып кетеді. Жаһанда қай ел ұтады? Осы мамандықтарды ұтымды байланыстырып, салыстыра зерттей білген ел ұтады. Осылайша, біртіндеп түрлі ғылымдар арасындағы шекара жойылады. Үшіншіден, жоғарғы оқу орындары үшін студенттердің әлеуеті маңызды. Әрбір шәкірттің басында болатын түрлі қиын сәттерде университеттерде эмоциялық және моралдық көмек беретін небір институттар шоғыры қалыптасқан. Олар тіпті, көңіл-күйің болмай жүргенін көрсе, сені қолдауға дайын. Бізде мұндай форматтағы коммуникация жоқ. Менің білуімше, бізде профессорлар студенттермен тек старосталар арқылы сөйлеседі. Мұндай шекара болмауы керек.
— АҚШ-та оқып келген теориялық біліміңізді практика жүзінде біздің елде жүзеге асыруға бола ма?
— Әрине, жүзеге асыруға болады. Бізге әлі де сауатты коммуникаторлар, медиаторлар қажет.
— Қазақстанда медиаторлар ақын, жазушы, имам, одан қалса, актерлар ғой. Ал сіз сипаттап отырған жүйе мүлдем бөлек...
— Қазіргі кезде дамыған елдердің өзі өз ішіндегі көптеген этникалық мәселелерді шеше алмай жатыр. Американы алып қарасақ, қара нәсілділер мен ақ нәсілділер арасында өшпенділік өршіп тұр. Жаңа медиа және әлеуметтік желілер кейде сол өшпенділікке от қоюға көмекші құрал болады. Осы тұста коммуникаторлар сондай оқиғалардың бел ортасында жүруі керек. Олар тараптардың бірін-бірі түсінуіне көмектеседі. Біз кейде өзіміздің ішкі мәселелерімізге көп мән беріп, өзгелерді ұмытып кетіп жатамыз. Өзгелерді түсіне білу, өзгелерге ықпал ете білу деген сөз. Ал өзгелерді түсіне білудің артында терең психология жатыр. Коммуникация саласында міндетті түрде жоғарғы білімі және тәжірибесі бар кәсіби мамандар болуы керек. Екі адамның арасындағы коммуникация, топтық коммуникация, корпоративті коммуникация, билік пен бұқара арасындағы коммуникация деген салалар бар. Әрқайсысы бөлек-бөлек іргелі ғылым.
Қазір гибридті медиа үстемдік етіп тұрған дәуір. Дәстүрлі медиа әлі өзектілігін жоғалта қойған жоқ. Бірақ жаңа медиа төрге шығып келе жатыр. Гибридті медиа кеңістікті басқару күрделі. Мұны зерттеп жатқан іргелі институттар бар. Әлем қазір әлеуметтік желілердің халықтың көңіл-күйіне және іс-әрекетіне қалай әсер ететінін жарыса зерделеу үстінде. Мысалы, мен белгілі бір тақырыпқа қызығамын делік. Қызыққаннан кейін, сол тақырып төңірегінде интернеттен ақпарат іздеймін. Google алгоритмдерге құрылғандықтан менің алдыма айналып келіп, сол тектес ақпараттарды ғана ұсынады. Егер мен деструктивті ақпарат іздесем, келесіде алгоритмдер сол дестуктивті ақпараттарды алдыма әкеліп, санамды одан сайын шектей түседі. Ең қауіптісі, жастар көбіне сол ақпараттардың тұсауында қалып қояды. Бұл құбылысты желіні зерттеушілер filter bubble деп атайды. Адамдар алгоритмдер арқылы күнде айналып келетін ақпараттардың жетегінде қалып, желіде тек сол ақпаратты оқитын адамдардың шоғыры пайда болады. Соның салдарынан қоғамда әлеуметтік топтар бөлшектеніп кетеді. Желідегі топтардың қызығушылықтары игілікті мақсат тұтса мейлі дейік, ал оларды детструктивті қызығушылықтар біріктірсе, соңы үлкен әлеуметтік мәселенің туындауына апарып соқтырады. Коммуникацияның қай саласында болмасын, академиялық білімді міндетті түрде жаңа медиа факторын есепке ала отырып зерттеуіміз керек. Олай болмаса, қолымыздан күш кетіп, әлеуметті басқару мүмкін болмай қалады.
ЖАҢА МЕДИАДАҒЫ ЖУРНАЛИСТ
— Жаңа медиадағы журналистер қандай болуы керек?
— Журналистер қазір бәсекеге қабілетті болуы үшін этиканы және аналитиканы меңгеруі керек. Жаңа медиа дәуірінде ең алдымен, этиканы оқытудың өзектілігі артып келеді. Этикаға екпін түскен кезде журналисте ішкі сүзгі қалыптасады. Екіншіден, аналитикадан хабары бар журналист fake ақпаратты жазбай таниды. Сын тұрғысынан ойлау, дүрмекке ермей, жұрт жаппай таратып жатқан дизинформацияға күмәнмен қарауға үйретеді. Оған қоса Data Mining, Data Science, аналитика, Big Data-мен жұмыс жасап үйренуіміз керек. Мен қазір сізге жаңа заманда журналистика және архитектура аралас-құралас ғылым десем, сіздің көз алдыңызда екі бірдей бір-біріне қабыспайтын мамандық елестейді. Шынтуайтына келгенде, олар екі бірдей мамандық емес, ол бір мамандық иесінің жасайтын дүниесі. Кейбір дамыған мемлекеттерде журналист архитектор, дизайнерлермен бірігіп жұмыс жасайды, болмаса өзі сол мамандықты игеріп алады. Мәселен, таратылған ақпараттың дұрыс немесе бұрыстығын тексеру үшін, болған оқиғаның геолокациясын, көрінісін, оқиға болған уақытты секундына дейін қайта есептеп, ментальды тұрғыда қайта реконструкциялауға болады. Сол үшін журналист архитекторлықты да оқиды. Түсінесіз бе?
— Яғни бүкіл пазлды жинап, оқиға картинкасын толықтай құрастыруы үшін журналиске жазу қабілетінен бөлек, логика керек қой?
— Иә, мәтін жаза білу – журналист игеруі керек ілімнің бір жұрнағы ғана. Ал екінші қыры – басқа салалық ғылымдардан хабары болуы қажет. Бүгінгі стандарттар журналистің бір емес бірнеше салада білімі болуын талап еткендіктен, бізге де дәл сондай мамандарды дайындауды қолға алу қажет. New York Times, The Wasgington Post журналистері Қазақстанда экономистер ғана жүргізе алатын қарапайым статистикалық тесттерді жасап, керек десе, бағдарламаларды кодтай алады. Сондықтан журналистиканы гуманитарлық сала деп санау – шектеулі шеңбердегі түсінік.
Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан