«Сұлулық, комплекстен арылу және жаңа орта». Ұлдарымен бірге таеквондоға қатысатын аналардың хикаясы
Астаналық жас аналардың спорт секциясына барғанына тоғыз айдан асты

Нұр-Сұлтан қаласында тұратын бір топ жас ана биыл қаңтар айынан бастап ұлдарымен бірге таеквондодан спорт секциясына жазылуға шешім қабылдаған.
Azattyq Rýhy тілшісі сұхбаттасқан жас келіншектер таеквондо спорты сымбатты түзеп, мүсінді мінсіз етуден өзге, орынсыз жасқанудан арылуға, өзіңе деген сенімділікті күшейтуге көп септігін тигізетінін айтады.
БАЛАЛАРДЫҢ ЖАТТЫҒУҒА ДЕГЕН ҚҰЛШЫНЫСЫ АРТҚАН
Бұл идеяға бастамашы болған – Жанель Мұқашева. 32 жастағы Жанель үш баланың анасы, қазір құрылыс саласындағы компаниялардың бірінде директор. Қаңтар айында 11 жастағы ұлы Мансұрдың аттестациялауына келген кезде, біз де спортпен айналысайық деген бастаманы көтерген.
«Біздің балаларымыз таеквондоға бұрыннан қатысады. Ұлым Мансұрдың қатысып жатқанына биыл 6 жыл толады. Қаңтар айында балаларымыздың аттестациясына келгенбіз, сонда «Неге осы спорт түрімен ата-аналар да айналыспасқа?» деген ой келіп, өзге аналарға ұсыныс жасадым. Бұл бастамамды өзге аналар да бірден қолдай кетті. Спортпен айналысу өзіміз үшін де пайдалы, екіншіден, бұл балаларымызға мотивация береді. Ата-аналар спортпен айналысқан кезде балалардың жаттығуға деген ынтасы артып, құлшынысы күшейеді. Сондықтан бұл балаларымыз үшін де жақсы өзгеріс болды», - дейді Жанель.
Жас аналар үйірмеге қатысқалы бері өздерінің түр-тұлғасында ғана емес, балаларының бойында да өзгерістер байқалғанын айтады.
«Бұрын балам «ішім ауырып тұр, сабағым бар» деп сылтау айтатын еді. Мен бірге қатысқалы бері ол бірде-бір жаттығуын жібермейді. Жалпы, залға аптасына үш рет барып, екі сағаттан жаттығамыз. Аттестация кезінде жаттығуға аптасына 5-6 рет келеміз. Қазір ұлым қызыл белбеу иесі, ал мен сары белбеу иесімін. Бұл тұрғыда бірнеше жыл салып ұлымды қуып жетемін деп ойлаймын (күліп). Мұнда келгелі артық салмақтан арылып, жинақы болып қалдым. Қалған аналар да арықтағанын айтып қуанып жүр. Күні бойы жұмыста отырып, бойыңызға түрлі негатив жинап келген адам үшін жаман энергиядан құтылуға жақсы мүмкіндік. Осы секцияның арқасында бір-бірімізбен жақын араласып, құрбы, кейбіріміз отбасы болып араласатын достарға айналып кеттік. Карантин кезінде бәріміз бірге жүгіретінбіз. Отыз жастан асқаннан кейін де спортпен айналысуды бастау кеш емес», - дейді Мансұрдың анасы.
«КЕШІГІП КЕЛГЕН АНАЛАРДЫ ЖАЗАЛАЙМЫЗ»
Аналар тобының жаттықтырушысы Алмас Серікұлы жас әйелдердің таеквондо секциясына жазылып, біздің қоғамда қалыптасқан стеротиптерді бұзуы зор жеңіс деп есептейді.
«Жас аналарымыз жарады, нәтижелері де өте жақсы. Біздің қоғамдағы стеротиптерді білесіз, 30-дан асқан балалы әйелдер үшін мұндай спорт түрімен шұғылдану ерсі сияқты көрінеді. Біздің залға келетін көп ана жеке сабақ алып, топпен бірге қатысуға ұялып жатады. Ал бұл кісілер бар комплексті жиып, арнайы форма сатып алып, өздерін қайта оқушы сияқты сезінеді. Бұл - үлкен жетістік. Жас аналар тобындағы қатысушылардың бәрі дерлік белсенді. Басында біразы «артық салмақтан арылуым керек, ана жерімдегі, мына жерімдегі май жоғалса» дейтін еді... Қазір белбеу иеленуге аттестация тапсырып, жарыстарға қатысқысы келетінін айтып жүр. Аналар кешікпеуге тырысады. Бізде тәртіп қатаң, кешігіп келген аналарды жазалаймыз. Кешіккен адам 100 рет отырып-тұруы немесе жерден 20 рет кеудемен көтерілуі керек», - дейді жаттықтырушы.
6 жасынан бері осы спорт түрімен айналысатын Алмас таеквондо адамды тек физикалық жағынан шыңдамай, адамның рухани дамуына да ықпал ететінін айтады.
«Ата-аналар балаға салауатты өмір салты туралы құр айта бергенше, өзі бастап үлгі болғаны анағұрлым жақсы. Аналары қатысып жатқандықтан, балалар да жаттығу барысында барынша белсенді болып, жақсы жағына өзгерді. Таеквондо – адамның тек физикалық тұрғыда дамуына ғана емес, ең алдымен, тәртіпке үйретеді. Біз балаларды физикалық тұрғыда мықты болуға ғана емес, сабырлы, ұстамды, шыдамды болуға, үлкендерге құрмет көрсетуге баулимыз. Әрбір қатысушы осы залға жайдан-жай кірмейді, жаттықтырушыға, белбеуі өзінен жоғары адамға міндетті түрде иіледі. Балалар мұнда кіргенде мүлдем басқаша атмосфераға тап болады. Бұл баланың тәртіпке бой ұсынып, үлкенге құрмет көрсетуіне ықпал етеді», - деді Алмас Серікұлы.
«ҚИНАЛЫП, ЖЫЛАҒАН КЕЗДЕРІМ БОЛДЫ»
Медиа дамыту қорында бөлім жетекшісі болып жұмыс істейтін журналист Бибігүл Құламан да жұмысбасты болғанына қарамай, бала күнгі арманын орындап жүр. Алғаш қатысып жүргенде жаттығулардың қиындығынан жылап та алған журналист бүгінде сары белбеу иесі атанып отыр.
«Мектеп кезінде таеквондоға қатысып жүретінмін. Кейін ата-анама салмақ салмайын деп шығып кеттім. Бірақ, кейін міндетті түрде ұлымды осы спорт түріне беремін деп шешім қабылдадым. Ұлым үмітімді ақтап, сары, жасыл белбеу иеленіп, түрлі сайыстарда марапат алып жүр. Биыл осындай топ ашылған кезде ұлым: «Анашым, сіз неге сол курсқа қатыспайсыз. Сіздің бала күнгі арманыңыз емес пе?!» деді. Содан қыста секцияға келдім. Қиындық тек адамның басында ғана екен. 35 жасқа келгенде мұндай спорт секциясына қатысып, шұғылдану - өзім үшін үлкен жетістік болды. Басында қиналдым, тіпті жыладым. Жаттықтырушылардың «Сіз мықтысыз!» деген қолдауының арқасында осындай дәрежеге жеттім. Қанша қиналсам да спортты тастау туралы ой болмады. Жұмыстағы, үйдегі шаруа бастан асып жатса да, уақыт тауып залға келеміз. Егер кешіксек, сабақтардың біріне қатыспай қалсақ, 100 рет отырып-тұру, 20 рет жерден көтерілу сынды жазалар қолданылады (күліп). Қайын жұртым да «Біздің келін бәріне үлгереді!» деп мақтап, қолдауын білдіріп жатыр», - деді ол ағынан жарылып.
Кейіпкеріміз бұл бастама жаңа орта мен сыйлас достар табуға, уақытпен санасуға әсер етті дейді.
«Таеквонда алдымен тайм-менеджментке баулиды. Қазір жаттығуға үлгеру үшін алдын ала шаруаларымды кестеге түсіріп, уақытын белгілеп аламын. Қарапайым ғана - арқамды тік ұстауды үйрендім. Бойымда өзіме деген сенім пайда болды. Топтағы аналармен жаттығудан тыс кезде де араласып, кездесіп тұрамыз. Өзіміз сияқты аналарға спортпен айналысып, санадағы қиындыққа іспен жауап қатып, өзіңді кез келген тың дүниеге үйретудің ешқашан кеш болмайтынын айтқымыз келеді», - деді Бибігүл.
Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан