БҚО-да алаяқтар жастардың банктік шотын пайдаланып, елден 17 млн теңге жымқырған
Дроппер болған жастар 200-350 АҚШ доллар аралығында сыйақы алып отырған
Қаржылық мониторинг агенттігі интернет-алаяқтардың Батыс Қазақстан облысында жастардың банктік шоттарын заңсыз пайдаланып, 17 миллион теңге көлемінде қаражат жымқыру фактісін тергеп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ұйымдастырушылар уақытша табыс табу ретінде жастарға екінші деңгейлі банктерден өз атына шот ашуды ұсынған.
Интернет-банкингтің мобильді қосымшалары орнатылғаннан кейін шоттарға кіру қылмыскерлердің бақылауына өткен.
«Мұндай әрекеттерге қатысқан тұлғалар – «дропперлер» 200-ден 350 АҚШ долларына дейін сыйақы алып отырған. Олардың атына ашылған шоттар арқылы интернет-алаяқтық құрбандарынан түскен қаражат аударылып отырған. Заңсыз айналымдағы қаражаттың жалпы көлемі 17 млн теңгеден астқан.
Эпизодтардың бірінде банктік картасы бұғатталғаннан кейін бір дроппер заңсыз әрекеттерге қатысудан бас тартқан. Қылмыстық топтың қатысушылары оны күштеп ұстап, қорқытып, шотқа қайта кіруді қалпына келтіруді талап еткен.
Қазіргі уақытта ұйымдастырушы күдікті ретінде танылып, соттың санкциясымен қамауға алынған. Тергеу жалғасып жатыр», – делінген агенттік хабарламасында.
ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.
Еске салсақ, 2025 жылғы 16 қыркүйектен бастап Қылмыстық кодекске банктік шотқа, төлем құралына немесе сәйкестендіру құралына заңсыз қолжетімділікті беру, тарату не иелену үшін жауапкершілікті белгілейтін 232-1-бап енгізілді. Бұл бап мүлкін тәркілей отырып, 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейді.