Көкшетауда орындықта қалған алтын бұйымдарды зейнеткер иемденіп кеткен
Зейнеткер орындықта ұмыт қалған сөмкені иесіне қайтармай, ішіндегі алтын әшекейлердің бірін ломбардқа өткізіп жіберген
Көкшетау полицейлері ішінде алтын әшекейлер, ұялы телефон, қол сағаты және басқа да жеке заттары бар сөмкенің ұрлану фактісін ашты. Келтірілген шығынның жалпы көлемі 3 млн 470 мың теңгені құрады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Полиция басқармасының кезекші бөліміне облыс орталығының 70 жастағы тұрғыны жүгінген. Оның айтуынша, Абылай хан даңғылындағы үйінің ауласында демалып отырған кезде сөмкесін орындықта ұмытып кеткен. Біраз уақыттан кейін қайта оралғанда, сөмке орнында болмаған.
Оқиға бойынша ұрлық фактісімен сотқа дейінгі тергеу басталды.
Жедел-іздестіру шаралары барысында тәртіп сақшылары Жедел басқару орталығының, сондай-ақ сөмке жоғалған аумақтағы тұрғын үйлер, сауда орындары мен өзге де нысандардың бейнебақылау камераларындағы жазбаларды зерделеді.
Полицияның мәліметінше, бейнежазбалар жоғалған сөмкенің кейінгі қозғалысын анықтауға және оны тауып алған әйелдің жеке басын белгілеуге мүмкіндік берген.
Тергеу мәліметіне сәйкес, күдікті қараусыз қалған заттарды байқап, біраз уақыт иесінің келуін күткен. Кейін сөмкені алып кеткенімен, бұл туралы полицияға хабарламаған. Өзінің айтуынша, үйіне қайтып бара жатқан жолда сөмкені лақтырып жіберіп, ішіндегі ұялы телефонды, қол сағатын және алтын әшекейлерді өзінде қалдырған.
Келесі күні қаржылық қиындыққа тап болған әйел табылған алтын сақиналардың бірін ломбардқа өткізіп, 150 мың теңге алған. Ол бұл қаражатты азық-түлік пен дәрі-дәрмек сатып алуға жұмсаған.
Қазір қылмыстық іс бойынша қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Полицейлер иесі белгілі немесе оны анықтауға болатын табылған мүлікті иемдену заң бойынша жауапкершілікке әкелетінін еске салды. Бөтеннің затын тауып алған жағдайда оны дереу иесіне қайтаруға әрекет жасау немесе жақын жердегі полиция бөліміне тапсыру қажет.