«Әділет» партиясының сайлауалды штабтары өңірлерде ауқымды кездесулер өткізді
Павлодар, Көкшетау және Қызылорда қалаларында маңызды кездесулер ұйымдастырылды
«Әділет» партиясының сайлауалды штабы Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарын сайлау алдындағы үгіт-насихат науқаны аясында Павлодар, Көкшетау және Қызылорда қалаларында маңызды кездесулер ұйымдастырды. Басқосулар барысында партия өкілдері спортшылармен, өндіріс орындарының жұмысшыларымен және коммуналдық сала қызметкерлерімен ашық пікір алмасты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қазақстан чемпионатының кезекті сырт алаңдағы матчы қарсаңында «Ертіс» футбол клубына ерекше қолдау көрсетілді. Команданың жаттығу базасында футболшылар мен жаттықтырушылар штабының «Әділет» партиясының өкілдерімен кездесуі өтті.
Кездесуге Құрылтай депутаттығына кандидаттар Илья Теренченко, Сандуғаш Қалижанова, Жарқынбек Амантай, Гүлзира Атабаева және «Жастар Рухы» жастар қанатының өкілдері қатысты.
Партия өкілдері жастардың қоғамдық бастамалардың басты қозғаушы күштерінің бірі екенін атап өтіп, спортты және дарынды жастарды қолдау «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасындағы маңызды бағыттардың бірі екенін жеткізді. Қатысушыларға партия бағдарламасының негізгі бағыттары таныстырылып, ондағы барлық бастамалар қазақстандықтардың өмір сүру сапасын арттыруға, әділетті мемлекет құруға, цифрлық сервистерді дамытуға және жастарға жаңа мүмкіндіктер жасауға бағытталғаны айтылды.
Кездесудің ерекше әсерлі сәттерінің бірі футболшыларға арналған шынайы лебіздер болды. Құрылтай депутаттығына кандидат Гүлзира Атабаева «Ертіс» футбол клубының жай ғана команда емес екенін ерекше атап өтті.
«Бұл – қаланың тарихы, мінезі және жүз мыңнан астам адал жанкүйердің мақтанышы. Бізді кәсібилікке, біліктілікке және нәтижеге деген ұмтылыс біріктіреді. Сондықтан «Ертіс» пен «Әділет» партиясының ортақ құндылықтары өте көп», - деді Гүлзира Атабаева.
Әңгіме барысында цифрлық мемлекет құру мәселесіне де ерекше назар аударылды. Партия өкілдері «Әділеттің» цифрлық сервистері, eGov және екінші деңгейлі банктердің қосымшалары арқылы партияға мүше болу мүмкіндіктері, сондай-ақ ішкі процестерді жетілдіруде жасанды интеллект технологияларын қолдану жөнінде айтып берді. Кездесуге қатысушылардың пікірінше, заманауи технологиялар мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыра отырып, азаматтардың игілігіне қызмет етуі тиіс.
Кездесудің ең әсерлі сәті – футболшылар мен жаттықтырушылар штабы қолтаңба қалдырған символикалық футбол добын табыстау болды. Бұл доп өзара құрметтің, қолдаудың және команда мен жанкүйерлер арасындағы бірліктің естелігі ретінде сақталады.
Кездесу соңында партия өкілдері «Ертіс» футболшыларына алдағы ойында сәттілік, жарқын жеңістер мен жаңа жетістіктер тіледі. Сонымен қатар олар «Ертістің» жеңістері әлдеқашан бүкіл Павлодар облысының мақтанышына айналғанын атап өтті.
Партия өкілдері Көкшетау қаласындағы ауыл шаруашылығы техникасын өндіретін отандық «Kazrost Engineering» кәсіпорнында Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарын сайлау алдындағы үгіт-насихат науқанын жүргізді.
Кездесу барысында сайлауалды штаб өкілдері партияның бағдарламасының негізгі басымдықтары таныстырылды. Штаб мүшелері алдағы кезеңге арналған бастамалар мен жоспарларға тоқталып, кәсіпорын қызметкерлерінің сауалдарына жауап берді. Басқосу барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, өндірісті қолдау және еңбек адамдарының әл-ауқатын арттыру мәселелері бойынша мазмұнды пікір алмасу өтті.
Кездесуде отандық өндірісті дамыту, жаңа жұмыс орындарын құру, еңбек ұжымдарын қолдау, кәсіпкерлікті ынталандыру және ел экономикасының тұрақты өсімін қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттығына кандидат Берген Беспалинов кездесудің маңызын атап өтіп, ашық диалогтың қоғам үшін қажеттілігін жеткізді.
«Бүгінгі кездесулердің басты мақсаты – халықтың пікірін тыңдап, нақты ұсыныстарын ескеру. Өндіріс орындарында еңбек етіп жүрген азаматтардың мәселелері мен бастамалары елдің болашағын айқындайтын маңызды факторлардың бірі. Біз әділетті қоғам құру жолында отандық өндірісті қолдау, жаңа жұмыс орындарын ашу және еңбек адамының мәртебесін арттыру бағытындағы бастамаларды жүйелі түрде жүзеге асыруға ниеттіміз», – деді Берген Беспалинов.
Кездесу соңында қатысушылар өздерін толғандырған өзекті мәселелерді көтеріп, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Ашық әрі сындарлы форматта өткен басқосу өңір тұрғындарының сұраныстары мен бастамаларын талқылайтын тиімді диалог алаңына айналды.
Ал Қызылордада «Қызылорда Тазалығы» ЖШС ұжымымен өткен кездесуде еңбек адамдарының әлеуметтік жағдайы, жұмыс қауіпсіздігі, экологиялық мәдениет пен қаланың тазалығын сақтау мәселелері талқыланды. Жүздесуге облыстық және қалалық сайлауалды штабтың өкілдері Асхат Шәукенбаев, Әділжан Сәулебаев, Раушан Ысқақова және Бауыржан Төлеген қатысты.
Кездесуде 2026–2031 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламада көзделген еңбек адамын қолдау, жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыру, қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету және «Таза Қазақстан» бастамасы аясындағы міндеттер таныстырылды.
Облыстық сайлауалды штабтың өкілі Асхат Шәукенбаев еңбек адамының құқықтары мен әлеуметтік қорғалуын күшейтуге ерекше басымдық берілгенін жеткізді. Өз кезегінде «Қызылорда Тазалығы» ЖШС қызметкерлері күнделікті жұмыста кездесетін өзекті мәселелерді көтеріп, өз ұсыныстарын білдірді.