Атырауда құбыр ауыстыруға бөлінген қаржыны жымқырған 5 адам сотталды
Сот шешімі бойынша, квазимемлекеттік сектордың қаржысын жымқыртқан азаматтар 5 жылдан 6 жыл 8 айға дейін бас бостандығынан айырылды
Атырау қаласының №2 соты құбырды ауыстыру жобасы кезінде алаяқтық жасаған бес айыпталушыға қатысты үкім шығарды. Сот шешімі бойынша, квазимемлекеттік сектордың қаржысын жымқыртқан азаматтар 5 жылдан 6 жыл 8 айға дейін бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Іс материалдарына сәйкес, сотталушылардың бірі өзінің қызметтік бабын пайдаланып, тендерді ұтып алған мердігер ұйымды бейресми бақылауда ұстаған. Ол тапсырыс берушінің орынбасарымен, мердігер компания қызметкерлерімен және авторлық қадағалау өкілімен сөз байласқан.
Күдіктілер жобаға заңсыз түзетулер енгізу арқылы ірі көлемдегі бюджет қаражатын қолды қылған.
Судья айыпталушылардың кінәсі куәгерлердің түсініктемелерімен, жасырын тергеу әрекеттерінің материалдарымен, өзара хат алмасуларымен және сараптама қорытындыларымен толық дәлелденді деген шешімге келді. Сот үкімімен ұйымдастырушы С. 6 жыл 8 айға, ал К., М. және И. есімді айыпталушылардың әрқайсысы 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал С.-ның сыбайласы А. 5 жылға сотталды.
Зардап шегуші тараптың азаматтық талап-арызы жартылай қанағаттандырылды. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.