Ақмола облысында полицейлер жоғалған баланы бір сағатта тапты (ВИДЕО)
Тәртіп сақшыларының жедел әрекетінің арқасында Нығметжан есімді бүлдіршін бір сағаттың ішінде ата-анасына қайтарылды
Ақмола облысының Есіл ауданында үйінің қасында ойнап жүріп адасып кеткен кішкентай бала аман-есен табылды. Тәртіп сақшыларының жедел әрекетінің арқасында Нығметжан есімді бүлдіршін бір сағаттың ішінде ата-анасына қайтарылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Баланың әкесі Ақжан Жұмасұлтановтың айтуынша, ұлы үй қасында ойнап жүріп, ересектердің бақылауынсыз қалып қойған да, адасып кеткен. Аудандық полиция бөлімі оқиға туралы ақпарат түскен бойда дабыл көтеріп, патрульдік полиция қызметкерлерін, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторларды, учаскелік полиция қызметкерлері мен жедел уәкілдерді іздеу жұмыстарына жұмылдырды.
Полиция департаментінің мәліметінше, қызметкерлердің кәсібилігі мен өзара үйлесімді жұмысының арқасында бүлдіршін аман-есен табылып, заңды өкілдеріне тапсырылды. Баланың денсаулығына зиян келмеген. Баланың әкесі полицейлерге алғысын білдірді.
Тәртіп сақшылары баланың қауіпсіздігі ең алдымен ата-аналар мен ересектердің мұқияттылығына байланысты екенін ескертеді. Балаларды қараусыз қалдырмай, оларға қауіпсіздік ережелерін үнемі түсіндіріп отырған жөн. Егер бала жоғалып кетсе, уақыт жоғалтпай, бірден полицияға хабарласу қажет. Іздеу жұмыстары кезінде әрбір минуттың маңызы зор.