Ақтөбе облысындағы 12 адам қаза тапқан жол апаты: зардап шеккен екі адам ауруханадан шықты
Қайғылы оқиға 23 қазан күні Белқопа ауылы маңында болды
Ақтөбе облысында 12 адам қаза болған жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен екі адам ауруханадан шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Екі науқас ауруханадан шығарылды, тағы үшеуі облыс орталығындағы стационарларда ем алып жатыр. Олардың ішінде баланың жағдайы өте ауыр деп бағаланып отыр, ересектердің бірі операциядан өтті, тағы бірі толық ем алған соң шығарылуға дайындалып жатыр», – деп мәлім етті облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Еске салайық, 23 қазан күні Самара – Шымкент автожолының Белқопа ауылы маңында жүк көлігі DAF пен жолаушылар тасымалдайтын «Газель» автокөлігі соқтығысқан болатын. Алдын ала мәлімет бойынша, жүк көлігі қарсы жолаққа шығып кеткен.
Жол апаты салдарынан екі жүргізуші мен «Газель» көлігіндегі 10 жолаушы оқиға орнында қаза тапты, тағы алты адам түрлі дәрежеде жарақат алып, Хромтау аудандық ауруханасына жеткізілді. Қаза тапқандардың арасында әкесі мен баласы, анасы мен ұлы бар екені хабарланған болатын.