Каспий жағалауында 112 итбалықтың өлексесі табылды
Форт-Шевченко және Баутино елді мекендері маңындағы теңіз суынан сынама алынды
Маңғыстау облысының экология департаменті мен балық инспекциясы басқармасының мамандары Түпқараған ауданының жағалауынан 112 итбалықтың өлексесін тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ведомствоның мәліметінше, 3 қараша күні тұрғындардан келген хабарламадан кейін зертханалық-талдамалық бақылау бөлімінің мамандары Форт-Шевченко және Баутино елді мекендері маңындағы теңіз суынан сынама алған.
Мониторинг барысында Асан ауылынан Баутино мүйісіне дейінгі жағалау тексеріліп, әртүрлі дәрежеде ыдыраған 112 итбалықтың өлексесі табылған.
Атап айтқанда:
- Асан ауылынан Форт-Шевченко жағажайына дейін – 39 өлексe,
- Форт-Шевченко жағажайынан Баутино мүйісіне дейін – 73 өлексe.
Өлі жануарлар туралы ақпарат 112 қызметіне тіркеліп, хабарландыру алгоритміне сәйкес жіберілді, деп хабарлады өңірдің экология департаменті.