$ 548.79  643.02  6.63
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қылмысты романтизациялау өршіп тұр: Жамбыл облысында оқушылар неліктен бірін бірі өлтіреді

Жастар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мәселесі талқыланды

Қылмысты романтизациялау өршіп тұр: Жамбыл облысында оқушылар неліктен бірін бірі өлтіреді
Фото: istockphoto.com

Жамбыл облысында соңғы апталарда оқушылар арасындағы төбелес, бірін-бірі өлтіру өршіп тұр. Осыған байланысты өңірлік прокуратурада облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің, жергілікті атқарушы, арнайы және құқық қорғау органдары басшыларының қатысуымен үйлестіру кеңесі өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бас прокуратураның мәліметінше, кеңесте маргиналды жастар мен құқықбұзушылыққа бейім тұлғалардың кәмелетке толмағандарға тигізетін ықпалына қарсы іс-қимыл шаралары талқыланды.

Облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров жасөспірімдер арасында «қылмыстық романтиканың» таралуына ерекше назар аударды.

Бұл мәселеге жол бермеу мақсатында прокурорлар «тәуекел тобына» кіретін тұлғаларды анықтап, олармен профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырды.

«Жаңа оқу жылы басталғалы өңірде бірнеше резонансты қылмыстар тіркелді. Бұл полиция мен уәкілетті органдардың алдын алу жұмыстарының формалды әрі жеткіліксіз жүргізіліп отырғанын көрсетті.

Осыған байланысты облыс прокурорының тапсырмасымен арнайы ведомствоаралық мобильді топ құрылып, мектеп оқушылары арасында буллинг пен бопсалаудың жаңа фактілерін анықтады.

Мониторинг нәтижесінде «тәуекел тобындағы мектептер» белгіленіп, олар полиция мен әкімдік қызметкерлерінің күнделікті бақылауына алынды», – делінген хабарламада.

Балалар арасындағы суицид мәселесіде жеке қаралды.

Істерді тергеу әдістерін қайта қарау арқылы суицид себептерін нақты анықтау мүмкін болып, профилактикалық шараларды күшейту және кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тарту үшін нақты қадамдар жасалды.

Талдау, негізгі себептер отбасындағы қиын қатынастар, жасөспірімдік эмоциялар, құмар ойындардан туындайтын қаржылық проблемалар болып табылатынын көрсетті.

«Мұндай санаттағы істерді мұқият тергеу барысында бір мектептің оқушысы жүйелі түрде қорқытып-үркіту мен еңбекке мәжбүрлеу салдарынан өзін-өзі өлтіруге жеткізілген бір жағдай анықталды. Тергеу нәтижесі бойынша үш тұлғаға қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды.

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев превентивті шаралардың жаңартылған тетігін ұсынып, оған аудан және ауылдық округ әкімдерін, білім саласы басшыларын, оқу орындарының директорларын және жергілікті психологиялық қолдау қызметін тікелей тартып, профилактика сапасы үшін жеке жауапкершілікті жүктеуді атап өтті.

Үйлестіру кеңесінің қорытындысы бойынша «халық үніне құлақ асатын мемлекет» саясатын әртүрлі коммуникациялық алаңдар арқылы іске асыру жөнінде ұсыныстар берілді», – деп хабарлады ведомство.

Қабылданған шаралар өңірде заңдылық пен тәртіпті қамтамасыз етуге оң әсерін тигізбек.

Айта кетейік, осыған дейін Шу ауданының Көкқайнар ауылында 10 және 11-сынып оқушылары арасындағы футбол матчы жанжалға ұласып, соңы төбелеспен аяқталды. Жанжал барысында 11-сынып оқушысы 10-сыныптағы қарсыласына кеуде тұсынан соққы жасаған. Зардап шеккен бала есінен танып қалған. Оны үйіне жеткізген соң, ата-анасы дәрігер шақырғанымен, жасөспірім жедел жәрдем келмей жатып көз жұмған.

Арада көп ұзамай мектеп дәретханасында төбелес болып, 9-сынып оқушысы кеуде тұсына тиген соққыдан тіл тартпай кетті.

Серіктес жаңалықтары