Ақтөбе тұрғыны ауласынан құнды жәдігер тауып алды
Ақтөбе қаласының тұрғыны Айдос Ақдәулет өзінің ауласынан ат әбзелдері мен жерлеу рәсімі кезінде қолданылған темір бұйымды тауып алған. Бұл туралы археолог Аслан Мамедов Fаcebook-тегі парақшасында жазды
« Бұл құнды жәдігер біздің заманымызға дейінгі V-VI ғасырларға жатады. Жәдігерлерге қарап Ақтөбе қаласының Жаман Қарғалы және Жақсы Қарғалы өзендерінің бойында біздің заманымызға дейінгі бірінші мыңжылдықтың орта тұсында көшпенділер мекен еткенін айтуға болады», - деп жазды археолог.
Оның айтуынша, табылған жәдігердің бір бөлігі сақтардың аң стилінде жасалған ат әбзелдері, яғни, жүгені.
«Жәдігерлердің бірі көшпенді халықтың атқа ер салып мінгенін, оған қажетті белдікті ойлап тапқанын дәлелдейді. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстанның батыс аймағында әскери іс дамып, ер тоқым ойлап табылған болуы мүмкін. Тағы бір жәдігер қыштан жасалған. Оны әйелдер көп қолданады. Қазылған жер құрбан шалатын орын болуы, онда салт-жоралғы жасалуы мүмкін», - деп жазды Аслан Мамедов.