Ақтау прокурорының Алматы әуежайында ұсталуына қатысты іс қайта қаралады
Прокуратура Ақтау қаласы сотының шешіміне шағым түсірді

Алматы қаласының Авиациялық көлік прокуроры ұсақ бұзақылық фактісі бойынша Ерболат Әбдіровке қатысты істі тоқтату туралы Ақтау қаласының мамандандырылған сотының шешіміне шағым түсірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қазақстан Бас көлік прокуратурасының мәліметінше осы сот актісінің заңдылығы мен апелляциялық шағымның дәлелдері Маңғыстау облыстық сотында белгіленген тәртіпте қаралатын болады.
«Қызметтік тексеру жүргізілуіне байланысты «Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасы заңының 38-бабы 1-бөлігінің 2) тармағына сәйкес Ерболат Әбдіров оның жауаптылығы туралы мәселе түпкілікті шешілгенге дейін қызметінен уақытша шеттетілді», - деп жазылған хабарламада.
9 қыркүйекте Ақтау прокуроры Ерболат Әбдіровтің ұсталғаны хабарланған болатын. Маңғыстау прокуратурасы қызметтік тексеру жүргізді. 12 қыркүйек күні Ақтау қаласының әкімшілік құқық бұзушылық істері жөніндегі соты істі қарап, оның іс-әрекетінен заң бұзушылықты таппады.
27 тамыз күні Алматы әуежайында Әбдіров екі жерлесімен танысқан. Алайда ұшаққа апаратын автобустың ішінде олардың арасында жанжал туындаған. Келесі күні әуежайдың желілік полиция бөлімінің қызметкері Әбдіровке қатысты әкімшілік хаттама толтырған. Алайда сотта жерлестерінің оған ешқандай шағымы жоқ екенін мәлімдеді.
Сот автобустың қоғамдық көлікке жатпайтынын ескеріп, сараптама нәтижелері прокурордың есі дұрыс, өзін-өзі ұстауы қалыпты болғанын растағанын атап өтті.