$ 536.76  630.85  6.45
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Баяу жүріп жатыр, нәтиже әлі жоқ»: Тоқаев су үнемдейтін технологияны енгізу жұмысын сынға алды

Ол кейбір каналдағы судың 50-60 пайызы далаға кетіп жатқанын қозғап өтті

«Баяу жүріп жатыр, нәтиже әлі жоқ»: Тоқаев су үнемдейтін технологияны енгізу жұмысын сынға алды
Фото: istockphoto.com

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында су мәселесіне ерекше тоқталып өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Су мәселесін шешу – әлеуметтік тұрақтылықты сақтап, экономиканы дамытудың кепілі. Бұл – ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін басты фактордың бірі. Біз соңғы екі жылда осы саланың институционалдық негізін қалыптастырдық. Атап айтқанда, Су кодексі қабылданды, арнайы министрлік құрылды. Бұл мекеменің алдында ауқымды міндеттер тұр. Оған үстіртін қарамау керек. Осы іспен жүйелі түрде және жан-жақты айналысу қажет. Осыған орай, кәсіби кадрларды дайындау керек. Су дипломатиясымен айналысатын мамандарды әзірлеу қажет.

Қазір құзырлы органдарда еліміздегі су ресурстарының қолжетімді көлемі туралы нақты мәлімет жоқ. Кейбір каналдағы судың 50-60 пайызы далаға кетіп жатыр. Суды есепке алу технологиясы әбден ескірген. Суды бөліп тарататын орындарда қазіргі заманға сай құрылғылар жоқ. Шын мәнінде су – стратегиялық маңызы бар ресурс. Сусыз өмір жоқ. Сондықтан бұл сала ұлттық цифрлық жаңғыру жұмысындағы басты бағыттың бірі болуы тиіс», – дейді президент.

Мемлекет басшысы су ресурстарының бірыңғай цифрлық платформасын жасау керектігін айрықша атап өтті.

«Платформада жасанды интеллект негізінде жерүсті және жерасты сулары туралы мәлімет жинақталады. Жоба іске қосылғанда гидрогеология мониторингі, яғни бақылау жұмысына қатысты мәселе толық шешімін табады. Осы жұмыс ұлттық су теңгерімін баланс қалыптастыру ісімен қатар жүргізілуі тиіс. Бұл – ұзақ мерзімге арналған су саясатын жоспарлаудың аса маңызды тәсілі. Онсыз бұл салаға тиісті бақылау орнатып, инвестиция тарту мүмкін емес.

Су үнемдейтін технологияны енгізу жұмысы баяу жүріп жатыр. Нақты нәтиже әлі жоқ. Бұл жұмысқа белгілі шетелдік компанияларды тартқан жөн. Сондай-ақ Қытайда жасалған әлемдегі ең озық технологияларды сатып алуға болады.

Су тапшылығына байланысты қиындық болуы мүмкін екені алдын ала ескертіліп жатады. Соған қарамастан дихандар суды көп қажет ететін дақыл егуді азайтар емес. Тіпті, егін суаруға қажетті суды еш рұқсатсыз, шартсыз бұрып алатын жайттар жиі кездеседі.

Тағы бір келеңсіз жағдай, қара нарықтағы суды сату, я сатып алу. Құқық қорғау мекемелері бұл мәселемен айналысуы қажет», – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Серіктес жаңалықтары