Петропавлда бүтін бір шағын ауданның тұрғындары көшірілетін болды
Есіл өзенінің бойындағы елді мекен екі рет су астында қалды

Петропавл қаласының Заречный кенті Есіл өзенінің маңында орналасқан. Бұл елді мекен 2017 және 2024 жылдары су тасқынына ұшырап, екі рет тасқын судың ортасында қалды. Қауіпсіздік мақсатында жергілікті тұрғындарды көшіру жоспарланып отыр. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі «Еуразия» бірінші арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Жартысы қираған үйлер, апатты жағдайдағы баспаналар
2024 жылғы көктемгі тасқын кезінде 440 тұрғын үйдің жартысына жуығы қирады. Қазіргі таңда Заречныйда шамамен 500 адам тұрады: бір бөлігі – пәтерлерде, қалғаны – жеке тұрғын үйлерде.
Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, «Жас Өркен» және «Орталық» шағынаудандарында тұрғындарға арналған жаңа көпқабатты үйлер бой көтеріп жатыр.
Апатты үйлер сүрілді, нарықтық баға бойынша бағалау жүргізіледі
Қала әкімі баспасөз қызметінің өкілі Әсем Айтұлова мәлімдегендей, қазір Заречныйда қалған үйлерді бағалау үшін құжаттар дайындалуда, бағалау нарықтық құн бойынша жүргізіледі, 2024 жылы бұл елді мекенде 189 үй апатты деп танылып, сүрілген.
Тұрғындар жаңа үйлерге екі кезеңмен көшіріледі
Бірінші топтағы тұрғындар 2025 жылдың соңына дейін жаңа пәтерлерге қоныстанады. Қалғандары келесі көктемге дейін баспанамен қамтамасыз етіледі.