Енді фермерлер мемлекет қаражатын тиімді жұмсағанын дәлелдейді
Бұл субсидиялардың тиімділігін арттыруға көмектеседі

Қазақстанда агросубсидия алушыларға қарсы міндеттемелер заңнамалық деңгейде бекітілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Жоғары аудиторлық палатаға сілтеме жасап.
Аудит нені анықтады
Өткен жылдың желтоқсан айында Жоғары аудиторлық палата ауыл шаруашылығын субсидиялауға бөлінген бюджет қаражатының пайдаланылу тиімділігіне жүргізілген аудитті аяқтады.
Аудит қорытындысы бойынша үкіметке заңнамаға өзгерістер енгізіп, субсидия алушылардың «қарсы міндеттемесі» ұғымын ресми түрде бекіту ұсынылды. Бұл – олардың жауапкершілігі мен агросектордағы мемлекеттік қолдаудың ашықтығын арттырудағы маңызды қадам.
Заңнамаға өзгеріс енгізілді
Нәтижесінде 2025 жылғы 12 маусымдағы «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне аквашаруашылық, агроөнеркәсіптік кешен, электр энергетикасы және жекелеген орталық мемлекеттік органдардың функцияларын қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заңымен қажетті түзетулер қабылданды.
«Енді фермерлер мен ауылшаруашылығы компаниялары оларға салынған мемлекет қаражатының тиімділігін дәлелдеуге міндетті болады», - деп жазылған хабарламада.
Мысалы, өндірісті ұлғайту, жұмыс орындарын құру немесе өнімділікті арттыру арқылы жұмысты көрсету керек. Нәтижесінде бұл субсидиялардың мақсатқа сай пайдаланылуын бақылауды күшейтуге және олардың тиімділігін арттыруға көмектеседі.
Жоғары аудиторлық палатаның мемлекеттік аудит қорытындылары бойынша берілген басқа да тапсырмалары мен ұсынымдарын орындау бойынша жұмыс жалғасып жатыр.