«Қара дақ пайда болды»: Каспий теңізіне тағы да мұнай төгілді ме
Эколог жағдайды түсіндірді

Маңғыстау облысы бойынша экология департаментінің басшысы Армат Жүсіпқалиев Каспий теңізінде спутник арқылы тіркелген дақтардың қалай пайда болғанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Бұл дақтар – мұнай қалдықтары емес», – деді департамент басшысы.
Кеме суларының заңсыз төгілуі – өзекті мәселе
Lada.kz басылымының мәліметіне сүйенсек, Армат Жүсіпқалиев Каспий теңізіне кемелерден ағынды сулардың заңсыз төгілуі өңір үшін күрделі мәселе болып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, қолданыстағы тыйымдар мен регламенттерге қарамастан, кейбір кемелер экологиялық талаптарды бұза отырып теңізді ластап келеді.
«Кеме иелері суды ашық теңізге төгеді», – дейді ол.

Фото: savethecaspiansea.com
Спутниктік бақылау не көрсетіп отыр?
Экологтың айтуынша, спутниктік мониторинг жүйесі арқылы балласт және палуба суларының төгілуі туралы сигналдар жиі тіркеледі. Бұл сулар – кеменің палубасы мен техникалық бөлмелерін жуу кезінде пайда болатын қалдықтар.
Халықаралық талаптарға сәйкес, мұндай сулар арнайы порттағы жабдықталған орындарда ғана төгілуі тиіс. Бірақ іс жүзінде кейбір кеме иелері бұл ережелерді елемей, қалдықты теңізге төге салады.
Порттар – жабық аймақ, тексеру қиын
Бұған қоса, экология департаменті порт маңында да дақтардың тіркелгенін айтқанымен, тексеріс жүргізу мүмкін болмаған. Себебі порт әкімшілігі аумақтың жабық екенін алға тартып, экологтарға кіруге рұқсат бермеген.
«Мұндай жағдайлар спутникпен көрінгенімен, кінәліні анықтау оңай емес», – деп түсіндірді Армат Жүсіпқалиев.
Экологтардың қолы байлаулы
Кемелердің қозғалысын бақылау қажет. Осы арқылы ластанған аумақта қай кеменің болғанын анықтауға болады. Алайда тәртіп бұзғандарды жазалау – бұл экология департаментінің емес, теңіз әкімшілігі мен бақылаушы органдардың құзырындағы іс.
«Біз тек сұраныс жібере аламыз. Ал порт – кедендік аймақ, кіру шектелген», – деп қосты департамент басшысы.
Айта кетейік, экологтар Каспий теңізінде апта сайын мұнай қалдықтары табылатынын айтып, дабыл қаққан болатын.