Каспий теңізінде апта сайын мұнай қалдықтары табылады – экологтар
Экологтар теңіздің жойылып кетуі мүмкін екенін айтып, дабыл қақты

Каспий теңізінде мұнаймен ластану жағдайы күрт көбейді. Save the Caspian Sea атты жаһандық экологиялық қозғалыстың мәліметінше, 2024 жылғы мамыр айының басынан бері Sentinel-1A және Sentinel-1C спутниктері әр апта сайын теңіз бетінде жаңа мұнай дақтарын тіркеп келеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
23 маусымға дейін 40 мұнай дағы анықталды
Спутниктік бақылау нәтижесінде теңіздің Қазақстан, Ресей, Әзербайжан және Түрікменстан секторларында жалпы ауданы 64 шаршы шақырымнан асатын 40 мұнай дағы тіркелген. Алайда осыған дейін болған ластану оқиғаларына қатысты ешбір уәкілетті орган тарапынан ресми реакция жоқ, дейді белсенділер.
Қазақстандық секторда – кемінде 7 оқиға
2024 жылғы мамыр-маусым аралығында Қазақстан аумағына тиесілі теңіз секторында кемінде 7 мұнай дағы анықталған, олардың жалпы көлемі 18 шаршы шақырымды құрады.
«Көлемі кіші дақтардың өзі жинақтала келе экожүйеге орасан зиян келтіреді: газ алмасу бұзылады, балықтар, теңіз құстары мен планктон зардап шегеді», – деп мәлімдейді Save the Caspian Sea.
Ресей секторында – 25 дақ
-
Ресейлік секторда – 25 мұнай дағы, жалпы аумағы шамамен 14 км².
- Әзербайжан секторында – 5 мұнай ластануы, жиынтық көлемі 28,8 км².
- Түрікменстан аумағында – 2 мұнай дағы, жалпы ауданы 4,1 км².
Спутниктік бақылау – экожүйені құтқарудың кілті
«Каспий теңізіне ғарыштан жүргізілетін тұрақты мониторинг экологиялық төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге ғана емес, сонымен қатар техногендік қысымды ұзақ мерзімді бақылауға мүмкіндік береді», - дейді жоба координаторы Андрей Балагуров.
Арал тағдыры қайталануы мүмкін
Сарапшылардың ескертуі бойынша, егер бұл тенденция жалғаса берсе, Каспий теңізі де Арал теңізінің қайғылы тағдырын қайталауы мүмкін. Экологтар халықаралық деңгейде шұғыл шара қабылдауды талап етіп отыр.
Айта кетейік, осыған дейін Каспий теңізі жыл өткен сайын тартылып бара жатқаны туралы видео жарияланған болатын.