Астанада вандалдар LRT вагондарын бояп, сыртын бүлдіріп кетті
Астанада LRT вагондарына граффити салып кеткендер іздестіріліп жатыр

Назарбаев әуежайы станциясында тұрған LRT вагондарының сыртына белгісіз біреулер граффити салып кеткен. Бұл оқиға әлеуметтік желіде жарияланған суреттер арқылы белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қалалық транспорт компаниясы оқиғаны растады
Жолаушылар тасымалымен айналысатын City Transportation System компаниясы вандализм фактісін растады.
«Вагондардың сыртына рұқсатсыз граффити салынғаны тіркелді. Бұл туралы ақпарат құқық қорғау органдарына берілді. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды», – деп хабарлады компания өкілдері.
Қорғаныс қабаты бояудың сіңіп кетуіне жол бермеген
Компания мәліметінше, вагондардың сырты арнайы қорғаныс қабатымен жабылған, бұл қабат бояудың негізгі бояу-жабын қабатына сіңуіне жол бермейді.
Қазір граффитиді вагондардың бетінен өшіру жұмысы жүріп жатыр.
Жаңа вагондар жуырда ғана жеткізілген еді
Еске салайық, 9 маусым күні Астанаға Қытайдан LRT жеңіл рельсті көлігінің алғашқы екі құрамы жеткізілген болатын.
11 маусымда оның бірі «Әуежай» станциясына, ал екіншісі 12 маусымда «Абу Даби Плаза» станциясына орнатылған.