Павлодар облысында жарты ғасыр бұрын салынған балабақшаға енді жөндеу жүргізіледі
Жөндеу жұмысына облыстық бюджеттен 259 миллион теңге бөлінген

Павлодар облысының Песчаное ауылында жарты ғасырға жуық уақыт бұрын салынған балабақшаға енді жөндеу жүргізіледі. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Павлодар облысының әкімі «Балдырған» сәбилер бақшасындағы жөндеу жұмысының барысымен танысты. Жөндеу жұмысына облыстық бюджеттен 259 миллион теңге бөлінген. Жобаны 2025 жылғы 10 тамызға дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Шатыр мен жылу жүйесі жаңартылып жатыр
Тереңкөл ауданы білім бөлімінің басшысы Жайнат Билялованың айтуынша, бүгінгі күні шатырды жөндеу 40%-ға аяқталған. Ішкі бөлшектеу жұмысы толығымен бітті. Жылу беру жүйесіне қажетті материалдар толық жеткізіліп, монтаждау басталған. Жөндеу жаңа технологиялармен және сапалы материалдармен жүзеге асырылуда.
Мердігер ұйым жұмысты мерзімінен бұрын аяқтауға ниетті
«СтройКОм-ПВ» ЖШС мердігерлік ұйымының 25 жұмысшысы құрылыс нысанында еңбек етуде. Бастапқыда жөндеу жұмыстарының мерзімі 25 қазан болып белгіленсе де тамыздың алғашқы онкүндігінде аяқтау көзделіп отыр.
Балабақша жайлы деректер:
- «Балдырған» сәбилер бақшасы 1976 жылы салынған;
- 2005 жылы қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілген;
- Қазіргі таңда мұнда 80 бала тәрбиеленуде;
- Балабақшада 6 жатын бөлме, музыка және дене шынықтыру залы,
әдістемелік, логопед, қазақ тілі, психолог кабинеттері мен медициналық блок бар; - Мекемеде 11 педагог қызмет атқарады.